2019 жылы 20 маусымда «Ғылым ордасы» РМК Табиғат мұражайында қаздардың сирек кездесетін түрлерін сақтауға арналған «Қызылжемсаулы қарашақаздың өткен жолы» атты ерекше көрме өтті.

Көрме Еуропалық Одақ бағдарламасы бойынша «Life for safe flight» жобасы аясында Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау Ассоциациясымен (ҚБСА) бірлесе отырып ұйымдастырылды. Мақсаты – құстарды сақтаудың маңыздылығын түсіндіру және мұражайға келушілерді табиғатты құрметтеуге тәрбиелеу. ҚБСА Қолданбалы биология орталығының директоры Скляренко Сергей Львовичтің айтуынша, Қазақстан мұндай жобаға бірінші рет қатыспақ. Бұл құстар бірнеше елдерге қоныс аударады, сондықтан қызылжемсаулы қарашақаздарды бір мемлекеттің күшімен ғана сақтап қалу мүмкін емес. Осылайша, «Life for safe flight» жобасын жүзеге асыру, ең алдымен, халықаралық ынтымақтастықтың үлгісі болып табылады. Жобаға сонымен қатар Ресей, Украина, Румыния және Болгария елдері де қатысады. Осы жоба аясында құстар мекендейтін әрбір елде, құстардың осы түрін сақтау мақсатында аңшылармен жұмыс жасау, спутниктік бақылау жүйесі арқылы құстарды бақылауды ұйымдастыру секілді бірқатар шаралар жүргізіледі.

Қызылжемсаулы қарашақаз – үйрек тұқымдасына жататын суда жүзетін құс. Қызылжемсаулы қарашақаздың ұя салатын аумағы тундра және Ямала солтүстік орман-тундра аймағынан, Гидан түбегінен, Батыс және Орталық Таймырдан Анабар өзенінің алабына дейін созылады. Қызылжемсаулы қарашақазға дәстүрлі ұя салу және көші-қон орындарынан басқа жерлерге ұшу тән.

Қазақстанда олардың орманды-дала және дала аймағының тұщы және батпақты су жерлеріне қоныс аударуы кездеседі. Көші-қон кезінде олар агроландшафтарда тоқтайды.

Қызылжемсаулы қарашақаз мекендейтін барлық аймақтарда Қазақстан, Украина, Әзірбайжан, Болгария және т.б. елдерде олар Қызыл Кітапқа, сонымен қатар Еуропалық Қызыл тізімге, Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО)  Қызыл кітабына енгізілген.

Айта кететін жайт, көрме модульдік қағида бойынша ұйымдастырылған және әрбір модуль белгілі бір тақырып туралы ақпарат береді. Көрмеде интерактивті элементтері бар 7 модуль ұсынылған.

Көрме Табиғат мұражайында 2019 жылдың 20 маусымынан 30 маусымға дейін он күн бойы өз жұмысын жалғастырады. Жоспарға сәйкес көрме жұмысы Қазақстанның басқа қалаларында да (Нұр-Сұлтан, Қостанай, Петропавл, Ақтөбе қ.) жалғасын таппақ.