Бүгін «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Бауыржан Төлтаевтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері және алда тұрған міндеттер туралы жұртшылық алдында жария есептік кездесуі өтті.
Есептік кездесу «Ғылым ордасы» РМК кіші конференц-залында ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлері мен басшыларының, ҚР Ұлттық ғылым академиясы және Ғылыми кадрларды даярлау орталығы өкілдері және жалпы ұжым қызметкерлерінің қатысуымен өтті.
Басқосу кезінде бас директор кәсіпорынның әрбір секторының өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша арнайы дайындалған слайдты көрсету арқылы толыққанды баяндама жасап, алдағы жылы атқарылатын жұмыстардың желісімен таныстырды.
Баяндама барысында басшының ғылымды насихаттау, мұражай ісі, кітапхана қоры, өндірістік-шаруашылық қызмет сияқты көптеген сала бойынша нақты атқарған жұмыстары, ғылыми жарияланымдары, жеткен жетістіктері жайында кеңінен айтылды.
Б.Төлтаев өз сөзінде ұжымның ақпараттық байланыс бағытын тілге тек ете келіп, төмендегідей статистика келтірді. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жайлы және ұйымдастырылған іс-шара мен ғылыми еңбектер туралы 200-ге жуық материал жарияланған. Мекеменің www.gylymordasy.kz домендік атауымен жасалған ресми сайтының рейтингісі күннен-күнге жоғарылауда. Қазіргі кезде сайтты күніне шамамен күніне 150 адам оқиды. Әлеуметтік желілердегі аккаунттары Кәсіпорынның жаңалықтарымен таныстыру бойынша жүйелі түрде қызмет атқаруда.
2019 жылы «Ғылым ордасы» РМК ғылыми-зерттеу институттары және ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып 100-ден аса қоғамдық, ғылыми-танымдық іс-шара өткізген.
Өткен жыл «Ғылым ордасы» РМК қарасты мұражайларда экспозициялар жаңарып, жаңа жәдігерлермен толығып, асыл металдар бөлмесі ашылған.
Сонымен қатар, Орталық ғылыми кітапхана үшін де өткен жыл көптеген жаңалықтарға толы болған.
Жемісті жұмыстардың нәтижесінде Орталық ғылыми кітапхананың қоры 30 мыңнан астам жаңа басылымдарға толығып, қызмет көрсету 809 887 бірлікке жеткен. 2019 жылы кітапхана ұжымы ғылыми жұмыс бағытында 38000 оқырманға қызмет көрсетілген. 173 085 оқырман интернет-ресурстары қызметін пайдаланған. Отандық ғылыми жетістіктерді насихаттау мақсатында 278 көрме өткізіліп, онда 29996 басылым қойылған. Ғылыми-библиографиялық қызмет бойынша 19 басылым дайындалып, оның 9 жарық көрген, қалғандары баспадан шығуда.
2019 жылы «Ғылым ордасы» РМК қызметкерлері халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Белорусия, Өзбекстан, Италия, ҚХР, Түркия, Жапония сияқты елдерде іс сапарда болған.
Жиын соңында, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен кәсіпорын қызметкерлері сөз алып, атқарылған жұмысқа пікір білдіріп, өз ойларын ортаға салып, жаңа жылдың жоспарларына қатысты ұсыныстарын білдіріп, мекеме басшысы мен ұжым қызметкерлеріне жүйелі де нәтижелі жұмыстары үшін ізгі лебіздерін білдірді.