2019 жылы 13 маусымда «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының мәжіліс залында «Түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды зерттеу (қолжазбаларды басып шығару, каталогтау және цифрлау)» халықаралық симпозиумының ашылуы өтті.

Аталған іс-шараның ұйымдастырушылары – А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университеті, Ахи Эвран университетінің түрік тілі бөлімі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы «әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, сондай-ақ ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК.

Іс-шараның негізгі мақсаты – түркі тілдеріндегі тарихи қолжазбаларды, сондай-ақ тарихи мәтіндерді зерттеу барысында туындайтын мәселелерді зерделеу. Ғалымдар отандық және шетелдік түркітанушылардың тарихи мәтіндері мен қолжазбаларын сақтау және каталогтар жасау, сандық жүйеге келтіруге қатысты мәселелерді талқылады.

Пленарлық отырыс аясында «Араб тілінде жазылған тарихи мәтіндерді қалай оқу керек», «Ежелгі мәтіндік оқулар және Доноин-Шире түсіндірмелері», «Құрбанғали Халиди: «Таурих-и хамса-и шарқи», «Ресей империясындағы татарлардың жазбаша мұрасы: мәтіндеу, каталогтау және цифрлау бойынша кейбір ойлар» атты баяндамалар тыңдалды.

Симпозиумға Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Рыза Каан Йылмаз, Кырыккале университетінің докторы, профессор Б.А. Гокдаг, Гази университетінің докторы, профессор А.Б. Ержиласун, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторы, профессор К.Сартқожаұлы және Т.Жұртбай, «Ғылым Ордасы» РМК бас директордың ғылыми-инновациялар және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Б.Сейдін, «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінің меңгерушісі Г.М.Абикова, АҚШ Мэдисон штатындағы Висконсин университетінің докторы, профессор Ю.Шамитоглу және басқа ғалымдар қатысты.

Симпозиумға қатысушылар мен қонақтар үшін «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы түркі тілдеріндегі сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар көрмесін ұйымдастырды.