2018 жылдың 19 ақпанында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Бауыржан Төлтайұлы Төлтаевтың 2017 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері және алда тұрған міндеттер туралы жұртшылық алдында жария есеп беру жиыны өтті.


Есептік кездесу «Ғылым ордасы» РМК кіші конференц-залында ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлері мен басшыларының, ҚР ұлттық ғылым академиясы, Ғылыми кадрларды даярлау орталығы өкілдері мен жалпы ұжым қызметкерлері және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті.
Басқосу кезінде бас директор кәсіпорынның әрбір секторының өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша арнайы дайындалған слайдты көрсету арқылы толыққанды баяндама жасап, алдағы жылы атқарылатын жұмыстардың желісімен таныстырды.
Баяндама барысында басшының ғылымды насихаттау, мұражай ісі, кітапхана қоры, сияқты көптеген сала бойынша нақты атқарған жұмыстары, ғылыми жарияланымдары, жеткен жетістіктері жайында кеңінен айтылды.
Б.Төлтаев өз сөзінде ұжымның ақпараттық байланыс бағытын тілге тек ете келіп, төмендегідей статистика келтірді. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жайлы және ұйымдастырылған іс-шара мен ғылыми еңбектер туралы 243 материал жарияланыпты. Оның ішінде 196-ы мақала еліміздегі электронды форматтағы және түрлі баспасөз беттеріне жол тартқан болса, 47 бейне сюжет отандық телеарналарға және видеохостинг арқылы ғаламторға шыққан.
Мекеменің www.gylymordasy.kz домендік атауымен жасалған ресми сайтының рейтингісі күннен-күнге жоғарылауда. Қазіргі кезде сайтты күніне шамамен күніне 150 адам оқиды.
2017 жылы «Ғылым ордасы» РМК ғылыми-зерттеу институттары және ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып 100-ден аса қоғамдық, ғылыми-танымдық іс-шара болды. Барлық жиын техникалық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жоғары деңгейде өтті.
Өткен жыл «Ғылым ордасы» РМК қарасты мұражайлар тарихында ерекше маңызға ие. Экспозициялық зал көптеген жаңа жәдігерлермен толықты. Сонымен қатар, орталық ғылыми кітапхана үшін де ескі жыл көптеген жаңалықтарға толы болды.
Жемісті жұмыстардың нәтижесінде орталық ғылыми кітапхананың оқырмандары 52 102-ге жеткен. 2017 жылы кітапхана ұжымы ғылыми жұмыс бағытында 38000 оқырманға қызмет көрсетілген. Оның ішінде 46 042 оқырман интернет-ресурстары қызметін пайдаланған.
Жиын соңында, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары мен Кәсіпорынның құрылымдық бөлімдерінің басшылары сөз алып, сұрақ қойып, өз ойларын ортаға салып, мекеме басшысының жүйелі де нәтижелі жұмыстары үшін ұжымдары атынан ізгі лебіздерін білдіріп, алдағы жұмыстарға табыстар тіледі.