Дмитрий Владимирович Сокольский 1910 жылы 4 сәуірде Иранның Энзели қаласында дүниеге келген. Кезінде революциялық қызметі үшін патша өкіметі тарапынан қуғынға ұшыраған оның ата-анасы осында қоныс аударған. Ресейге оралғаннан кейін Д.В.Сокольский мектепті тәмамдап (1916-1929 ж.ж.), М.В.Ломоносов атындағы ММУ-ның химия факультетіне түсіп (1929-1934 ж.ж.), кейін аспирантурада (1934-1937 ж.ж.) жоғары білім алуды жалғастырды, 1937 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады (оппоненттері академик Б.А.Казанский және профессор А.В.Фрост). Ғылыми зерттеу жұмысы бойынша оған кеңес беріп, нәтижесін талдап қолдау көрсеткен академик А.А.Баландин болды. Дмитрий Владимирович оны өзінің ұстазы ретінде санады.

1937 жылдан бастап оның еңбек жолы Қазақстанмен байланысты болды. Дмитрий Владимирович – бұрынғы КСРО мен Қазақстандағы көрнекті ғалымдардың бірі. 1937 жылы Қазақстан ғылымын ұйымдастыру әрі дамыту мақсатында Д.В.Сокольский ҚазМУ-ге жолдама алып, органикалық химия кафедрасының доценті (1937-1939 ж.ж.), физикалық химия кафедрасының меңгерушісі, сонымен қатар оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор (1939-1942 ж.ж.) болып қызмет етті. 1945 жылы катализ және техникалық химия кафедрасын, одан кейін ҚазКСР ҒА Металлургия, химия және құрылыс материалдары институтының ғылыми хатшысы қызметін қоса атқара отырып, катализ бойынша проблемалық лаборатория ұйымдастырды. 1945-1948 ж.ж. ҚазКСР ҒА Химия ғылымдары институты директорының орынбасары болған тұста органикалық катализ институты құрылды.
Ал 1951 жылы докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін ҚазКСР ҒА академигі болып сайланды. Дмитрий Сокольский Қазақстан ғылымын дамытуға көп еңбек сіңірді. Бірнеше жыл қатарынан ҚазМУ-дің ғылыми және оқу ісі жөніндегі проректоры, ҚР ҒА Президиумының бас ғылыми хатшысы (1951-1955 ж.ж.), ҚР ҒА бірінші вице-президенті (1965-1976 ж.ж.) және өмірінің соңына дейін ҚР ҒА-ның Президиум мүшесі болды. ҚазМУ-дің ғылыми және оқу ісі жөніндегі проректоры, ҚР ҒА-ның вице-президенті боған тұста Д.В.Сокольский жаңа институттар, кафедралар, проблемалық лабораториялар құруға қолдау көрсетті. Д.В.Сокольскийдің ғылыми басшылығымен бірқатар жоғары оқу орындарында катализ саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Д.В.Сокольскийдің зерттеулерінің нәтижелері екі кітаптан тұратын «Гидрирование в растворах» (оның бірі ағылшын тіліне аударылған) атты еңбегінде, сонымен бірге бірқатар бірлескен монографияларда жарық көрді. Кейінірек «Координация и гидрирование в растворах», «Катализ лигандами в растворах» еңбектерінде Я.А.Дорфманмен бірлесіп жүргізген зерттеулерінің нәтижелері жарияланды. Ерітінділерде заттарды сутектендіруі мен тотығуы жөніндегі жаңа ұғымның пайда болуы әлемдік ғылыми жұртшылықты Д.В.Сокольскийдің еңбегін мойындауға алып келді. Академик А.А.Баландин «Мультиплетная теория катализа» еңбегінде «катализдік сутектендіру мен оның ерітіндідегі кинетикасын ауқымды зерттеуде біз Д.В.Сокольский мен оның мектебіне міндеттіміз» деп атап кеткен. Академик К.И.Замараев Менделеев химиялық съезінде (1993 ж.) жасаған баяндамасында Д.В.Сокольскийді ХХ ғасырда кеңестік катализ мектебінің дамуына ат салысқан ғұлама ғалымдардың бірі деп көрсеткен. Д.В.Сокольский газдарды катализдік тазарту саласындағы жұмыстарға да үлкен үлес қосты. Бұл жұмыстар 1960 жылы Кеңес Одағында алғаш рет ғалымның бастамасымен, кейін ҚазКСР ҒА Президиумының тапсырмасымен жалғастырылды. Жүргізілген зерттеулердің ерекшелігі – автокөліктер пайдаланған газды тазарту үшін төменгі процентті Pd мен аралас Pd-катализаторларды дайындау. 1970 жылы Н.М.Поповамен бірлесіп жазған монографиясында осы зерттеулердің негізгі нәтижелері жарық көрді. Катализ саласындағы зерттеулері үшін Д.В.Сокольский мен оның ізбасарларына (Я.А.Дорфман, К.А.Жұбанов, Г.Д.Закумбаева, Н.М.Попова) 1974 жылы Ғылым мен техника саласындағы ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Д.В.Сокольскийдің басшылығымен 260-тан астам ғалым химия және техника ғылымдарының кандидаттары, 27 ғалым ғылым докторлары, ал оның үшеуі академик атанды (Г.Д.Закумбаева, Н.К.Надиров, К.А.Жұбанов). Оның ғылыми еңбегінің нәтижесінде 16 монография, 2000-ға жуық мақала жарық көріп, 400-ден аса авторлық куәлік және 20 шетелдік патентпен қорғалды. Д.В.Сокольскийдің ғылыми қызығушылығы катализдік процестер теориясы және катализаторларды дайындау теориясын дайындаумен тығыз байланысты болды. Үзбей жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде Д.В.Сокольскийдің тікелей басшылығымен көптеген кәсіпорындарында кең қолданылатын күрделі органикалық қосылыстарды таңдамалы гидрлейтін тиімділігі жоғары катализаторлар (май, қант, нитрлі қоспалар, хош иісті заттар, ацитилен туындылары), бірқатар өндіріс пен автокөліктердің технологиялық газдарын тазалайтын және зарарсыздандыратын катализаторлар жасап шығарылды.
