Сирек кездесетін кітаптар музейі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің 2010 жылғы 1-маусымдағы №35-ПР Бұйрығымен, «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жарғысына сәйкес, музей жәдігерлері мен жиынтықтарын сақтау, зерттеу және көпшілікке ұсыну, ғылыми, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау мақсатында құрылған.

Музейдің негізгі міндеті – кітап күйіндегі жазба жәдігерлердің даму тарихын (алғашқы қолжазба ескерткіштерінен бастап қазіргі заманауи полиграфиялық үлгідегі нұсқаларына дейін) баяндау.

Музейдің кітап қоры Орталық ғылыми кітапхана, танымал қоғам қайраткерлері мен ғалымдардың сыйға тартқан жүздеген аса құнды кітаптары мен көне қолжазбалардың негізінде құрылды.

Бүгінде музей қорында жинақталған 500-ден астам сирек кітаптар және қолжазбалардың жалпы хронологиялық шеңбері ХVІІІ ғ. бастап ХХ ғ. 40-шы жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. Олардың қатарынан тарихи-мәдени, һәм ғылыми маңызы жоғары отандық және шетелдік қолжазбалар мен араб, латын, көне кириллица әріптерінде басылған баспа кітаптарын көруге болады.

Музейдің тұрақты экспозициясы төрт негізгі бөлімнен тұрады:

«Қазақ даласының ежелгі жазба мұрасы»;

«Қолжазба – ғасырлар мұрасы»;

«Отандық алғашқы баспа өнімдері»;

«Латын графикасындағы Қазақстандық басылымдар».

Музейдің «Қазақ даласының ежелгі жазба мұрасы» атты экспозициялық бөлімінде (әрі қарай – экспозиция) ерте заманнан бастау алған көне түркілердің жазба мәдениеті баяндалады.

«Қолжазба – ғасырлар мұрасы» экспозициясында ортағасырлық қолжазбалар, адамзат өркениетіне өшпес із қалдырған Орта Азиялық ғұламалардың діни, тарихи, әдеби шығармалары қойылды. Бұл жауһарлар арасынан Қожа Хафиз диуандарының қолжазбасын, Қожа Ахмет Йассауи және Шах Машраб хикметтері, «Ибрахим Адхам», «Ер Хубби» дастандары қамтылған диуандар мен хикметтер жинағы, «Мухтасар ал-Уиқайа» трактаты, «Канз әш-Шәриф» тәпсір кітабының қолжазбаларын, атақты түркі ақыны Әлішер Науаидың «Хамса» және «Рисала кәбрия», «Үтір-нама», «Мисбах әл-Ануар» атты литографиялық кітаптарын және тағы басқа көптеген ғылыми-мәдени құндылығы жоғары мұраларды атап өтуге болады.

«Отандық алғашқы баспа өнімдері» экспозициясында Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан ұлы ағартушы ғалымдардың еңбектерінің алғашқы басылымдары, қисса-дастандар, оқулықтар, әдеби-шығармалар көрсетілген. Атап айтсақ, қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы Ы. Алтынсариннің 1896 жылы Санкт-Петербургте басылып шығарылған «Хрестоматия жинағы» («Мактубат»), А. Байтұрсынұлының 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы. Қазақша әліппе», М. Жұмабаевтың 1923 жылы Ташкентте басылған «Бастауыш мектепте ана тілі», Б. Майлиннің 1926 жылы Ташкентте шыққан «Күлпаш» романы ұсынылды.

«Латын графикасындағы Қазақстандық басылымдар» экспозициясында қоғамдық-тарихи маңызы зор XX ғасырдың 20-40 жж. аралығындағы латын графикасында жарық көрген баспа өнімдері ұсынылған.

Сирек кездесетін кітаптар музейінде тұрақты экспозициядан басқа атаулы күндер мен оқиғаларға орай кітап көрмелері ұйымдастырылып, орта және арнайы мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарының студенттеріне арнайы тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, әр түрлі дәрістер жүргізіліп тұрады. Мысал ретінде ғұлама-ғалым, әлемге әйгілі ойшыл, философ, көптеген ғылым салаларында өз ізін қалдырған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ислам каллиграфиясының философиясы», Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез…», «Алматы: тарихы және бүгіні», «Әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ҚМҚК «Алматы қаласының музейлер бірлестігі» Алматы музейімен бірлесе ұйымдастырған «Ғасырлардың ғұламасы», ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы қорынан алынған жәдігерлерден тұратын «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры», Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туылғанына 185 жыл толуына орай, Орталық ғылыми кітапханамен бірлесе «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы» атты экспозициялық жылжымалы, ауыспалы кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Музей көрме жұмысымен қатар, жинақтау және ғылыми-зерттеу ісімен де белсене шұғылданып келеді.

Болашақта музей көнеден бастау алған отандық жазба мәдениетті насихаттайтын ірі мәдени және ғылыми орталыққа айналуды көздейді және осы мақсатта ғылыми-ағарту, мәдени-қоғамдық іс-шараларды тынбай жүргізуге ниетті.

 

Сирек кездесетін кітаптар музейі  РГП «Ғылым ордасы»

 

1 Абдраханов Дінмұхамед Муратұлы Музей меңгерушісі 300-32-25 rbmuseum.sh@gmail.com 4 пав,       1 қабат, 126 каб.