Сирек кездесетін кітаптар музейі – кодикологиялық зерттеу

орталығы ретінде

 

Аннотация:Музейдің басты қызметтерінің бірі – жәдігерлерді зерттеу болып табылады. Мақалада Сирек кездесетін кітаптар музейінің қорында сақталған қолжазбалардың зерттелу мәселесі қозғалған. Сонымен қатар Музейде ортағасырлық кітап жасау дәстүрімен жасалған және мұсылман шығысындағы жазу мәдениеті үлгісінде жазылған қолжазба кітаптарға кодикологиялық зерттеу жүргізу жұмыстары жайында айтылған.

Қолжазба кітаптары батыстық және шығыстық болып негізгі екі топқа бөлінеді. Орталық Азия мен Қазақстан аумағында көп жағдайда шығыстық, оның ішінде мұсылман әлемінің кітаптары жиі кездеседі. Бұл жағдай «Ғылым ордасы» Сирек кездесетін кітаптар музейіне де қатысты. Музей қорындағы қолжазба кітаптарының барлығы дерлік араб графикасында жазылған және олардың жазылу уақыты ХVIII-XX ғасырлар аралығын құрайды.

Музей үшін сирек әрі құнды жәдігерлерді сақтау ғана емес, сонымен қатар оларды зерттеп, қаншалықты тарихи-мәдени маңызы бар екендігін анықтау болып табылады. Алайда, аталмыш мақалада зерттеудің басқа түрі негізге алынады. Зерттеудің аты – кодикология. Кодикология өз алдына жеке ғылым. Бұл ғылымның басты міндеті – ол қолжазба кітаптарын зерттеу. Оның этимологиясына мән беретін болсақ, «кодикология» термині «кітаптарды зерттеу» деген мағынаны білдіреді. Яғни «codex» сөзі латын тілінен аударылғанда «кітап» деген мағынаны берсе, «logos»– «сөз» деген мағынаны білдіреді[1].

Кодикология ғылымның дербес тармағы ретінде 1960 – жылдардан бастап Францияныңғылыми әдебиеттерінде (Жильбер Уи , Альберт Хрюйс , Леон Жилисен), 1970-жылдардан бастап Ресейдің ғылыми әдебиеттерінде (И. Лебедева, Л. Черепной, А. Мудушевского т.б.), 1990-жылдардан бастап Украинаның ғылыми әдебиеттерінде (Л. Дубровина, А. Гальченко т.б.) көрініс таба бастады. Украинада кодикология саласына алғашқы қадамдар Вернадский атындағы қолжазбаларды зерттейтін ұлттық кітапханада жасалына бастады[2].

Кодикология саласы бірнеше ғылымдардың тоғысуымен терең тамыр жайды. Атап айтқанда: тарих, филология, кітаптану, деректану, библиография, әдебиеттану, текстология, палеография, археография және т.б. Кодикология жоғарыда аталған ғылымдардың ішінде палеография саласымен тығыс байланыста болып, 1940-50 жылдардан бастап ғылымның жеке тармағы ретінде тарихи – филологиялық ғылым болып бөлініп шықты. Жоғарыда аталған ғылымның салалары бір – бірімен тығыз байланысып, өзара бірін – бірі толықтырып отырады. Аталмыш ғылымның тармақтары қолжазбаларды толыққанды зеттеп – зерделеуге мүмкіндік туғызады. Кодикология саласының негізгі бөлігі кодыкография болып, ол  жазба деректердің болмысын жан-жақты зерттейтін обьект болып саналады. Кодыкография латын және грек тілдерінен құралған, «codex»«кітап», «Γραφω» – «жазамын, сызамын» деген мағыналарды білдіреді. Кодикология саласы тарихында алғышқылардан болып Украин ғалымдары жазба деректерді сипаттаудың төмендегідец кодикологиялық моделін жасап шықты:

1) регистрациялық сипаттау

2) сыртқы сипаттау (көлем, парақтардың өлшемі, материал, жазба деректің халі, оның құрылымы, мәтіндер мен беттердің жинақталуы, хат, музыкалық нотация т.б.)

3) құрылымын сипаттау (мәтіндердің жазылу әдісі, тілі, мәтіндердің құрылымы мен ерекшелігі, шығарманың сипаттамасы т.б.)

4) жазба деректің тарихын баяндау (жазба деректің қайдан әкелінген уақыты мен дереккөзі) [3].

