«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейі Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында экспозицияға қоғамдық-тарихи маңызы зор XX ғасырдың 20-40 жылдар аралығындағы латын графикасында жарық көрген баспа мұралары сақталған.

Кеңес билігінің бастамасымен 1920 жылдардың басында араб әрпімен жазып келген түркі тілдес халықтарды жаңа әліпбиге көшіру саясаты қолға алынды. Кеңестер Одағының құрамындағы түркі тілді елдерде латын әліпбиіне көшіру Әзірбайжан елінде басталды.

«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейінің ғылыми қызметкері Дінмұхаммед Абдраханов таныстырып өткендей, қазақ әліппесі 1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық атқару комитеті Президиумы мен КСРО ХКК қаулысымен арап әрпінен латын әрпіне көшірілген болатын. Қазақстанда 1930-1940 жылдар аралығында баспа істері, оқыту процестері латын әрпінде жүрді. Кітаптар Алматы («Қазақ мемлекеттік баспасы», «Қазкөркемәдеббаспасы», «Бірлескен қазақ мемлекеттік баспасы),  Қызылорда («Қазақ баспасы»), Орал, Қостанай, Семей, Петропавл, Балқаш қалаларында латын графикасымен басылды.

Көрмеде латын графикасындағы ғылыми-публицистикалық, іскерлік, көркем және басқа да әдебиеттер ана тіліміз – қазақ тілінің қолданбалы ғылыми стилін қалыптастырудағы рөлін көруге болады. Аталмыш экспозицияға Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қажырлы қоғам қайраткерлері, көрнекті ойшылдар мен жазушылардың туындылары қойылған, атап айтқанда: А.Тоқмағанбетұлының «Сталиндік маршрут», С. Шәріпұлының «Непті», М. Әуезовтың  «Жеткіншек», С. Аманжолұлының «Қазақ тілінің грамматикасы» С. Жиембайұлының «Грамматика талдауыш»  сынды көптеген әдеби және ғылыми бағытта жазылған көптеген кітаптар латын графикасында жарық көрді.

Латын графикасындағы кітаптардың шығуы – Қазақстанда жаңа қоғамдық құрылыстың қалыптасуы, яғни социализмнің құрылуы кезеңіне сәйкес келді. Латын графикасымен шыққан басылымдар елдің қоғамдық-саяси өміріне, әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне лайықталып, насихаттық сипатта шықты және елді индустрияландыру, ұжымдастыру, елдегі сауатсыздықты жою, социалистік ауыл шаруашылығын құру сияқты қазақ тіліне жаңа терминдер мен ұғымдар енгізген науқандар кезінде шығуымен ерекшеленді.

Мысалы «1916 жыл» атты кітап Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы өлең, поэма және әңгімелер жинағы (Алматы, 1940). Мұнда сол 1916 жылы орын алған оқиғалар, халық қарсылығы, түрлі көтерілістердің орын алуы және көтеріліс басшылары жайын, қазақ-совет ақын-жазушылары оқиғаның жай-жапсарын кеңестік саясатқа тиімді жағынан баяндаған еңбек.

Сирек кездесетін кітаптар музейі көрмеде 1929-1941 жылдар аралығында латын графикасында басылған көркем әдебиеттер, жыр-дастандар, мектеп оқулықтары, әдістемелік құралдар, жаратылыстану ғылымдары бойынша шыққан басылымдар бар.

Эльвира Серікқызы

АЛМАТЫ

https://egemen.kz/article/215224-sirek-kitaptar-muzeyinde-latyn-grafikasyndaghy-baspa-eskertkishteri-saqtalghan