(Ахмет Байтұрсынұлы және алғашқы ағартушылық-демократиялық  бағыттағы кітаптар туралы)

                                                                                                                                  Ә.Бекішев – РМК «Ғылым ордасы»

                                                                                                                                       Сирек кездесетін кітаптар

                                                                                                                                     мұражайының қор сақтаушысы

         Соңғы жылдары қолға алынған мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында халқымыздың іргелі ел болып қалыптасуына ерен еңбек еткен тұлғалардың есімдері халқымен қайта қауышып, мұралары Отан тарихынан өздерінің тиесілі орнын алып отыр. Әсіресе, жас ұрпақ бойына ұлттық мәдени сананы қалыптастыру үшін, бірінші кезекте ұлы тұлғалардың еңбектері кеңінен насихатталып, дәріптелуде.

 Сондай тұлғаның бірі – қысқа ғұмырын ағартушылық қызметке арнаған Ахмет Байтұрсынұлы. Ол өзінің мұғалім болып істеген оқытушылық тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ  мектептерінің ең зәру құралы – оқулық жазу мәселесімен түбегейлі айналысты.  1892 жылы Қазанда «Букварь для киргизов» деген құралды құрастырып, жарыққа шығарды, кейін бұл кітап әлденеше рет басылды. 1912 жылы қазақ балалары үшін «Оқу кұралы» деген әліппе жазды. Артынша мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулық жазуды қолға алады. Бұл оқулық фонетикаға арналған І-бөлім «Тіл құралы» деген атпен алғаш рет 1915 жылы жарық көрді. Осы кітаптың морфологияға арналған 2-бөлімі 1914 жылы, ал синтаксиске арналған 3-бөлімі 1916 жылы басылып шығып 1928 жылға дейін әлденеше рет қайта басылып, мектептерде кең қолданылып келді.

«Тіл құралы» оқулығын қазақ ағартушылығында бұрын-соңды болмаған соны құбылыс деп бағалауға болады. Оның қазақ жұртшылығы үшін мүлде тың дүние екендігін автордың өзі де оқулықтың кіріспесінде арнайы атап өтеді. Ол осы оқулығында қазақ грамматикасына қатысты категориялардың әр-қайсысына алғаш болып қазақша терминдерді ұсынады. Күні бүгінге дейін қолданып жүрген «зат есім, сан есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш» деген т.б. сан алуан лингвистикалық ғылыми терминдердің баршасы А.Байтұрсынұлының туындысы. Ол жасаған қазақ лингвистикасы терминдерін арнайы қарастырған Ш.Ш. Жалмахановтың тұжырымдауынша,  ғалым «Тіл-құрал» оқулықтарында (1914, 1915, 1925 жж.) 310 лингвистикалық термин қолданған болса, оның 118-і (38,5 %) қазіргі тіл білімінде сол күйінде жұмсалып жүр [5, 3-б.].

Оқулықтың арнайы атап өтер тағы бір құндылығы «Қазақ тілінің грамматикалық басты салалары фонетика – дыбыс туралы ғылым, морфология – сөз құрамын зерттеу, ал синтаксис – сөйлем құрылысын зерттеу» деп әр терминді саралап оқушыларға ғылыми терминдерді меңгеруге баулуы болып отыр. А.Байтұрсынұлының бұл жерде оқулық арқылы терминдерді қазақ тілінде сөйлеткенін, қазақ тілінің академиялық ғылым тіліне жақын екенін, қазақ тілі табиғатында ғылыми терминдерге икемді екенін дәлелдеген ерен еңбегін атап өту керек.

