Шежіреге толы Ұлы Даланың тарихын түгендейтін жаңа олжалар табылды. «Таңбалы тас» шатқалына жасалған кезекті экспедиция  барысында  көне қорымнан Қола дәуіріне тән жәдігерлер табылды. Тарихи аймаққа жасалған соңғы экспедицияның нәтижесімен «Таңбалы» қорық-музейінің ғылыми қызметкері Жансерік Мұқашев әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында бөлісті. «Өткен айда «Таңбалы» қорық музейінің ғылыми қызметкерлері Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің геоархеология бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Тегерес ауылдық округіндегі тарихи мекенге  экспедициялық барлау жұмыстарын өткізген болатын.  Негізгі бағыты қола дәуірі мен Түркі кезеңінің орта ғасырларға дейінгі аралықтағы жерленген қорымдарды іздеу болатын», – дейді Жансерік Мұқашев.

Маманның айтуынша, қазба жұмыстарының барысында ерте темір дәуіріне жататын түсі қоңыр қара темірден соғылған жебе табылған. Ұзындығы жеті сантиметрді құрайды. Сонымен қатар қорымнан ұзындығы жеті, ені үш сантиметр болатын көне тас қайрақ шыққан. Жәдігерлер қазір жіті зерттелуде дейді Жансерік Мұқашев.  «Жеті тас жәшігін ашқан болатынбыз. Қола моншақтар, керамика, мәйітпен бірге жерленген заттар шықты. Олар қазір зерттеліп жатыр. Бұл жәдігерлер қола дәуіріне тиесілі  көне жерлеу  рәсімінен сыр шертеді. Мамандар  толық зерттеп болған соң, барлығы музей қорына тапсырылады.  Оны карантин аяқталысымен тамашалау мүмкіндігі туады.  Бұнымен жұмысымыз тоқтамайды. Киелі аймақты зерттеу шаралары әлі де жалғасады», – деді маман.    Жансерік Мұқашевтың айтуынша, «Таңбалы тастың» өзге де бөліктерінде барлау жұмыстары жыл басынан бері  жүргізіліп жатыр.   «Бес топтағы әрбір жартас бетіндегі суреттерді түсіріп, олардың көлемін, жартас суреттеріне қауіпті фактрлерді анықтап, толық бақылап, барлап қағаз бетіне түсірген болатынбыз. Және қалпына келтіру қажет аумақтарды белгілеп, әр топтың фото албомын құрастырдық.Бұл енді жартас бетіне маниторинг жасау жылда атқарылатын шара. Өйткені осы петроглифтерді сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу –  біздің басты міндетіміз», – дейді ғылыми қызметкер.

Айта кетейік, Таңбалы шатқалында орналасқан бұл тастарда 5000-дай таңба бар. Тасқа қашалып жазылған көне таңбалардың жалпы аумағы 3800 гектар жерді алса, соның 9 гектары аса маңызды тарихи орын. Суреттерде жабайы аңдардың түрлері көп кездеседі. Бірнеше уақыт өте қосылған ту ұстаған атты әскер, тайпа таңбалары, әскери арбалар, түйеге жегілген жүк арбалардың көрінісі – бұл тарихи аумақтың маңыздылығын одан сайын арттырып тұр.

Автры: Жеңіс Ермұқанов

 

https://kazakh-tv.kz/kz/view/society/page_215219_tanbaly-shatkalynan-tarikhi-zhadigerler-tabyldy