2018 жылдың 12 қарашасында «Ғылым ордасы» РМК «Сирек кездесетін кітаптар» музейінде «Қазақстанның жазу дәстүрі тарихынан» атты экзпозицияның таныстырылымы өтті. Салтанатты шараны сирек кездесетін кітаптар музейінің меңгерушісі Ә.С.Бекішев ашып:

Өткен мен бүгінгінің арасын сабақтастыратын алтын көпір – жазба ескерткіштерді сақтау мемлекеттігінің тарихын, халқының мәдениетін, тілі мен дінін құрмет тұтатын елдің алдыңғы қатарлы міндеті. Олай болатыны, әрбір жаңа тарих бетін ашқан айтулы оқиғалар, кезеңдер тек жазба ескерткіштер беттерінде хатталады. Сондықтан жазба ескерткіштерді түгендеу, сақтау, қатарын толықтыру күн тәртібінен ешқашан түспейтіні анық. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек», – деп тарихымызды түгендеудің мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды іс екенін көрсеткен болатын. Сондықтан да біз өз кезегімізде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып осындай жаңа экзпозицияны қосып отырмыз,- деп  жиналған қауымды көрмемен таныстырды.

Шараның басты мақсаты – Қазақстанда және шетелдерде сақталған ел тарихына, мәдениетіне, ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды жинақтау, сақтау, зерттеу және дәріптеу; әртүрлі мәдени-тарихи жағдайлардағы олардың әлеуметтік рөлін, көне ғасырдан бері қалыптасқан отандық жазба мәдениеттің тарихын жан-жақты көрсету.

«Қазақстаннның жазу дәстүрі тарихынан» аталған көрмеде ертедегі кітап шығару шеберханасы, көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар «Қазақ жазба мұралары», «Қазақтың алғашқы баспа кітаптары», «Ұлы дала ойшылдары», «Қазақ тарихының дереккөздері», «Қазақ сахарасындағы оқу-ағарту ісі», «Шетел ғалымдарының еңбектеріндегі Қазақстан», «XVIII–XIX ғғ. саяхатшылар естелігіндегі қазақ даласы» тақырыптарымен көрермендер назарына ұсынылды.