«Ғылым ордасы» РМК

Қазақстан ғылымының

тарихы музейінің меңгерушісі

Дүйсембаева Назира Бәкірқызы

Қазіргі таңда сандық технологияның дамыған шағында өзіңнен кері қарап бұрылып көз жүгіртсек, осыдан 20-30 жыл бұрын есептеу техникасының қарапайым болғанына куә болдық. Осы күнгі озық технологияның дамуына ендігі жерде көз ілестіру мүмкін емес. Елімізде ғылымның осы бір саласының дамуына өз үлесін қосқан ғалымдардың бірі Константинт Петрович Персидский (1903-1970). Биыл математик ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер К.Персидскийдің туғанына 115 жыл толғалы отыр.

Персидский Константин Петрович 1903 жылы 23 қазанда Симбирск губерниясының Сызрань уезінде дүниеге келген. 1922 жылы Самара университетінің педагогика факультетіне оқуға түсіп, бір жылдан кейін В.И.Ленин атындағы Қазан мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне ауысады. Оны 1927 жылы бітіріп шығады. Ол өзінің математикаға деген ерекше қаблетінің арқасында осы университеттің аспирантурасына түседі. Аспирантураны бітірісімен Қазан университетінің доценті, 1934 жылдан профессор болып жұмыс істейді. 1939-1940 жылдар аралығында осы университетте жаңадан ашылған дифференциялық теңдеулер кафедрасының меңгерушісі және физика-математика факультетінің деканы қызметтерін атқарады.

Константин Петровичтің ғылым мен білім саласындағы ерекше еңбегін бағалаған КСРО ХКК (СНК) жанындағы Жоғарғы мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық комитетінің 1940 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде математика кадрларын даярлау ісіне жұмысқа жіберу туралы ұсынысын жасайды. Оны Персидский қабыл алып, 1940 жылдың тамыз айында Алматыға көшіп келгеннен кейін өз білімі мен күш-жігерін Қазақстанда математика ғылым-білімінің өркендеуі үшін толассыз еңбек етеді. Персидский 1940–1968 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік университетінде алдымен математикалық анализ, сосын 1946 жылы қайта құрылған дифференциалдық теңдеулер кафедраларын басқарды. Сонымен қатар К.П.Персидский Қазақ КСР Ғылым академиясында да еңбек етеді. Онда Константин Петрович 1945 пен 1951 жылдар аралығында Математика және механика секторын басқарды. 1946 жылы Мәскеуде физика-математика ғылыми дәрежесін алу үшін «Дифференциалдық теңдеулер шешімдерінің орнықтылық теориясы» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. Ал 1951 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланады

Соғыс жылдарынан кейін елімізде халықтың жағдайын жақсарту мақсатында барлық ғылым салаларын отанымыздың халық шаруашылығы мен мәдениетіне жұмылдырылды. Осыны түсінген академик Персидский математика ғылымдары саласын әрі қарай дамыту үшін және оған ғылыми кадрлар дайындау үшін өзі басқарған Математика және механика секторының негізінде институт ашу жайлы Ғылым академиясының президиумына ұсыныс жасайды. Сөйтіп 1965 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Математика және механика институты ашылды. 1966 жылы қаңтар айында оның алғашқы директоры болып тағайындалып, содан кейін толығымен Ғылым академиясына жұмысқа ауысады. Ғалымның басқаруымен құрылған институт тез дами бастады. Онда оншақты зертханалар ашылды. Соның бірі функционалдық кеңістіктердегі дифференциалдық теңдеулер зертханасы, оны Персидский өмірінің соңына дейін өзі басқарды.

К.П.Персидскийдің ғылыми еңбектері математиканың түрлі саласымен байланыста болды. Олар: ықтималдық теориясы, қозғалыстың тұрақты теориясы, дефференциалдық теңдеулер теориясы, интегралдық теңдеулер, функциялар теориясы т.б.. Математик ғалым Персидский зерттеулерінің едәуір көп бөлігі А.Ляпуновтың жасаған қозғалыстың тұрақтылық теориясы мәселелеріне арналды. Осы салада оның дамуына елеулі әсерін тигізетін әдіс ойлап тапты. Ол алғашқылардың бірі болып орнықтылық туралы Ляпуновтың фундаменталдық теоремаларын айналдыру мәселесін қойды және бұл салада Ляпунов функциясының бар екендігі туралы проблемаға қатысты өте маңызды нәтижелер алды. Константин Петрович өзінің орнықтылық теориясынан жазған алғашқы жұмыстарының бірінде бірқалыпты орнықтылық туралы ұғымын енгізді, сонымен қатар бірінші жуықтау бойынша бірқалыпты орнықтылық критерийін тұжырымдады. Сондай-ақ ол Ляпуновтың бірінші әдісін дамыту жөнінде терең зерттеулер жасады.

