– Соңғы жылдарды зерделеп қарасақ, елімізден кетушілерге қарағанда, келу­шілердің саны басым. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы КСРО құра­мындағы мемлекеттердегі қандастарымыз келіп жатыр. Келушілердің құрамын зерделесек, қазақтардан басқа ұлттардың да көптеп келіп жатқанын байқауға болады. Қазақстан халқының саны 18 миллионнан асқанын білеміз. Соның 65-70 пайызы қазақтар десек, қалған 30 пайызы – басқа ұлт өкілдері. Жылдан-жылға қазақтардың саны артып келеді. Біраз жылдан кейін мономемлекетке айналамыз. Бұл – заңды құбылыс. Соңғы жылдары туу көрсеткіші жақсы қарқын­мен келе жатыр. Әсіресе, қазақ ұлтының ішінде туу динамикасы өте жақсы. 10-15 жыл ішінде қазақтардың үлесі 75-80 пайыз­ға жақындайтыны анық. 20-30 жылда 90 пайызға жетеміз. Қазақтар санының өсуі, мемлекеттік тіл өрісінің кеңеюі өзге ұлт өкілдерінің өз отандарына көшуіне әсер ететінін жоққа шығармай­мыз. Мектеп бітірушілер саны 80-100 мың болса, бірінші сыныпқа барып жат­қан балалар саны – 350-400 мыңға жақын. Бұл – туу қарқынды болған, бэбибум кезінде дүниеге келген балалар. Солардың 70 пайызы қазақ мектептерінде білім алады. Жылдан-жылға орыс мектептері жабылып, қазақ мектептері көптеп ашы­лып жатыр. Соны көріп отырған орыс халқы Ресейге ғана емес, Еуропа елдеріне де көшіп жатыр.
Қазір ТМД елдеріне зер салсақ, орыс­тар Қазақстанда көп тұрады. Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Украина ел­деріне қарағанда, Қазақстанда орыстар­дың саны пайызбен салыстырсақ көбірек.
Көшіп кетіп жатқандардың басым бө­­­лі­гі – орыс ұлты. Олардың балалары Ре­сейдің жоғары оқу орнына түсіп, оны аяқтап жұмысқа орналасқан соң бірге көшіп кетуде. Сол себептен де жыл басынан 7 мыңға жуық адамның елден көшіп кетуі 18 миллионмен салыс­тыр­ғанда аса үлкен сан емес. Өйткені әлемде көшіп-қону процесі күшті жүріп жатыр.
Тәуелсіздік алғалы бері оралмандарға арнайы квоталар бөлінді. Әсіресе, 2000 жылдың басынан 2010 жылға дейін көшу қарқынды жүрді. Жалпы, 1 миллионға жуық қандасымыз көшіп келгені белгілі. Қазіргі кезде заңдарға өзгерістер енгізіліп, экономикалық тұрғыда қиындықтар туындады. Бірақ мемлекет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табады деген сенім бар.

Нұрлан Сейдін – “Ғылым ордасы” РМК Бас директорының
ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары,
тарих ғылымының кандидаты

“Айқын” газеті

МАМЫР 25, 2018