Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан, өзіне тән шығармашылық қолтаңбасымен дара көрінген тұлғалардың бірі – Зәки Ахметов. Оның еңбектері қазақ әдебиетінің тарихында ерекше орын алады. Биыл академиктің туылғанына 90 жыл толып отыр.


Зәки Ахметұлы Ахметов 1928 жылы 5 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін (журналистика бөлімін), 1951 жылы Ленинградтағы КСРО ҒА-ның Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. Сол жылы «Лермонтов и Абай» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған. 1965 жылы «Қазақтың өлең құрылысы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 1966 жылы оған профессор атағы берілді.
Қазақстан республикасының Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланғаннан кейін 1975–1981 жылдары Қазақ Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары және директоры болып жұмыс істеді. 1975–1984 жж. Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, 1984–1986 жж. Ғылым академиясының вице-президенті, ал 1986 жылдан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және методологиясы бөлімінің меңгерушісі. 1983 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды. 1980 жылы «Қазақ әдебиетінің қазіргі заманда дамуы және дәстүрлері» кітабы үшін Қазақ Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді, 1985–1986 жж. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1996 жылы Абай мұрасын зерттеу және жарыққа шығару жұмыстарында жеткен табыстары үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды.
Зәки Ахметовтің әдебиет тарихы мен теориясы, ұлттық поэтика мен өлең жүйесі, абайтану мен әуезовтану жайындағы монографиялары Қазақстан ғылымы тарихында жарқын белес болып есептеледі. Оның еңбектері Қытай, Түркия, Ресей мемлекеттерінде, Минск, Кишинев, Ереван, Баку, Ташкент, Бішкек қалаларында жарық көрді. З.Ахметов дарынды зерттеуші, талантты ұстаз ретінде қоғамның ғылыми әлеуетін көркейту ісінде елеулі із қалдырды. Оның жетекшілігімен 20-дан астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Ғалым әдебиеттану саласында жарты ғасырдан астам талмай еңбек етіп, 10-нан астам жеке монография, 20 шақты ұжымдық кітап, 400-ге жуық мақала жазды.
Көпқырлы ғалым қазақ мектептеріне арналған «Орыс әдебиеті» оқулықтарын да жазған (8,9,10 сыныптарға). Бұл оқулықтар 10 рет жарияланған.
Ол репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын бағалауда тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге орасан зор еңбек сіңірді. Ғылыми-методологиялық әдіснаманы шығармашылығының түпқазығы еткен тумысы бөлек, тұлғасы биік академик кейінгі ұрпаққа қымбат қазына қалдырды.
«Зәки Ахметов – ішкі мәдениеті өте жоғары, мейлінше кішіпейіл, жаны таза азамат еді. Көрініп қалуға, жақсы көрінуге ұмтылмайтын, (содан да болар, бірде-бір орден алмапты). Кісінің қас-қабағына, көңіл-күйіне үлкен мән беріп, жағдайын түсінуге тырысатын. Жақсылық істеуге даяр тұратын, адамдарға өзі сияқты қарап, үлкен сенім артатын», – деп ҚР ҰҒА академигі С.А.Қасқабасов өз естелігінде З.Ахметовтің адамдық қасиеттері туралы ерекше атап өтеді.
Зәки Ахметов – қазақ әдебиеттану ғылымының қалыпсатып, өсуіне өлшеусіз үлес қосқан ғалым. Қаламгер өзінің ғылыми еңбектері арқылы әдебиет туралы ғылымның өрісін кеңейтіп, оны биікке көтерді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. 1-том. Алматы.2008. – 646 б.
2. https://adebiportal.kz/kz/authors/view/1262

Даулбаева Айнұр ғылыми қызметкер