Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы – ел дамуының негізгі бағыттарын жақын болашаққа айқындайтын маңызды құжат.

Өз Жолдауда Президент негізгі басымдықтарды белгілеп, әлемдік экономикалық, сая­си және рухани дағдарыс жағдайындағы ел тағдырын тығырықтан алып шығудың нақты жолдарын ұсынып отыр. Жолдауда ел экономикасының  өркендеуі ғана емес, әлеуметтік жағдайды жақсарту, халықпен етене араласу арқылы мемле­кет­тік қызметтің сапасын арттыру, білім мен ғылымды дамыту, руханиятты жаңғырту, т.б. көптеген мәселенің қамтылғаны баршамызды қуантуда.

Президентіміз білім және ғылым саласына ерекше көңіл аударуда. Осы Жолдауда бұл бағытқа ерекше көңіл бөлініп, басты басымдыққа айналуда. «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – оқушы­лар­дың қабілетін айқын­дап, кәсіби бағыт-бағдар беру саяса­ты­на көшуіміз қажет. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге IT-білімді, қаржылық сауат­ты­лықты қалыптастыруға, ұлт­жан­дылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет», деп атап көрсетуі – біз үшін қуанарлық жайт.

Президенттің «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, қаржыландыруды арттырып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік жасауы – білім саласын жаң­ғыр­туға жаңаша жол салынып жатқандығының белгісі. Атал­ған бағдарлама ауылда тұра­тын азаматтарды қолдауда, қоғамның орта әлеуметтік тобын одан әрі қалыптастыруға, қала мен ауыл мектептері ара­сындағы білім берудегі алшақ­тықты азайтуға барынша ықпал ететіні анық. Бір сөзбен айт­қан­да, қазіргі қоғамға жан-жақты пайда әкелетін жоба болатыны сөзсіз.

Елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам мектеп бітіруші жоғары оқу орнына түсе алмай қалады. Сондықтан олар кәсіби машықсыз уақытша жұмыссыздар қатарын тол­ты­ру­ға мәжбүр болуда. Мемлекет басшысының алдағы уақытта оқушылардың қабілетін айқын­дап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет, елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі жасалуы тиіс деген бастамасы, талай жастың үмітін оятатыны даусыз. Осы ретте, Жастар жылында аталған мәселенің еліміз үшін де, жастар үшін де маңызы зор деп білеміз.

Әлемдік дағдарыс тек экономика саласына ғана емес, рухани, мәдени, білім беру бағытына да салмақ салатыны белгілі. Сол себепті Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы – бұл мемлекетіміздің жаңа уақыт талабына сай өсуі мен әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарқынды енуіне бастайтын сенімді көпір. Сондықтан бұл Жолдау отандық білім мен ғылымның дамуына жаңа серпін береді деуге болады.

Жолдау – еліміздің жарқын болашағының шамшырағы іспетті. Іргесі бекіген еліміздің жаңа белестерге жетуі жолында жауапкершілік жүгін жұмыла көтерсек, жұмыс нәтижелі болатыны анық. Жолдауда көзделген зор және тың міндеттерді жүзеге асыру халқымыздың ортақ ісі болуы тиіс.

Нұрлан СЕЙДІН,

«Ғылым ордасы» РМК бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты

https://egemen.kz/article/208090-nurlan-seydin-zhanha-mindetter-ayqyndaldy