Еліміз 2018 жылдың қаңтарында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететіні белгілі. Сондай-ақ Қазақстан осы жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) да жетекшілік жасайды.

Әлемдік және аймақтық тұрақты­лық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ұжымдық негізде мүше елдердің тәуел­сіздіктері мен территориялық тұтастық­тарын қорғап, көптарапты әскери-саяси ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бұл аймақтық халықаралық ұйымға еліміздің төрағалық етуі Қазақстанның жаһандық саясаттағы беделін өсіре түсетіні сөзсіз.  1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың негізінде 2002 жылы құрылған ұйымның қызмет ету бағыты әскери-саяси ынтымақтастық болып табылады. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ны құру барысында оның қызметіне жаңа сын-қатерлермен, қауіптермен күрес, сыртқы саяси үйлестіру мәселелері де енгізілген. Құрылған күнінен бастап жүйелі түрде жұмыс атқарып, қарқынды дамып келе жатқан ұйым, бүгінде өз қызметін қауіп-қатерлермен күреске жұмылдыра отырып, қарым-қабілетін халықаралық қоғамдастықта көрсете білді, нақты іс-шараларды жүзеге асыру арқылы беделді ұйымға айналды. Өткен жылдың 30 қарашасында Минск қаласында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет­тер басшыларының қатысуымен өткен мерейтойлық саммитте Ұжымдық қауіпсіз­дік жөніндегі келісімнің 25 жылдығы мен ұйымның 15 жылдығы аталып өтіп, мүше елдер басшылары ұйымның алдағы жұмысын, мақсат-міндеттері мен халықаралық және аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылаған болатын. Сонымен қатар жиында Корей түбегіндегі, Ауғанстандағы және Сириядағы мәселелер туралы да жан-жақты айтылды. Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Астана келіссөздерінің маңызын ерекше атап өтті. Минск саммитінің қорытындысы бойынша Қазақстанға ҰҚШҰ төрағалығы табысталып, ұйымның қызметін жетілдіруге қатысты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Ең бастысы, террористік ұйымдардың ортақ тізімі бекітілді, бұл өз кезегінде ұйым елдерінің лаңкестік топтармен бірігіп күресіп, ортақ нәтижелерге қол жеткізулеріне мол мүмкіндіктер беретін болады. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғалы аймақ­тық және ғаламдық қауіпсіздік мәсе­лесін басты назарда ұстап келеді. Бүгінде жаһандық және аймақтық қауіпсіз­дік жүйесі күделене түсуде. Сол себептен Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шы­лығымен Қазақстан өзінің көпвек­торл­ы сыртқы саясатында және БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесіндегі қызметі мен ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК сияқты беделді халықара­лық ұйымдардағы төрағалығы барысында ай­мақтық қауіпсіздік мәселелеріне басым­дық беріп, оларды кең ауқымда қа­рас­тырып, халықаралық қоғамдастықты ай­мақ­тағы ықтимал қауіп-қатерлерді алдын алуға және оларды шешуге шақырып келеді.  Биылғы ҰҚШҰ-дағы төрағалығы­мыз барысында, еліміз өзінің қауіпсіз­дік мәселелерін қамтамасыз ету мен ұйымдар­ды басқарудағы жинақтал­ған тәжірибесін кеңінен қолдана отырып, аймақтағы қауіпсіз­дікті нығай­ту мақсатында жүргізі­ліп келе жат­қан жұмысты әрі қарай жалғастырумен қатар, бірқатар жаңа ұсыныстар жасамақ. Нақтылай айтқанда, ҰҚШҰ-ның терроризмге қарсы әрекет етудің халықаралық жүйесін қалыптастыруға қатысуы, ұйымға мүше мемлекеттердің біріге отырып киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру сынды бағыттар бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар Қазақстан аймақтағы есірткі тасымалына, заңсыз миграцияға, діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы жұ­мысты үдетіп, осы бағытта ұйым мү­ше­лерінің іс-әрекеттерін күшейтпек. Бұл жөнінде нақты жоспар жыл басында мүше елдерге ұсынылатын болады.   Қазақстан ҰҚШҰ-ның әлеуетін арттыру мақсатында 2025 жылға дейінгі мерзім­ге арнал­ған ұжымдық қауіпсіздік страте­гия­сының орындалу қарқынын күшейт­пек. Құжат ұйымның жұмысын жетілдіре түсумен қатар, мүше елдердің аймақтық қауіп­сіз­дік саласындағы сыртқы саяса­тын үйлестіру, үшінші елдермен және басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтас­тықты күшейту, қару-жарақ айналымын реттеу, бітімгерлік қызметін жетілдіру, әскери, әскери-техникалық және әскери-экономикалық байланыстарды арттыру, кадрлар дайындау, ортақ қауіп-қатерлерге қарсы тұру сияқты бірқатар маңызды деген мәселелерді қарастыруға және олардың кейбірін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін болады. Бұлардан бөлек, еліміз өз төрағалығы барысында ҰҚШҰ қызметіне байланысты, аймақтағы қауіпсіздікті сақтауға және түрлі қауіп-қатерлерді алдын-алуға қатысты тың маңызды келісімдер мен құжаттарды 2018 жылдың екінші жартысында Астанада өтетін ұйым саммитінде мүше мемлекеттерге ұсынбақ. Бұл өз кезегінде ҰҚШҰ-ның аймақтағы қауіпсіздікті сақтау саласындағы әлеуетін арттырып, оның қызметінің жаңа сатыға көтерілуіне мүмкіндіктер бермек

Толығырақ: https://www.egemen.kz/article/163212-aymaqtyq-qauipsizdik-kepili

Нұрлан Сейдін – “Ғылым ордасы” РМК Бас директорының
ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары,
тарих ғылымының кандидаты