Персидский 1943-1944 соғыс жылдарындағы қиын кезде де зерттеулерін тоқтатқан емес. Соның нәтижесінде соғыстан кейінгі жылдары «Дифференциалдық теңдеулер шешімдерінің орнықтылық теориясы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Ғалымның докторлық диссертациясының оппоненттері болып дифференциялық теңдеулер саласының белді өкілдері В.В.Немыцкий, В.В.Степанов, Н.Г.Четаевтар болды. Олар диссертацияға жоғары баға берді. Сонымен қатар К.П.Персидский өлшемі шексіз дифференциялдық теңдеулерді орнықты шешудің жалпы теориясын жасады.

Константин Петрович Қазақстанда математик мамандар дайындау үшін көп еңбек етті. Ол 30-дан астам физика-математика ғалымдарының кандидаттарын дайындады. Олардың бірқатары О.Жәутіков, К.Беделбаев, В.Харасакал, С.Персидский, Ю.Золотарев т.б. докторлық диссертация қорғады.

К.П.Персидский математик ғалымдар даярлау барысында математика пәнінің оқытылуына көп көңіл бөлді. Персидскийдің тікелей қатысуымен жоғарғы курстар үшін математиканы оқытудың жоспарын өңдеді, ал төменгі курстар үшін бағдарламаға өзгертулер енгізді. Персидский Алматы қаласында жоғарғы оқу орындарында математика пәндерін оқытуды ұйымдастыру үшін аянбай еңбек етті. Оның бастамасымен Қазақ мемлекеттік университетінде оқу жоспарына жаңа оқу пәндерін 40-жылдары функционалдық анализ және 50-жылдары есептеу математикасын енгізді. Математикалық ғылыми тақырыптарды талқылау үшін Персидский математиктердің үлкен тобын жұмысқа тартты. Оның елімізде ұйымдастырған дифференциалдық теңдеулер мен қозғалыстың орнықтылығы салаларындағы математикалық мектебі қазіргі кезде Қазақстанда және алыс-жақын шетелдерде өз орнын алып жүр.

К.П.Персидский ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, тамаша педагог бола жүріп, қоғамдық және ұйымдастырушылық жұмыстардан да шет қалған жоқ. Константин Петрович бірқатар бүкілодақтық математикалық съездердің жұмысына белсене араласты. Лобочевский атындағы Халықаралық математиктер конкурсы төралқасының мүшесі болды. Ол неміс, француз тілдерін жетік білді. Сондай-ақ, ғұлама ғалым 1948 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ КСР ҒА Хабаршысының математика-механика сериясының тұрақты редакторы, көп жылдар ҚазМУ-дің механика-математика факультетінде Ғылыми кеңестің төрағасы болды. Персидский еліміздің жоғары оқу орындары мен ірі ғылыми орталықтарының ғалымдары қатысқан республикалық ғылыми конференциялар мен математикалық кеңестердің ұйымдастырушысы болды.

Елімізде математик ғалым К.П.Персидскийдің еңбегін жоғары бағалады.  Ол «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен (1954, 1961), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды (1953, 1963). 1951 жылы Қазақ КСР ҒА академигі болып сайланды. Оған 1944 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген, ғылым қайраткері» атағы берілді.

Константин Петровичтің ғылым саласында және жалпы өмірдегі тұлғалық адами қасиеті кез келген ұрпаққа үлгі-өнеге бола алады.

 

Әдебиеттер

  • Қазақстан ұлттық энциклопедия. Алматы. 2005. 7-том, 343-бет;
  • Константин Петрович Персидский. Алматы, 1984;
  • Институт математикик, 40 лет. Алматы, 2005;
  • Константин петрович Персидский – основатель первой научной математикческой школы в Казахстане (к 100-летию со дня рождения). Алматы, 2003;
  • Султангазин У.М. Константин Петрович Персидский (23.10.1903 – 22.06.1970). URL: http://mathkz.narod.ru/PERSIDE.HTM