2019 жылдың 6 қарашасында РМК «Ғылым ордасы» мекемесінде ағылшын журналисті және жазушысы Годфри Лайастың «Kazak Exodus» атты кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстелге ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, қазақстандық тарихшы-ғалымдар мен шығыстанушылар, зерттеушілер мен журналистер қатысты.

Кітап 1956 жылы Лондонда жарық көріп, тарихта «Қазақтардың Шыңжаңнан босуы» атымен танымал – XX ғасырдың 40-60-жылдарында Қытай қазақтарының Шыңжаңнан Қытайдың басқа аймақтарына, Моңғолия мен Британдық Үндістанға, содан кейін басқа елдерге мәжбүрлі түрде көшу процесіне арналады. Онда жазушы Шыңжаң қазақтарының Қытайдың қысымына, басып, жаншуына, жерін тартып алу мақсатында жасаған әрекетіне шыдамай, басқа елдерге көшуге мәжбүр болған қазақ халқы өкілдерінің ауыр тағдыры және коммунистерге қарсы соғыста айрықша ерлік көрсеткен қазақтың батыры Оспанның өмірі мен ерлігі баяндалады. Ағылшын тілінде жазылған кітап тиражы аз көлемде шыққан, қазіргі кезде сирек кітаптар қатарына кіреді.

Кітаптың қазақ тіліне «Аспантау асқан үркін көш» және орыс тіліне «Великий исход казахов» атауымен аудармасы баспагер, саясаттанушы және қоғам қайраткері Бақытжан Бұқарбай тарапынан 2018 жылдаң жүзеге асырылды.

Дөңгелек үстел барысында Бақытжан Бұқарбай: «Мен интернеттен ағылшын тарихшысы Годфри Лайастың 1956 жылғы «Kazak Exodus» атты кітабын таптым. Бұл кітаптың атауы «қазақтардың жаппай көшуі» мағынасын береді. Кітаптың тарихи құндылығы өте жоғары, себебі, кітапта суреттелген оқиғалар сол көштің ішінде болған қазақ азаматтарының естеліктерінен, Түркияға жаңа келген сәтінде, көш азабының бүкіл қиындықтары толықтай есте сақталған кезде автор тарапынан жазылып алынған».

Сонымен қоса, Бақытжан Бұқарбай өз сөзінде қазіргі уақытта Годфри Лайас кітабында сипатталған оқиғалар туралы деректі кинофильмнің түсірілімі жүріп жатқанын және келесі жылдың қаңтар айында тұсаукесері болатынын атап өтті.

Қоғам қайраткері Кенжебаева Айгуль:

«Бұл кітапты оқи отырып, біздің тарихқа, қазақ тарихына еніп, сол кездегі халықтың көрген ауыртпалықтарын сезінесің. Кітап ұлттық сана-сезімді көтереді. Еркіндік-бұл кітаптың негізгі идеясы. Таңқаларлық! Автор қазақ халқының бұл бейнесін, еркінсүйгіштігін таза бейнелей алды.  Бақытжан Бұқарбайға тамаша аударма үшін алғыс білдіргім келеді. Енді бұл кітап кең оқырманға қол жетімді. Мен барлық қазақстандықтарды осы кітапты оқуға шақырамын, өйткені ол Қазақстанда тұратын әрбір адам үшін ерекше маңызға ие».

Дөңгелек үстел аясында Сирек кездесетін кітаптар музейіне кітаптың ағылшын тіліндегі түпнұсқасы сыйға берілді.