2019 жылдың 3 шілдесінде «Ғылым Ордасы» РМК кинотеатрында әйгілі Балуан Шолақ атымен танымал аңызға айналған тұлға – ақын және балуан Нұрмағамбет Баймырзаұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Балуан Шолақ» тарихи фильмінің көрсетілімі өтті.

Фильмнің режиссері – Нұргелді Сәдіғұлов. Фильм идеясының авторы – сценарист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, драматург Дулат Исабеков. Фильмнің көрсетілімін ұйымдастырушы – ҚР БҒМ «Ғылым ордасы» РМК.

Іс-шара Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бибатырова Ғайникен Айдарханқызының құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде Ғайникен Айдарханқызы кинокартинаның қазақ халқы үшін үлкен рухани маңызы барын, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларды, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті дамытудағы жеке тұлғалардың рөлін қайта қарастыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Кинофильмде Столыпин аграрлық реформасын жүзеге асыру тарихи кезеңін бейнелейтін жарқын сюжеттік желі ұсынылған. Столыпин реформасы нәтижесінде Ресей империясынан мыңдаған қоныс аударушылар жаңа жерлерді игеру үшін қазақ даласына ұмтылды, бұл процесс ауқымды халық толқуларына әкелді. Негізі бұл фильм қазақ халқының күрделі үлесін, патшалық биліктің әділетсіз саясатын, бұл саясатқа қарсы тұра білген тұлғаларды, оның ішінде қайталанбас өр тұлға, көп қырлы бір сырлы Балуан Шолақ тұлғасын сипаттайды.