Көп адам дүниеге бой алдырған

          Бой алдырып, аяғын көп шалдырған

          Өлді деуге сыяма айтыңдаршы

        Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?.. Иә, расында да артынан өлмейтұғын мұра қалдырған ұлы ақынның, қазақтың қайталанбас дара тұлғасы, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Дара ақын 1845 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүние есігін ашты. Орта жүздің Арғын тайпасының Тобықты руынан шыққан. Осындай текті ортадан шыққан Құнанбай мен Ұлжаннан туған төрт ұлдың бірі Абай ерте кезінен-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Жастайынан білімге құштар болып, көкірегі ояу болды. Семейдегі Ахмет Риза медресесінде білім алып, кейін әкесі Құнанбайдың ықпалымен ел ісіне де ерте араласады. Дүйім жұртты өзіне қарата білген бозбала Қоңыр Көкше еліне болыс болып сайланған.

Ақынның бойындағы өлең шығару қабілеті бала кезінен-ақ дарыған. Шамамен он-он екі жасынан бастап өлең шығара бастаған. Алайда, бұл кезеңде елімізде жазу-сызу өнері нашар дамығандықтан, оның алғашқы өлеңдері бізге толық жеткен жоқ. Өлеңдерінің бірқатары ұмытылса, бірқатары жоғалып кеткен. Ал кейбіреуінің аттары ғана белгілі.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты, әрі әлеуметтік аясы кең. Сондықтан одан ғибрат аларлық нәрсе көп. Өлеңдері халықты өнер, білім, ғылым үйренуге шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді.

Абай қазақ жастарын ерінбей еңбек етуге шақырды. Адам бойында кездесетін жаманшылық мінездерді – жалқаулықты, еңбексіздікті, көрсеқызарлықты, алауыздықты, надандықты әшкереледі. Бұл тақырыпта жазылған өлеңдері бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған. Ол нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қоймай, сонымен қатар мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді.

Ол Шығыс, Батыс және Ресей ғұламаларының ойларымен, мәдениетімен өте жақсы таныс болған. Әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы, оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Абай қазақ халқын қараңғылықтан құтқаратын нағыз жолды – орыс және қазақ мәдениетінің жақындасуында деп білді. 1886 жылдан бастап ол Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармаларын қазақ тіліне аударды. Оның аудармашылық жұмысының қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін маңызы зор болды. Абайдың шығармалары қазақ әдебиетін, мәдениетін ғасырлық оқшауланудан шығарып, оны жоғары сатыға көтерді.

Абайды сегіз қырлы бір сырлы десек қателеспейміз. Оны тек ақын, жазушы ғана емес, музыкант деуге де негіз бар. Себебі, ол «Сегіз аяқ», «Алтыаяқ» секілді т.б. бірқатар өлеңдеріне мелодиялар шығарған. Абай – қазақтың халық музыкасын терең біліп, жете бағалаған тұлға.

А.Құнанбайұлының тағы бір қыры – философиямен айналысуы. Ежелгі дәуір философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің мұраларымен де жақсы таныс болды. Батыс Еуропа философиясын, нақтырақ айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды. Абайдың философиясы – терең мағыналы, тұңғиық іспетті.

Абайдың көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және діни көзқарастары көрініс тапқан атақты туындысы – оның қара сөздері. А.Құнанбайұлының қара сөздері (Ғақлия) – дана ақынның сөз өнеріндегі көркемдік құдіретін, философиядағы даналық көзқарастарын білдіретін шығармасы. 45 қара сөзден тұратын еңбегінің мазмұны әр алуан. Бір ғана тақырыппен шектеліп қалмай, ақынның жан-жақтылығын көрсетеді. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Дана тұлға Абай қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы болып саналады. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз бай­ла­нысты. Абай шығар­машылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға, рухани жетілуге итермелейді.

Абайдың шығармаларының, қара сөздерінің мазмұны бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселелерден хабардар етеді. Ғылым мен білімді жетілдірумен қатар, рухани жетілудің де аса қажет екендігін көрсетеді. Абай тек өзінің өмір сүрген дәуірінің мәселелерін қарастырып қана қоймай, болашақта қазақ жастарының алдынан шығатын мәселелерді де шығармаларына арқау ете білді.

Қазіргі кезде Абай шығармалары көптеген тілдерге аударылып, әлем жұртшылығының назарына ұсынылып жүр. Бірақ бұл онымен тоқтап қалмауы тиіс. Себебі, Абайды жалғыз қазақ халқының ұлы емес, барша адамзаттың ардағы деп айта аламыз.

Абай отандық тарихымыз бен әдебиетімізде аса көрнекті орынға ие. Ал оның есімі әлем халықтары әдебиетінде Шекспир, Пушкин, Гётелермен қатар тұрады. Республикамызда ұлы ақынның есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге, Алматы Ұлттық университетіне, Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына берілген. Ағартушының құрметіне Қазақстан мен Ресейде де ескерткіштер орнатылған. Дара ақын Абайды ұлықтау – біздің міндетіміз деп білеміз.

 

                            Қазақстан ғылымының тарихы  музейінің меңгерушісі   Дүйсембаева Назира