2018 жылдың 4 шілдесінде “Ғылым ордасы” РМК мекемесінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев Қазақстан Республикасы бала құқықтары жөніндегі уәкілі С.Айтбаевамен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және бала құқығын қорғау саласында жұмыс істейтін мамандармен кездесу өткізді.

Дөңгелек үстел барысында мамандар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы іс-шаралар сөз болып, бала құқығын қорғауға қатысты жұмыстардың тиімді жүйесін қалыптастыру, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету  жайындағы ашық пікірлерін ортаға салды.

Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, өз сөзінде білім беру жүйесіндегі маңызды аспектілердің бірі балалардың құқығын қорғау мәселесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, балалардың денсаулығын, жеке өмірінің қауіпсізді мен құқықтарын қорғау мәселесінде мемлекеттік органдар тарапынан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да үлкен қолдау болу керек екенін тілге тиек етті.

Қазақстан Республикасы бала құқықтары жөніндегі уәкілі С.Айтбаева: «Бала құқығы мәселесі – ел саясатының маңызды бөлігі екені сөзсіз. Балалардың өмірі мен денсаулығына назар аударып отыру біз үшін жауапты міндет» екенін баса айтты. Сонымен қатар, қазіргі кездегі бала құқықтары мен міндеттері бойынша мемлекеттік органдар да, қоғамдық ұымдар да белсенді жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу нәтижесінде, қатысушылар ата-анасынан айырылған балалар мен ата-анасы асыраушылық құқығынан айырылған жеткіншектердің  құқығын қорғау, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алуға қатысты жұмыстар бойынша нақты шешімдер қабылданды.