2018 жылдың 26 қарашасында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің М.О. Әуезоватындағы Әдебиет және өнер институты мен «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, елімізде қазақ авторларының шығармаларын талдау арқылы, халық арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау мақсатында, қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Баққожа Мұқайдың 70 жылдығына арналған «Баққожа Мұқай шығармашылығындағы ұлт болмысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

 

Баяндама барысында, көпшілікке кеңінен танымал қаламгер, дарынды драматург, қарымды публицист Баққожа Мұқайдың шығармалары еліміздің жетекші әдебиетші ғалымдары тарапынан талданды. Су жаңа қос томдық щығармалар жинағының тұсауы кесілді.

Шара аясында жазушының қаламгердостары, әріптестері, еліміздің белгілі жазушылары мен журналистері қатысып, оның өмір жолы мен шығармашылығы туралы естеліктер айтты.

Конференцияның ашылуы кезінде профессор, ҚР ҰҒА академигі Уалихан Қалижанов алғысөз сөйлеп, жазушының еңбектеріне тоқталып өтіп:

«Бүгінгі жиында Баққожа Мұқайдың жазушылық шеберлігі, оның көркемсөздері, әдебиетте алатын орны туралы баяндамалар болады.