Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған тұста қоғамдағы халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға ерекше мән берді. Мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі принциптері барлық ұлттық және конфессиялық топтар өкілдерінің тең құқықтарын қамтамасыз ету және барлық конфессиялардың қызметі үшін қолайлы жағдай жасау болып табылды.

Алғашқы заңнамалық актілер тәуелсіз Қазақстанның құқықтық базасын құрып, оның негізіне барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз ететін азаматтық және саяси ортақтық жатты. Қазақстан жүргізіп отырған этносаралық саясат тәжірибесі әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, ұқсас полиэтникалық жағдайдағы елдердің қызығушылығын туғызды.
Халықаралық қауымдастық Қазақстанды мемлекетімізде тұратын барлық ұлт өкілдерінің конфессияаралық және мәдениетаралық келісімін сақтауға бағытталған ішкі саясатты ұстанатын ел ретінде таныды. Қазақстан өркениеттер диалогын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі, әрқашан да өз тарапынан Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі проблемаларды шешуге бағытталған халықаралық бейбіт бастамалар ұсынды.
Республика тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары мемлекет ішінде қоғамның рухани өмірімен, оның әлеуметтік жағдайымен, ұлттық сананың оянуымен байланысты күрделі процестер орын алды. Дәл сол сәтте, яғни 90-жылдардың басында басты жетістік болған халықтар достастығын сақтап қалу мақсатында алғашқы Қазақстан халықтарының форумында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл форумды тұрақты негізде өткізу қажеттілігі жөнінде пікір білдірген. Ал 1995 жылы 1 наурызда республиканың қоғамдық саяси сахнасында ұлттық саясат саласының жаңа институты – Қазақстан халқының Ассамблеясы пайда болды.
Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірегей институт — Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған бірінші мемлекет болды. Бұл институт көпэтносты қоғамның қазақстандық моделінің қалыптасуына және нығаюына ықпал етті, оның қызметі этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бастап-ақ елімізде тұратын халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуда үлкен рөл атқарды.
2007 жылы мамыр айында ҚР Парламенті атқарушы биліктің рөлін өзгерткен бірқатар конституциялық түзетулер енгізді. Конституциялық реформаның ең маңызды жаңалықтарының бірі —Парламент Мәжілісінің депутаттары санының 107 адамға дейін артуы, ҚХА ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Бұл қадам Ассамблеяның рөлін жоғарғы деңгейге көтерді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасына Қазақстан халқы Ассамблеясын өмiр бойы басқару құқығы тиесiлi болды. 2008 жылы 20 қарашада «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы заң қабылданды. Заң мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, Қазақстан Республикасында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара қатынас тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін, құрылу тәртібін және жұмысын ұйымдастыруды анықтайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы — Қазақстан Республикасының Президенті құрған мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыратын мекеме. Ассамблея іс жүзінде Қазақстанның көпэтникалық халқын біріктіретін белсенді жұмыс істейтін қоғамдық институтқа айналды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі этностарды азаматтық топтастыру құралдарының бірі болып табылады. Жалпы, ҚХА қызметінің басынан-ақ республика этностарының мәдениетін жаңғырту мен дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Наурыз мейрамы, корей, неміс мәдениетінің фестивальдері, татар-башқұрт сабантойын бүкіл халық болып атап өтетін болды. Дүниежүзілік ұйғыр жастары фестивалі, неміс балалар шығармашылығының республикалық фестивалі өткізіледі.
Ассамблеяның органдарына мемлекеттік мәртебе беру нәтижесінде ұлттық-мәдени орталықтардың проблемалары шұғыл шешіліп, кейбір мәселелер бойынша үкімет деңгейінде шешім қабылданатын болды. Ассамблея Кеңесінің шешімімен ұлттық-мәдени орталықтарына қаржылық және ұйымдастырушылық көмек көрсету үшін республикалық қор құрылды. Бұл қордың бөлімшелері әрбір облыстарда ашылды.
Ассамблея елшіліктермен тығыз қатынас орнату арқылы халық дипломатиясын жүзеге асыратын органға айналды. Ол жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі этносаралық қатынастар проблемалары жөніндегі халықаралық конференциялардың жұмысына қатысады. Бұл бағытта Ассамблея ЕҚЫҰ-мен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі арта түсуде, себебі ол республика этностарының азаматтық интеграциясының негізгі құралы ретінде қарастырылады. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 1996 жылдан бастап біздің мемлекетімізде 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні болып атап өтіледі.
Ассамблея Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени дамудағы күрделі мәселелерін ашық қарастырады. Ассамблеяның ұлтаралық қатынастардағы қайшылықтарды уақтылы шешудегі еңбегі ерекше, осы институттың күшімен елімізде тұрақтылық сақталып отыр деуге болады. Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің арқасында республикада жүздеген мектепке дейінгі және мектепте білім беру мекемелері мемлекетімізде тұратын халықтардың ондаған тілінде білім беруде.
Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл – барлық этностардың мүдделерін білдіретін ондаған қоғамдық бірлестіктер, көптеген конференциялар, дөңгелек үстелдер, фестивальдер, байқаулар, қайырымдылық іс-шаралар, білім беру бағдарламалары. Ол тәуелсіздіктің алғашқы сындарлы жылдарын сәтті бағындырып, жаңа қазақстандық қоғам құруға қомақты үлес қосты. Ассамблея көп ұлтты Қазақстан халқын біріктірген институт ретінде танылды. Ассамблея Қазақстан азаматтарын патриоттық рухта тәрбиелеп, достық пен бірлікті нығайтуда көп еңбек етуде.
Бүгінгі күні Қазақстан 130 ұлт өкілдерінің ортақ мекені. Қазақ, украин, ұйғыр, орыс, поляк, татар – барлығының құқықтары мен міндеттері тең. Қазақ халқымен тарихи тағдыры біріктірген мемлекетіміздің барлық азаматтары біртұтас Қазақстан халқын құрайды және ұлтына қарамай барлығы тең құқыққа ие.
Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс тәжірибесі әлемнің көптеген елдері үшін пайдалы болмақ. Сенім, дәстүр, транспаренттілік, толеранттылық — бұл біздің көп ұлтты мемлекетіміздің негізге алған қағидалары. Сондықтан да байтақ даламызда барлық ұлт өкілдері татулық, бірлік, ынтымақтастықты жалау етіп, елімізді гүлдендіруге барынша үлес қосатынына сенімдімін.

«Ғылым ордасы» РМК ғылыми қызметкері Даулбаева А.