2018 жылдың 28 қыркүйегінде «Ғылым ордасы» РМК Табиғат музейінің зоология залында жаңа экспозициялардың таныстырылымы өтті.


Салтанатты жиынды табиғат музейінің меңгерушісі П.Тлеубердина ашып, келген қонақтарды маңызды күнмен құттықтап, өз сөзінде жануар әлеміне қатысты үш бірдей жаңа экзпоцияның ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар, құрғақ аквариум орнатып, оған елімізде кездесетін түрлі балықтардың топтастырылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ихтиолог мамандарының айтуынша, дәл қазіргі кезде Каспи теңізінде балықтың 156 түрі бар екенін, бірақ оның 44 түрі «Қызыл Кітапқа» енгендігін жеткізді. Атап айтар бір жайт, мұндағы Тынық мұхитында тіршілік ететін түрлі жәндіктерден құралған топтаманы 1980 жылдары Санкт-Петербургтегі зоология музейі тарту еткен екен. Топтама Қазақстанда мекен ететін көптеген жәндіктермен толықтырылып, өз алдына бір экспозиясия ретінде қойылыпты.
Табиғат музейінің басты мақсаты – қарапайым жәндіктен бастап алып жануарларға дейінгі ежелгі геологиялық дәуірден біздің заманымызға дейінгі Қазақстанның жануарлар әлемін кеңінен таныту.
Ашылғаннан кейінгі 57 жыл ішінде аталмыш музей өзінің ғылыми-оқу және табиғатты қорғау бағытының арқасында мұражай тек республика көлемінде емес, одан тыс жерлерге де мәлім болды. Мұражайда мамандар үшін машықтану және студенттер үшін арнайы курс бойынша тарихи геология мен ежелгі жануарлар, гельминтология және паразитология, табиғатты қорғау мәселелеріне қатысты сабақтар жүргізіледі. Мұражайда жүргізілетін экскурсиялардың тек оқушылар мен саяхатшылардың ғана емес, сонымен қатар, әр түрлі жастағы келушілердің білім деңгейін көтеруде оқу-ағартушылық маңызы зор.