2020 жылдың 28 ақпанында Алматы қаласы ҚР БМҒ ҒК «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны,  ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай кітапхана жастары «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты поэзиялық кеш өткізді. Кешке кітапхана ұжымы және университет студенттері қатысты.
Алғысөзін Орталық ғылыми кітапхана меңгерушісі Қарлығаш Ескендірқызы бастап, кітапхана қоры туралы мәлімет беріп, жастарға тілегін білдірді. Абай Құнанбайұлының қорда сақталған еңбектері және өлеңдерінің шығу тарихы
жайында деректі фильм көрсетілді. Одан соң, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің ғылыми қызметкері Елесбай Нұржұма Абайдың «Домбыраға қол соқпа» әнін орындап, осы кешке арнайы «Арнауын» арнап келген айтыскер
ақын қызымыз Саягүл Бірлесбек жырдан шашу шашты және Қазақ қатынас жолдары университетінің студенттері Кенесарина Жұлдыз, Ахан Мадина, Садуақас Бақдаулет Абайдың өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Сонымен қатар, студенттерге, жастарға Абай туралы қызықты да қажетті
мәліметтеді насихаттау мақсатында келген қонақтармен, көрермендермен «Кім тапқыр?..» атты викториналық сұрақтардан құралған ойын  ұйымдастырылып, сыйлықтар берілді.

Абай халықтың үлкені мен мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен  баласына өмірлік қажет еңбек пен адамгершілік, өнер мен  білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты дүниелердің асыл
үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның  ағартушылық тұрғыдағы философиялық, педагогикалық тұжырымдары  негізінен жастарды жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз «Толыққан адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған деп ойлаймыз. Ақын көп
еңбектерінде жастар тәрбиесінің сан қырына, оның өзекті салаларына баса назар аударды, жас ұрпаққа үміт артты, олардың жүрек сезімін оятып, өзінің көкейтесті мақсат-мұраттарына жұмылдыруға ұмтылды. Жер жерде өткізіліп жатқан іс-шаралар осы ақын арманның орындалғаны деп білеміз. Бүгінгі өткізілген іс-шара әрбір көрермен көкейіне титтей болса да рухани азық болары сөзсіз. Ел болып, қазақ болып осындай ұлы мерекелерімізді тойлай  беруді жазсын.

Сымбат Игілікқызы
Орталық ғылыми кітапханасы
Ғылыми-библиография бөлімінің бастығы,
ҚазҰУ-дың 3 курс PhD докторанты