Жалпы қазақ ағартушылық тарихына үңілсек, мектеп шәкірттері үшін тәлім-тәрбие тақырыбына арналған оқулықтар XX ғасырдың алғашқы ширегінде мол шығарылды /21/. Ол кітаптардағы терминдер, ғылыми стилдер де арнайы зерттеуге лайық дүние. Аса көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сәдуақас Сейфоллаұлы да республикадағы кітап баспа ісіне белсенді әрі, жан-жақты көмек көрсетті. Республикамыздағы кітап шығару ісі мен баспасөзді дамыту қажеттігі жөнінде 1923 жылы 19 қазанда РСФСР өкіметіне Қазақ АКСР Халық комиссариаты кеңесінің төрағасы ретінде С. Сейфуллинмен бастаған бір топ зиялылар былай деп жазды: «Қазақстанға өз ана тіліндегі ғылыми және безендірілген көркем әдебиет керек. Қазақ баласына жаңа коммунистік жағдайдағы оның тұрмыс тіршілігін суреттейтін әліппе, балалар журналы және басқа басылымдар керек, егер бұл осы кезге дейін болмаса, оны тұтынушылардан тыс жерде емес, осында Орынбор қаласында ұйымдастыру қажет» [6, 190-б.]. Осы жылдары қазақ ғылымы мен мәдениетін дамытуға және ұлттық руханият бағдарламасын жасауға Ораз Жандосов тікелей айналысты. Ол үгіт-насихат бөлімін басқарып тұрған кезде Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, Ж. Аймауытовтың, М. Әуезовтың, Х. Досмұхамедовтың, Т. Шонанұлының, Е. Омаровтың, М. Тынышпаевтың кітаптары жарық көрді [7, 68-б.]. Ораз Қиқымұлы қазақ жазба мұраларын елде жинауға халыққа үндеу тастады. Ол Ұлт азаттық көтерілісі жылдары Орынбор, Ташкент, Омбы және т.б. қалалардың кітапхана, мұражайларына тасылған кітаптарға алаңдаушылық білдірді [8, 218-б.].

Белгілі ақын, қайраткер Ғ.Қараштың 1910-1918 жылдары «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Қарлығаш», «Тұмыш», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Көксілдер», «Шайыр», «Бәдел қажы», «Тұрымтай» т.б. кітаптары, өлең-жырлары Орынбор, Уфа, Қазан қалаларында татар, қазақ тілдерінде басылып шықты. Ақын өз мұраларында тіл үйрену, білім алу мәселелеріне ерекше маңыз берді.

Осы кезеңде, өзінің тәлімдік қолтаңбасымен жұртқа таныла бастаған, ағартушылық пен дін оқуының бір білгірі – Мұхамедсәлім Кәшімов /1884- 1934/ еді. Ол «Әдеп» /1907/, «Сабақ» /1907/, «Насихат» / «Ақыл» кітабы /1908/, т.б. жарық көрген еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім- тәрбие, тазалық, мәдениет мәселелерінің төңірегінде көптеген ақыл-кеңес өнегелі тағылымдар ұсынады. М. Кәшімовтің аталған оқулықтарында педагогика, гигиена саласындағы терминдер мен ғылыми стилі қызығарлық дүние.

Халықты ағарту ісін науқанға айналдырған зиялы қауым өз туындыларында қоғамдық өмірдегі мәселелерді нақтылы қоя білді. Олар халықты өнер-білімге шақырып, сол мақсатта сауда-саттықты, отырықшылық өмірді, диханшылықты үйренуге үндейді. Сәдуақас Шорманов «Насихат қазақия», Нұржан Наушабаев «Алаш», Мақыш Қалтаев «Қазақтың айнасы», Байбатыр Ержанов «Тұр, қазақ!»,  Спандияр Көбеев «Үлгілі бала»,  Елеусін Бұйрин «Ызың», Бекет Өтетілеуов «Жиған терген», Әбілқасым ибн Ғұмар Арғыни «Жатпа қазақ» өз еңбектерінде елді өнер-білімге насихаттап, қазақ ағартушылық ісіне үн қосады.

Әмбебаб ағартушы-педагог қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың авторларының бірі – М.Дулатов. 1902 жылдан бастап мұғалімдік қызметін атқара бастаған  Міржақып сол кездің өзінде қазақ балаларына арналған оқу құралдарындағы тілдің ғылыми стиліне, терминдердің қазақ оқушыларына ұғынықты, түсінікті болуына зор мән берген. Тәлім-тәрбие тақырыбына қалам тартқан басқа да қазақ оқымыстылары оқулықтарда тілдің ғылыми стилистикасын қалыптастыруға тырысып бақты. Бұлардың шығармаларында ұлттық жазба әдебиетін бастаушы Абай мен қазақ ағартушылық ісінің негізін салушы Ыбырай тілі арқау болғаны анық. Сонымен қатар, орыс, француз, ағылшын тіліндегі оқулықтардың тілі, стилі, термині де өзіндік әсерін берген.

