Ғылым ордасында ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетовтың қатысуымен тарихшы ғалымдардың бас қосуы өтті. Кеңеске жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің басшылары, ғалымдар, тарих факультетінің декандары мен кафедра меңгерушілері, мектеп директорлары мен мұғалімдері, оқулық авторлары қатысты. Жиынды Халықаралық Түркі академиясының президенті, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Мәжілісте тарих ғылымының жүйелі зерттелуі мен өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Ғалымдар отандық тарих ғылымының бүгінгі жағдайына талдау жасау, негізгі проблемаларға тоқталып, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Академик Оразақ Смағұлов қазақ тарихы ғылымындағы антропология саласы бойынша қордаланған мәселелерге тоқталып, кезінде бұл бағытты дамытуға Қ.И. Сәтбаевтың өзі қолдау көрсетіп, бұл бағыттың ғалымның қолдауының арқасында біршама ілгері жылжығанын тілге тиек етті.
Академик М.Қ. Қойгелдиев, бұл салаға мемлекеттің қолдауы жоқ емес. Әсіресе соңғы жылдары көп қолдау көрсетілуде. Бірақ мәселе тарихшылардың өзінде. Біз қаншалықты дұрыс бағыт ұстанып отырмыз? Тақырыптарды қаншалықты зерттеп жатырмыз? Оны оқулыққа қаншалықты енгізе алдық? Тарих білімін іргелендіру деген мәселе бар. Кеңес заманында осы бар болатын. Қазір жоқ. Мысалы, Отан тарихы қандай тұжырымдарға негізделуі керек? Мұны кезінде Еуропаның төрінде Мұстафа Шоқайдың өзі айтқан болатын. Біздің оқулығымызда тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі тарихымыздың бәрі жазылуы керек. Тарихымызда қандай іргелі кезеңдер бар? Соны ажыратып алуымыз қажет. Сондықтан арнайы комиссия құрып, тарихты іргелендіру мәселесін зерттеп, белгілі бір тұжырымдар жасау керек. Әйтпесе қазіргі бағытпен оқытудың қажеті жоқ. Қазақстан тарихы оқулығын алып тастау керек. Барлық хронологиялық нәрселерді оқытудың қажеті бар ма? Қазір кейбір оқу орындары тарихты ағылшын тілінде оқытуда. Біз дұрыс деп басымызды шұлғып отырмыз. Ұят қой. Елдің өз-өзін сыйламағаны ма? Баяғыда орыс тілінде оқыдық. Енді жақында қытай тілінде оқимыз ба? Қазақстанда қазақ тарихы ағылшын тілінде оқытылуы не деген сұмдық? Сонымен қатар, ғалым тарихи емес мамандықтарда тарихтың оқытылуы әсіресе отандық және этникалық тарих саласына көбірек назар аударылуын, комиссия құрып тарихты іргелендіру мәселесін , мықты әлемдік деңгейге көтерілетін журналдардың болуы жөнінде көкейкесті мәселені көтерді.
Жиында бүгінгі білім бағдарламасының сапасы төңірегінде көптеген ой-пікірлер айтылып, барлығының пікірі Қазақстан тарихы бойынша бір базалық оқулық дайындау керек деген тұжырым төңірегінде тоқайласты. Жиынды Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің өзі қорытты.
– Бүгінде археология және этнология бойынша еліміздегі 7 ЖОО, тарих пәні бойынша 43 университет маман дайындауда, – деді А.Аймағамбетов. – Әрине бұл оқу орындарының білім сапасына көңіл толмаушылық бар. Сондықтан әлеуеті жақсы университеттер ғана тарихшы мамандығын дайындау керек деген мәселені тиісті комитет зерттейтін болады. Педагогтер мамандығы бойынша да сондай шешім қабылдадық. Бүгінде 86 университет педагог мамандығын дайындайды. Әрине саны көп, сапасы ше? Тарих пәнінің оқытушысы туралы да осы нәрсені айтуға болады. 25 университетте арнайы кафедра бар. Қазіргі Қазақстан тарихы пәні бойынша 150 сағат бөлінген. Бұл жеткілікті деп ойлаймын. Басты мәселе не үйретіп, не оқытып жатырмыз? Тарих пәнін қазір оқушылар 5-сыныптан бастап оқиды. Ал 10-11 сыныпта сол нәрселерді қайталайды. Одан жоғары оқу орнында тағы оқиды. Сондықтан сол мазмұнды университетте қайталаудың маңызы жоқ деген пікірлер айтылуда. Тарихты оқыту керек, бірақ басқа қырынан оқыту керек. Бұл бағытта 1,5 млрд теңгені құрайтын 76 жобаны қаржыландырып отырмыз. Бағдарламалық қаржыландыру бойынша 2,2 млрд теңге жоспарланған. Сонда тарих саласына 4 млрд-қа жуық қаржы қарастырылған. Яғни, қаржы бар, ендігі мәселе сапада. 76 жобаның ішінде маңыздылары да, әлсіздері де бар. Тарихты оқытуда біз көбінесе фактілерге, даталарға көбірек мән беріп кеткен сияқтымыз. Мұның бәрі тарих ғылымына нұқсан келтіреді. Мектептерде 17 106 мұғалім бар. Осы мұғалімдердің біліктілігін арттыруды қайтадан қарастырудамыз. Дүниежүзілік тарихты оқытуда да бір тұжырымға келуіміз керек. Ал Қазақстан тарихы бойынша бір базалық оқулық дайындау қажет. Мемлекет тапсырыс береді, қажетті авторлық ұжымды жинаймыз, олар 5-11 сынаптарда оқытылатын тарих пәнін дайындауы керек. ҰБТ-да ең көп аппеляция беретіндер осы тарих пәні бойынша. Өйткені бір дерек үш оқулықта үш түрлі жазылған.
Жиын соңында ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов жиынға қатысқан нәзік жандарды алда келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер мерекемен құттықтап, еңбектеріне табыс тілеп, гүл шоқтарын сыйлады.