Қазақстан химия ғылымының дамуына бар ғұмырын арнап, аянбай еңбек етіп жүрген химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Мәлікұлы Шайқұтдінов биыл 85 жасқа толды.


Ғалым Еренғайып Мәлікұлы 1933 жылы 10 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы (бұрынғы Преснов) Октябрь ауылында дүниеге келген. Шайқұтдіновтің балалық қиын-қыстау кезеңде өтсе де, қиындыққа мойымай мектепті күміс медальмен бітіреді. 1951 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу Нәзік технологиялар институтына түсіп, оны 1956 жылы тамамдайды.
Еңбек жолын 1956-1958 жылдар аралығында Қарағанды синтетикалық каучук зауытында ауысым бастығы, технолог болып бастайды. Ол 1962 жылы Мәскеуден нәзік технологиялар институтының аспирантурасын бітіріп, 1963 жылдан 1978 жылға дейін Қазақ Ұлттық университетінде аға оқытушы, доцент, жоғары молекулалы қосылыстар химиясы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етеді. 1978-1992 жылдары Қазақ политехникалық институтының проректоры, ғылыми кеңес төрағасының орынбасары болды. Осы жоғарғы оқу орнында 1988-1995 жылдары физикалық және аналитикалық химия кафедрасының профессоры.
Ал Еренғайып Мәлікұлы 1994 жылдан 2001 жылға дейін Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің ректоры, ректор кеңесшісі, мұнай, газ және полимерлерді қайта өңдеудің химиялық технологиясы кафедрасының профессоры болды. 2000-2002 жылдарда Қазақстан-Ресей университетінің ректоры қызметін атқарды.
Ғалым өзінің өмір жолында ұйымдастырушылық-ағартушылық қызметімен қатар ғылымнан еш уақытта қол үзбеді. Оның негізгі ғылыми жұмыстары суда еритін полимерлердің негізіне желімдеуші қосылыстардың қолданылуы және синтез мәселелеріне арналған. Негізінен ғалым, ұлы тұлға Шайқұтдінов 900-ден астам ғылыми еңбектердің, соның ішінде 9 монографияның, 6 оқулықтың, 100-ден астам авторлық куәліктер мен өнертабыстардың авторы. Академик ғылым жолында көптеген шәкірттер тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы тәуелсіз еліміздің әртүрлі салаларында еңбек етуде. Ол ғылым саласында 15 ғылым докторлары мен 40-қа жуық кандидаттарын даярлаған ұлағатты ұстаз.
Ғалым ағамыз Еренғайып Мәлікұлы ғылым жолында тер төгіп еңбек етті. Ғылыми жұмыстарының басым бөлігі суда еритін полимерлердің негізіне желімдеуші қосылыстардың қолданылуы және синтез мәселелеріне арналған. Оның негізгі ғылыми еңбектері радикалды сополимерлерге және мономерлердің реакцияға түсу қабілеттілігін арттыруға арналды. Шайқұтдінов жай винил эфирлерінің басқа мономерлермен сополимерленуінің ерекшеліктерін зерттеп, реакция жылдамдығы мен сополимерлердің құрамын реттеудің және солардың негізінде практикалық маңызы зор, суда еритін, қабық түзгіш қасиеттері бар полимерлер алудың жаңа жолдарын ұсынды. Осындай жағдайда айтып кету керек. Туған жеріне барып, халықпен кездесу үстіндегі бір сөзінде: «Алматыдан… туған жерімізге келіп, көңіліміз көтеріңкі болып жатыр. Менің ғылыми жұмысым сол таспен байланысты…» деп айтады.
Академик Шайқұтдінов еліміздің химия ғылымы саласының қалыптасып, дамуына және оны әлемдік деңгейге көтеруге саналы ғұмырын арнап, соның шыңына шықты. Ғалымның ғылым мен педагогика саласындағы және қоғамдағы еңбегі еленіп, «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», Ыбырай Алтынсарин медальдарымен марапатталды. 1991 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағын алды.
Академик Еренғайып Мәлікұлының өмір жолы адамзат баласы үшін үлкен үлгі боларлық өнеге!

Қазақстан ғылымының тарихы
музейінің меңгерушісі
Н.Дүйсембаева