Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Ғылым Комитеті, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты «Ғылым ордасында» 2018 жылдың 13 қарашасында «Институт ардагерлеріне тағзым» атты ұжымның ардагерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында «Қазақстан тарихы (XVIII-XIX ғғ.)» 8(7) сыныбына арналған оқулығының, сонымен қатар, «Султаны и батыры Среднего жуза (вторая половина XVIII века)» атты құжаттар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынға атақты ғалымдар, қоғам қайраткерлері, еңбектері сіңген ардагерлер, ЖОО-ның оқытушылары, БАҚ өкілдері және магистранттар мен докторанттар қатысты.

Салтанатты жиынды Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д., профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы кіріспе сөзбен ашып, барлық қатысушыларға  институт ардагерлері жайлы сыр шертті. Құттықтау сөзбен кейін  Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері, Институт ардагерлер ұйымының төрағасы, т.ғ.к. Қ. Алдажұманов, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері,. Бөлім меңгерушісі З.Төленова т.б. естелік баяндамалар оқыды. Сонымен қатар, академик М.Ақайқызы мен Е.Нұрмұхамедов әкелері академик Ақай Нүсіпбеков жайлы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, аталған академиктің шәкірттері де ұстазы жайлы естеліктер айтты.

Шара барысында әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің деканы, т.ғ.к. М.Ноғаева «Өнегелі өмір» иесі Төлтай Балақаевқа байланысты шараларға тоқталды.

Шара соңында, «Институт кітапханасына кітап сыйлайық» акциясы бойынша, кітапханаларға және қатысқан барлық қонақтарға тұсауы кесілген кітаптар сыйға берілді.