КСРО Министрлер Кеңесі тұсындағы катализ өнеркәсібі бойынша Ғылыми Кеңестің мүшесі бола отырып, Дмитрий Владимирович 1975 жылы Жалпы және қолданбалы химия бойынша ХІ Менделеев съезін Алматыда өткізуді ұйымдастырушылардың бірі болды. ҚазКСР ҒА вице-президенті болған тұста Д.В.Сокольский «Биосфераны қорғау» Ғылыми Кеңесінің жұмысына көп көңіл бөлді. Ғалымның Кеңестің химия-технологиялық секциясы жұмысына белсенді қатысуымен Алматы қаласы атмосферасының ластануын төмендету бойынша кешенді салааралық бағдарлама әзірленді. Жоғарғы және қалалық еңбекші депутаттар Кеңесінің депутаты болғанда да Д.В.Сокольский республиканың қоғамдық өміріне белсенді ат салысты. Академик Д.В.Сокольскийдің көп жылдық және жемісті қызметін әлемдік ғылыми қоғам да мойындады және 1969 жылы Алматы қаласында КСРО бойынша екінші катализ саласындағы ғылыми-зерттеу орталығы – ҚазКСР ҒА Органикалық катализ және электрохимия институтын құруға негіз болды. Дмитрий Владимирович өмірінің соңына дейін осы институттың директоры болды. Ал 1987 жылы ҚазКСР ҒА Органикалық катализ және электрохимия институтына Д.В.Сокольскийдің аты берілді.
Мемлекет алдындағы ерен еңбегі үшін Д.В.Сокольский көптеген ордендермен және медальдармен марапатталған, олардың ішінде Социалистік Еңбек Ері атағы (1969 ж.), «Құрмет» ордені (1953 ж.), Халықтар достығы ордені (1980 ж.), Еңбек Қызыл Ту 2 орденінің, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері болды.
Д.В.Сокольскийдің еңбектеріне әлемдік ғылыми қауымдастық жоғары баға береді. Ол Будапешт политехникалық университетінің құрметті докторы болып сайланды, көптеген халықаралық конгрестерде баяндама жасап, шетелдік университеттерде дәріс оқыды, Социалистік Вьетнам Республикасының Ағарту министрлігінің кеңесшісі болды (1955-1956 ж.ж.).
Дмитрий Владимирович дарынды педагог және бірегей дәріскер бола білді. Оның қызықты дәрістері тек студенттерге ғана емес, сонымен қатар қаламыздың химия саласы кафедрасы мен ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлері үшін де өте қызықты болды. Академик өткізген катализ бойынша жалпы қалалық семинар катализдік химияның өзекті мәселелерін талдап, пікір алмасатын орталыққа айналды.
Д.В.Сокольскийдің катализдік химия, химиялық кинетика, электрохимия саласын дамытуға қосқан үлесі зор. Ғалымның зерттеулері күні бүгінге дейін жас ғалымдарға рух беретін күш болмақ. Себебі жаңа ұрпақ бұл еңбектерден нақты деректер мен мәліметтер ғана алып қоймай, ең бастысы, олардың алдында тұрған жаңа ғылыми міндеттерді шешу жолдары, идеялар мен пікірлер жиып алады, әлі де ашыла қоймаған катализ заңдарын ашуға көмек болмақ.
Дмитрий Владимирович Сокольский жан-жақты ғалым, педагог қана емес, сонымен қатар тамаша адам еді. Оның бойындағы білімпаздығы, терең ақылы, қайырымдылығы, қарапайымдылығы, осы қасиеттерімен қатар талапшылдығы, әрдайым ғылыми нәтижелерді тәжірибеде қолдануға бағытталғандығы адамдарды баурап алатын.
Көптеген салада білімді болған Дмитрий Владимирович керемет тәрбиеші де бола алды. Оның химия, өнер, көркем әдебиет саласындағы энциклопедиялық білімі адамдарды таң қалдыратын. Ол барлық көркем журналдарды жазғызып алатындықтан әрдайым жаңа көркем туындылар туралы хабардар болатын, жастарды өз бетінше білім алуға шақырып, тамаша сұхбаттас бола білген. Ол жас ғалымдар мен дарынды қызметкерлерді бүкілодақтық конференцияларға алып шығуға тырысты.
Академик Д.В.Сокольский негізін салған ғылыми мектеп қазіргі таңдағы катализ теориясы мен тәжірибесінің өзекті мәселелерін қамтып, мұнай химиясы, бейорганикалық және органикалық синтез, мұнай мен газ өңдеу процесіне арналған катализдік және электрохимиялық технологияларды дайындау саласындағы зерттеу жұмыстарын жемісті жалғастыра отырып, күні бүгінгі дейін әлемдік катализдік ғылымда маңызды орынға ие.

Даулбаева Айнұр – ғылыми қызметкер