«Ғылым ордасында», «Ғылым сардарлары» клубының  кезекті  салтанатты   отырысы,  Қазақстан Республикасының   Ұлттық ғылым академиясының  70-жылдық мерейтойына  және  көрнекті ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик, Қазақстан Республикасының Халықаралық жоғарғы мектеп академиясының академигі, Халықаралық инженерлік академия академигі, Нью-Йорк академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы,  профессор Жұрынов Мұрат Жұрынұлының өмір жолы мен ғылыми шығармашылығына арналды. Іс шараға еліміздің жетекші ғалымдары мен ҚР ҰҒА академиктері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, ЖОО ректорлары мен профессорлары, жас ғалымдар және БАҚ өкілдері  қатысты.

Шараны ашқан «Ғылым ордасы» бас директоры Төлтаев Бауыржан Төлтайұлы жиналған қауымды ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып: « Бүгін,  мерейлі мерекені атап өтер қарсаңында біз  «Ғылым сардарлары» клубының кезекті отырысын қазақ  ғылымның көрнекті қайраткері, академик Мұрат Жұрынұлына арнауды жөн көрдік.  Мұрат Жұрынұлы ғалымдықпен  ғана  шектеліп қалған емес, ол қазақ ғылымының шын     жанашыры, өскелең ұрпаққтың болашағын болжап,  отандық   ғылымның бағыт- бағдарын айқындаушы тұлғалардың бірегейі бола білді» деп атап айтты.

Салтанатты шара барысында, «Ғылым ордасы» РМК ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70-жылдық мерейтойына арналған фотокөрменің тұсау кесер рәсімі өтті.

Көрмеде отандық ғылымның даму кезеңдері бойынша  фотолар ұсынылды: ҰҒА құрылу кезеңінен үзінділер, оның алғашқы мүшелері,  Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті, ғылыми-зерттеу институттарының алғашқы басшылары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері  деген тақырыптарда фотолар қойылған. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70-жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі ұсынылды.  Көрменің мақсаты, қазақ ғалымдарына құрмет көрсету, 70-жыл аралығындағы қазақ ғылымының жетістіктерін дәріптеу, ғылыми жетістіктерді насихаттау және жас ғалымдарды патриоттық сезімге баулу болып табылады.