М.Дулатов оқулық тапшылығының орнын толтыру үшін 1911 жылы «Қирағат» кітабын шығарады. Ағартушы «Қирағат» кітабындағы «Денсаулық жайынан» атты тарауда қазақ педагогикасында алғаш рет қазақ оқушыларының гигиенасы мен әдеп, мінез-құлықтар жөніндегі шарттарды жазып, сол саладағы терминдерге қысқа шолу жасап өтеді.  Бұл жинаққа ол халық ауыз әдебиеті үлгілерімен бірге Абайдың, Ыбырайдың шығармаларын, ішінара «Жаз», «Жазғы кеш», «Шілде», «Күз», «Қыс», «Қоян», «Қасқыр қысты калай өткізеді», «Бұғы», «Піл», «Кит», «Үй хайуанаттары», «Берік», «Күлкі сөз», «Оқу», «Нұрмаш пен Дүйсен», «Оқымысты бала» сияқты өз әңгімелерін де енгізді. Оқулық тілі қатаң тартпау үшін «Айқұлақ», «Дүмпілдек», «Марламқаш» сияқты балалар ойындарын енгізіп, кітапты қызғылықты, оқушы үшін тартымды етеді.

Міржақыптың бүкіл ағартушылық қызметі қазақ халқын қатаң бақылауда  ұстаған патшалық өктемдікке қарсы жұмсалды. Семей қаласында Міржақып тұтқындалған кезде, көптеген кітаптарымен бірге оның «қазақ балалары үшін 2 Қирағат кітабы» да болыпты. Полиция кітаптың бүкіл басылымын қолжазбасымен қоса жойып жіберген. Патша өкіметінің қатаң қысым салуына қарамастан, ол 1914 жылы аталған оқулықты қайта бастырып шығарады. Артынша, 1916 жылы «Қирағат» кітабының 2 басылымы жарық көрді.

«Балаларды оқыту өз алдына бір ғылым» деген М. Дулатов Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту мәселесіне байланысты идеяларын әрмен қарай дамыта келіп, ол да А.Байтұрсынұлы сияқты, оқу тәрбие мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарауға, атап айтқанда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдеріне, шәкірттердің жаңа бағдарламалар арқылы білім алуына, ғылыми дидактикалық қағидаларға сәйкес сабақ жүргізуге ерекше мән береді. Бұл айтылғандарды оның «Қирағат» кітабының «Мұғалімдерге» деген алғы сөзінен байқауға болады.

Міржақып Дулатұлы –  тұңғыш қазақ математигі. Ол  алғашқылардың бірі  болып қазақ шәкірттеріне «Есеп құралы» атты оқулық жазды. Осы кітап жөнінде қазақтың әйгілі ғалымы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №80 санында былай баға берген болатын: «Бұл  күнге шейін қазақ тілінде әліппе, қирағат кітаптары болса да, есеп кітабы жоқ еді. Қазақша шыққан ең бірінші есеп құралы осы… Кітап ең соңғы жаңа тәртіппен шығарылып, таза тілінде қазақ емлесімен басылған, мысалдары да қазақ тұрмысынан алынған».

1914 жылғы Орынборда Ахмет Байтұрсынұлы «Әліппесі» Міржақып Дулатұлының «Есеп құралы» кітаптарының басылып шығуы қазақ үшін үлкен оқиға еді.        Бұл кітаптар туралы сол кездегі ғазет-журналдар беттерінен сын-мақалалар, реклама-аннотация кездестіруге болады. Мысалы «Айқап» журналының 1914ж. №19 санында бастауыш мектептердің бірінші оқу жылына арналған «Есеп құралы» басылып шыққандығы туралы хабар берілген.

Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қорында ғалымның өз тұсында жарық көрген еңбектерінің түпнұсқалары: «Қырық мысал», «Маса», «Оқу құралы» 3 кітап; «Тіл құралы», «Баяншы», «Әліпби» әліппе, «Ер Сайын», «Әліппе астар», «Сауаташқыш», «23 жоқтау», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмсар» атты кітаптардың телкөшірмелері жасақталған.

Жалпы, осы кітапдың әр жылдары жарық көрген сандарымен қоса есептесек, 17 туындысы 46 рет басылып шыққан. Бұл кітаптардың түпнұсқалары Республикалық Ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде тіркелген әрі сақталған.

ХХ ғасырдың басы еліміздің тарихында ұлы жетістіктермен бірге қайғы-қасірет әкелген аса күрделі және қарама қайшылықты кезеңдердің бірі болды. Өткен ғасырдағы үлкен жетістіктердің бірі – ол алғашқы қазақ оқулығының қалыптасуы еді. Сол кезеңнің алмағайып жағдайында ел іргесін бекітіп, халықтың сауаттылығын арттыру мақсатында қазақ зиялыларының оқулық жасау ісіне жаппай кірісу ісі жаһандану үрдісі күшейген бүгінде өзіндік сипатпен рең алып қайта қаталанып отыр; ұлттық тіліміз бен болмысымызды сақтап қалу мақсатында Елбасының бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық» қолға алынып, елдегі танымал ғалымдар, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер, ЖОО ұстаздары жұмылдырылып жатыр. Тарихта ұлт мүддесіндегі осы бір құбылыс қайта қайталанып отыр. Ендеше, осы мәселеде алғашқы қазақ оқулықтарында, қазақ зиялыларының тәжірибесін де қаперде ұстаған абзал.

 

Әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа  бағдар:  рухани  жаңғыру»  Мақала.  Егеменді  Қазақстан. –  Астана, 2017 ж. 12 сәуір. №70
  2. «Алаш» қозғалысы. (Құраст.: Тілешов Е., Қамзабекұлы Д., Нұрахмет И.). – Алматы: Сардар, 2008.-324 б.

3.Терминология мәселелрі. 1910-1930 жылдары 1-том. (Құраст.: Құрманбайұлы Ш., Жұбаева О.). – Астана: ІС-Сервис ЖШС, 2005.-288 б., (Тіл туралы. Б. 89-92).

4.Терминология мәселелрі. 1930-1990 жылдар. 2 –том. (Құраст.: Құрманбайұлы Ш., Әбдірәсілов Е., Әміров Ә.) – Астана: ІС-Сервис ЖШС, 2006.-288.

  1. «Алаштың» тілдік мұрасы: Мақалалар жинағы. (Құраст.: Шүкірұлы С., Тілешов Е.) – «Алматы: КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009.-364 .б

6.Айтбайұлы Ө. Ділғұмырлар мен тілтұғырлар. – Түркістан: Тұран, 408 б., сурет., (Қазақ терминологиясының атасы Б. 10-17: Ұлттың ұлы ұстазы. Б. 18-43: Абай үлгісінің жалғасы дерсің Ахаңды. Б. 191-196: Ахметтану тағылымы. Б. 303-313).

7.Субханбердина У. Қазақ кітабының шежіресі 1807-1917. Библиогр. Көрсеткіш.-Алматы: Рауан, 1996.-285 б.

  1. Рахимжанова С.Р. Из истории книги Казахстана. / 1945-1960 гг./-Алматы: Талант, 1998.-186 с.

9.Шалгумбаева Ж. История казахского книгоиздания: фольклор, художественная литература и их цензура (ХІХ – начало ХХ вв.) Автореф. Дисс. на соиск. канд. ист. наук. – Алматы, 1996.-26 б.

10.Тоқтабаев К., Мұрзин М. Жаңа әліппе жолында.– Қызылорда,1927.–103 б.

11.Араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының каталогы (1841-1932). Құраст.: Н.М. Асқарбекова, Т.А. Замзаева. – Алматы: «Казахстаника» баспа үйі, 2006. – 176 б. – ISBN 9965-473-94-3

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. 1992. – 400 б.