2020 жылдың 4 наурызында «Ғылым ордасы»РМК Үлкен конференц-залында ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетовтың қатысуымен ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жалпы жиналысының сессиясы болып өтті.
Сессияда ҚР ҰҒА президенті М. Жұрыновтың 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалып, алдағы жылға жоспарлары талқыланды. ҚР ҰҒА мүшелері өткен 2019 жылы елімізде және шет елдерде айтулы беделді сыйлықтарға ие болған. Ғалымдарымыз тарапынан көптеген ғылыми жаңалықтар ашылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
Сонымен қатар, сессия барысында биылғы ұлы тұлғалардың мерейтойларына негізделген ғылыми баяндамалар тыңдалып, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры ф.ғ.д, профессор К.І. Матыжанов өз баяндамасында ұлы Абайдың ұлт болашағы үшін толғанған ұлы ойшыл екені, сондай ақ Абай шығармаларындағы қазіргі қоғамның бет-бейнесін айқындап, келелі мәселелрді ортаға салды. Абайдың елді өнер-білімге ғылымға үндеп отыруы, тіл үйренуге баулып отыруы, әділетті қоғам құру идеясы, «Толық адам» концепсиясы, еліміздің жан-жақты өркендеп, ұлтымыздың озық ойлы, зиялы болуына бағытталған. Абайдың гуманистік ойлары, әлем үшін, адамзат үшін құнды идеялар болып табылатындығы баса айтылды.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, т.ғ.д .профессор З. Е. Қабылдиновтың «Әл Фараби мұрасы және Ұлы Дала құндылықтары» атты баяндамасында ғұлама ғалымның әлемдік бейнесі, ізгілікті ой пікірлері мен бүгінгі таңдағы рөлі жайлы айтылды. Әл Фараби тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының , әлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем философиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адамзаттың рухани дамуына теңдессіз үлес қосқан тұлға деген тұжырым жасалды.
Сондай-ақ, сессия барысында ҚР Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов сөз алып, мемлекет тарапынан отандық ғылымды дамытуға қатысты алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың барысымен таныстырып, оларды іске асыруға қатысты өз ойларын ортаға салды. Былтыр елімізде білім және ғылым саласын 2020-2025 жылдары аралығында дамытуға қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды, осы құжатқа сай ғылымды қаржыландыру жылсайын көбейіп, 2025 жылы еліміздің ЖІӨ 1% жеткізу көзделіп отыр. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға қатысты конкурстар бұрынғыдай 3 жылда бір рет емес, енді жылсайын өтіп тұратын болды. Министр Қ.Аймағамбетов ғылыми басылымдарды қаржыландыру, ғалымдарды қолдауға қатысты жаңалықтарымен бөлісіп, сессияға қатысқан ғалымдардың сұрақтарына жауап берді.