2018 жылдың 18 қазанында «Ғылым ордасы» РМК мекемесінің кіші залында ҚР БҒМ ҒК ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Аталмыш шараны «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Төлтаев Бауыржан Төлтайұлы алғы сөзбен ашып, елбасымыздың саялы саясатының маңыздылығын және кезекті жолдаудың ерекшелігі жайлы айта келіп:

«Елбасының биылғы Жолдауы халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруға бағытталған. Бұл шын мәнінде еліміздің әрбір азаматының, әрбір қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған стратегиялық құжат болып саналады. Әлеуметтік мәселелер қамтылған жолдауда таяу болашақта шешілуі керек және  шешімдері халықтың әл-ауқатын, мемлекеттің болашағын анықтайтын алты негізгі міндетті алға қойылып отыр. Елбасымыздың бұл Жолдауы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, халықтың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз», – деді.

Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры,  әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының  корреспандент мүшесі Шәукенова Зарема Каукенқызы модераторлық етіп,  жолдаудың  жастарға  ұсынып отырған мүмкіндіктерін, білім беру грантының көбеюін, халықтың әл-ауқатын көтеру шараларының іске асырылуын баса айтты.

«Халықтың әл-ауқаты тек қана экономикалық көрсеткіштерге сәйкес деуге болмайды. Жолдауда бұл жөнінде, яғни халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру бойынша нақты тапсырмалар беріліп отыр. Сондай‐ақ, адами құндылықтарға басымдық берілген. Оның ішінде, бала тәрбиесі, ұстаз мәртебесі, қоғам үшін құндылық ретінде білім жүйесі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық  жаңғыруы – Қазақстан  дамуының ең басты бағыты. Бұл  ретте  сапаның артуы, оның ішінде, өндіріс, білім сапасы мен ғылыми ізденіс нәтижелерін арттыру – Президент Жолдауының басты  лейтмотиві  болып  отыр. Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қазақстандықтардың өмір сүру сапасын дамыған елдердің өмір сүру стандарттарына жақындата түсетіні анық»,-деді өз сөзінде Зарема Каукенқызы.

Отырыс барысында мемлекеттік қызметкерлерді даярлауды жаңғыртудың  негізгі трендтері және Президент жолдауын  жүзеге асырудағы  жастардың рөлі, халыққа қажетті мамандықтарды дұрыс таңдау және т.б.көптеген тақырыптар талқыланды.

Сонымен қатар, жолдауға Медеу ауданы әкімінің орынбасары Майлыбаев Ғани Айдарұлы да пікір білдіріп, жолдауда халқымыздың әл‐ауқатын арттыру, адами құндылықтарды қалыптастыру, білім жүйесін жаңарту, жас  мамандардың  жағдайын  жақсарту т.б. түрлі мәселелердің алға қойылғанын баса айтып өтті.