Сирек кездесетін кітаптар музейіндегі ортағасырлық қолжазба кітаптарына жоғарыда көрсетілген және әлемдік деңгейде қалыптасқан кодикологиялық зерттеулердің қағидалары қолданыла отырып зерттеу жүргізіледі. Сондай зерттеулердің нәтижесінде ортағасырлық қолжазба кітаптары мен кодикологиялық анализ жайлы жалпы түсініктер мен тәжірибе қалыптасады.

Қолжазба кітапқа анализ жасау барысы екі этапқа бөлінеді. Біріншісі – ол сыртқы анализ. Оған кітаптың жасалу технологиясы жатады. Яғни, кітаптың мұқабасы, парағы, жазу түрі, көлемі, жасалу уақыты мен орны, безендіру стилі. Екіншісі – ішкі анализ. Бұл этапта кодикологтар қандай-да бір қолжазба кітаптың мәтінін, мазмұнын, жазылу тарихын, авторы туралы мәліметтерді зерттейді. Бұл мақалада сыртқы анализге мән беруді жөн көрдік. Ең алдымен мұқаба мен түптеу, қағаз жасау мен жазу ерекшеліктері жайында біраз ақпарат беріп өтелік.

Орта Азиядағы түптеудің негізгі орталықтары Бұхара, Самарқанд, Қоқанд, Ташкент және Хиуа болды. XIX ғ. екінші жартысында үздік түптеушілер атына қоқандтықтар ие болды. Түптеушілерді саххаф немесе муқаууасаз деп атады. Кейде түптеу ісімен кітап сатушылар да айналысты. Көптеген түптеушілер өздерінің дүңгіршіктерін базарларға орналастырған.

XVIII ғ. Бастап Орта Азияда жасалған түптеулердегі пальметталар мен картуштарда түптеу жасаған шеберлердің «осындай түптеуші жасады» деген формада есімдері берілді. Мұсылмандық қолжазба кітаптың көлемі 8-12 парақты құрайтын дәптерлермен (курраса) есептелінді. [4, 190 бет].

Орта Азия халықтары арасында қолжазба кітаптар ұзақ ғасырлар бойы үлкен сұранысқа ие болған. Бұл «қоғамдық» үлкен сұраныс шебер түптеушілерді тудырған және кітап түптеу әулеттік кәсіпке айналғаны белгілі. Соның нәтижесінде Орталық Азияда кітап түптеудің, сыртқы мұқабасын безендірудің өзіндік ерекшеліктері қалыптасқан. Мысалы, раушан гүлі пішінінде мұқабаға турундж салу, сол турундждер ішіне шебердің атын жазу осы өңірдің өзіндік ерекшелігі ретінде бағалауға болады. Сирек кездесетін кітаптар музейіне әкелінген бірнеше жеке қорлардағы кітаптардан осы дәстүр  анық байқалады. Орта ғасырлардаға кітап түптеудің «саххаф» хас шеберлері тарихта аз зерттелді. Түркістан өңірінде өмір сүрген Мухаммед Ибраһим факир сынды саххаф шеберлердің дайындаған мұқабалары экспонат ретінде де, ғылыми дерек ретінде де қолжазба құнын арттырмақ. Әдетте, қолжазба кітаптың сыртқы безендірілуі мен түптелуі тұтынушылардың сұраныстарына байланысты болды. Бұл жағдайда түптеулер көбіне былғарыдан жасалды. Тәжірибе дәлелдегендей қолжазба кітап неғұрлым көп қолданылған болса, соғұрлым оның ғылыми-мұражайлық құндылығы артады. Сол себепті мұқабаға реставрация жасау, табиғи тозуының алдын алу өте маңызды.

Осы күнге дейін жеткен Орта Азиялық және Шығыс Түркістандық кейінгі ортағасырларға тиесілі араб графикасындағы қолжазбалар қағазға жазылған. Қағазды көрсету үшін «қағаз» (қағид) деген сөз қолданылды. VIII  ғасырдан бастап Орта Азиядағы қағаз жасайтын басты жер Самарқанд болды. [4, 181 бет]. Самарқанд Орта Шығыстағы су диірмені көмегі арқылы қолмен  дайындалатын қағаз жасайтын алғашқы орын болғандығы мәлім. Кейінірек, арабтар мен ислам әлемі мәдениетінің арқасында оның дайындалу технологиясы Батысқа тарады – Таяу Шығыстан (ХІ ғ.) Испанияға дейін (ХІІ ғ.), онан соң Еуропаның барлық жеріне тарады. [5]. Қағаз өндіретін басқа да ірі орталықтар қатарында Бұхара, содан кейін өзбек хандықтары кезеңінен бері Қоқанд қаласы, нақтырақ айтсақ Қоқанд қаласына жақын маңда орналасқан Қоғозғар және Шорқұ мекендері де бар. Ірі орталықтарда қағаз шығаруда әдетте су диірмендері қолданылды. [4, 186 бет]. Самарқандтық қағазды жасау технологиясын меңгеріп, ортағасырлық қолжазба өнерін жаңғырту арқылы ғасырлар мұрасын сақтап қалуға болады.

