Бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден бастау алады.Кітапхана – мәртебесі биік киелі шаңырақ.

Кітапхана – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға жеткізуші болып табылады. Осындай оқырманға жан-жақты қызмет көрсететін кітапханалардың бірі 86 жыл тарихы, 6 млн қоры бар «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы. Ғылым ордасының оң қанатында орналасқан бұл кітапхана – Республикалық маңызы бар ақпараттық орталық және Қазақстандағы аса ірі ғылыми кітап қоры бар киелі орда.

Бүгінде Орталық ғылыми кітапхана әлемнің 52 еліндегі 355 ғылыми мекемемен серіктес және Қазақстандағы 1 млн жуық шет тілдеріндегі ғылыми әдебиеттер қорын сақтаушы. «Қазақстан және әлемдік қоғамдастық», «Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясы», «Ұлы тұлғалар», «Кітапхана ісінің көрнекті қайраткерлері» атты библиографиялық сериялардың зияткерлік меншік сертификатына ие.

Кітапхананың маңызды бөлімдерінің бірі «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімі болып табылады. Бұл бөлім өте құнды сирек кітаптар мен қолжазбалардың иесі. Сирек кітаптар қоры- 91 мың, қолжазбалар қоры – 22 мың данадан астам.

Қазақ мәдениеті мен діни көзқарасымыздың орнығуы Құранның таралуымен тығыз байланысты. Қасиетті Құран кәрім – халқымыз үшін қашанда құнды қазына. Осындай діни кітаптар қазақ жеріне Мысыр, Стамбұл, Ташкент, Самарқанд, Бұхара сияқты қалалардан әкелінді. Бұл кітаптардың басым көпшілігі Орталық ғылыми кітапхананың «Сирек кітаптар,қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімінде сақталуда. Қорымызда 300-ден аса Құрандар мен Құран түсіндірмелері бар. Қорымыздағы көлемді Құранның бірі –Мулла Артық қолжазбасы. Бұл қолжазба шығыс қағазына, насих үлгісінде 1271/1855-жылы көшірілген. Ескі болғанына қарамастан, жақсы сақталған.  Сонымен қатар, «Хандар шежіресі», «Пайғамбарлар мен қожалар шежіресі», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы»,Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметі»,Құрбанғали Халидтің «Тауарих Хамсасы»,Абай өлеңдері – оның жеке хатшысы Мүрсейіттің қолымен жазылған, Ә.Диваев пен Ә.Марғұланның этнографиялық материалдары, осы жылы туғанына 160 жыл толып отырған қазақ халқының ұлы ақын-жазушысы, философШәкәрім Құдайбердиевтің «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»қорымыздың құнды жәдігері болып саналады. Сирек кітаптар қорындағыСтамбұл қаласында жарық көрген, күміс қорабшада бағалы тастармен әшекейленген, көлемі: 2.5×2 см-ді құрайтын өте кішкене көлемді «Құран» мен ежелгі славян тілінде жазылған ең үлкен, салмағы 22 кг құрайтын басылымдарды ерекше атап өткен жөн. Тағы қызықты әрі таңғаларлықтай болған дүниелердің бірі – шамамен XVIII ғасырда жарық көрген, пайғамбардың қажылық сапарға барғаны туралы қолжазба. Онда Мекке Мәдине қаласының көрнекті жерлерінің сызбасы және ерекше мән берерлік қара түспен салынған адамның аяқ ізі бар. Халық арасында пайғамбардың ізі деп айтылады. Бірақ ол туралы нақты дерек жоқ.

Кітапханамыз осы құнды кітаптарды сақтап қана қоймай, оны насихаттап, көпшілікке қолжетімді болуы үшін жұмыстар атқаруда. Соның бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар қаласында, Баянауыл өңірінде Мәжһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдық мерей тойына орай ұйымдастырылған ісшараларға кітапхана қорында сақтаулы Мәжһүр Жүсіп Көпеевтің 20-дан астам түпнұсқа қолжазбалары көрмеге қойылып, сол іс шараға қатысушы барлық қалың жұртшылық назарына таныстырылды. Осындай атаулы мерей тойлардың тағы біреуі Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны, қазақ халық ауыз әдебиетін жинаушы Мұса Шормановтың туғанына 200 жыл толып отыр. 1856 жылы Ресей императоры  Александр II-нің салтанатты түрде таққа отырғызу рәсіміне әлемнің түкпір-түкпірінен патшалар мен ханзадалар, елшілер және т.б. қонақтар шақырылған. Қазақ елінен бұл салтанатты кешке 3 адам, атап айтсақ:  подполковник –Татенев, сұлтан,капитан – Аблес Али және аға сұлтан – Мұса Шорманов қатысқан. Салтанатты таққа отырғызу рәсімінде қазақ халқының атынан Мұса Шорманов құс салу өнерін көрсеткені, патшаның жеке қабылдауында болғаны, майор шенін алғаны туралы біздің қорымызда сақтаулы тұрған ең үлкен кітап дәлел бола алады. Қазақ халқына еңбегі сіңген тарихи тұлғаларымыздың қолжазбалары мен еңбектері де  кітапхана қорында сақтаулы.

Осы айтылған сирек кітаптар мен қолжазбалар және басқа да құнды кітаптар сандық форматқа көшіріліп, толық мәтінді электронды нұсқасы жинақталған. Бұл кітапхана оқырмандарына,көне қолжазбалар мен сирек кітаптарға қызығушылық танытқан ізденушілерге, білім, ғылым, өнер, мәдениет саласындағы барлық мамандар мен студенттергетиімді әрі қолжетімді болып отыр. Сандық форматқа көшірілген құнды кітаптарымызды Орталық ғылыми кітапхананың www.library.kzсайтына кіріп, «Толық мәтінді электронды ресурс» арқылы көріп, оқи аласыздар.

Енді, кітапхананың қорын сақтаушы, оқырманға қызмет көрсететін –кітапханашыларға тоқталып өткен жөн деп ойлаймын. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес.Кітапханашы бүгінде тек қана оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады.Бүгінгі заманға сай  күнделікті ақпарат ағынын оқырманға жетелеуші, сонымен қатар кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы, түрлі ісшаралар мен әдеби кештерді ұйымдастырушы, Қазақстанда ресми түрде бекітілген атаулы күндер мен белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың мерей тойларына арналып тақырыптық көрмелер қоюшы, оқырманның талап-тілегіне сай кеңес беруші, кітап пен кітапхананы, ұлттық құндылықтар мен оқырман арасын жалғастырушы да кітапханашыларбүгінгі қоғамға ең қажет мамандық иесі болып табылады. Әбіш Кекілбаев атамыздың сөзі осыған дәлел деп ойлаймын: «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын»-деп, бекер айтпаса керек.Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек!

Орталық ғылыми кітапхана ұжымының атынан барлық кітапханашыларды 15-қазан кітапханалар күні меркесімен құттықтаймыз!  Кітапханашы әріптестерімізге кәсіби шеберлік пен парасаттылық, еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілейміз!

 

 

Мұратқызы Айгерім

Орталық ғылыми кітапхана

«Сирек кітаптар,қолжазбалар және ұлттық әдебиет»

бөлімінің жетекші кітапханашысы