Жазу қағазының бірнеше сорты өндірілді. Ең көп тараған түрі кағаз-и нимкатани.Қағаз жасаудың негізгі шикі заты – кендір талшығы. Қағаз жасау үдерісі қиын болды, әрі көп уақыт пен күшті талап етті. Қолжазбаларға арналған қағаздар түрлі түстерге боялды. Қағазды бояудың рецепті әртүрлі және күрделі. Алайда, түрлі-түсті қағаз көркем безендірілетін қолжазбалар үшін қолданылды. Қарапайым қолжазбалар сұрғылт қағазға жазылды.

Қолжазба жазу үшін арнайы сия дайындап, каллиграфия өнерін меңгерді. Орта Азияның жазу шеберлері мен әдебиетшілері әдетте тушьпен және сиямен жазған. Тушь күйеден және шие камедиясынан, ал сия квасцовтан және сия жаңғақтарынан жасалды. Каллиграфия үшін арнайы қара және түрлі-түсті сия дайындау айтарлықтай қиын және өз құрамында көптеген компоненттерді қамтыды, мәселен, күйе, гуммиарабика ерітіндісі, сия жаңғағы, күйдірілген күкірт, сұйық қына, сұйық басма, шашыратқы арағы, қанттың біршама көлемі және т.б. [4, 182 бет].

Ортағасырлық Шығыс мәдениеті тарихында қолжазба кітабы маңызды орын алды. Оған деген қарым-қатынас мінажат жаратылыс ретінде Құранның діни құндылықтар жүйесіндегі басты рөлімен айқындалды. Оқу, философиялық және құдайтанулық трактаттар, тарихи хроникалар және поэтикалық жинақтары ислам мәдениетінің гуманистік және ағартушылық құндылықтарын жария ете отырып, билеушілер мен меценаттардың, медреселер мен азаматтық мекемелердің кітапханаларын толтырды. Қолжазба кітабы өзіне каллиграф пен суретші-миниатюристтің шеберлігін алып, нағыз өнер туындысы атанды. Каллиграфия мен миниатюралық көркем сурет мұсылмандық Шығыстың алдыңғы қатарлы өнер түрлеріне айналды. Қаламды – қауырсын – дәстүрлі түрде Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар атрибуттарының біріне жатқызған және соған сәйкес барлық билеушілер каллиграфия өнерін меңгеруді өздерінің парызы деп есептеді. [6].

Жоғарыда келтірілген тарихи деректер мен ақпараттар кодикология ғылымының маңызын көрсетеді. Демек, аталмыш ғылымды Сирек кездесетін кітаптар музейі қорындағы ортағасырлық қолжазба кітаптарды зерттеуде қолданылудың да өзіндік мағызы бар. Себебі ортағасыр тарихын зерттеу барысында міндетті түрде ортағасырлыққолжазба кітаптары негізгі дерек ретінде пайдаланылады. Осы тұста ең бірінші кодикологиялық зерттеу жасалады. Кодиколог ғалымдардың зерттеуісіз тарихшы ғалымдар кітаптың ішіндегі құнды деректі ала алмауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда аталмыш ғылымның маңызын айтуға болады. Алдағы уақытта музей қорындағы қолжазба кітаптары зерттеле береді деген сенімдеміз.

 

Пайдаланған әдебиеттер мен сайттар:

 

1.François D. Islamic Codicology: an introduction to the study of manuscripts in Arabic script. London,November 2005.

  1. Шайманов А.С. Мұражай қорындағы жазба мұраларды кодикологиялық

зерттеудің маңыздылығы.

3.Аноним.Кодикология–Блогисторика–http://blog-istorika.ru/istoricheskie-discipliny/kodikologiya/

  1. Т. И. Султанов.Зерцало минувших столетий. Историческая книга в культуре Средней Азии XV-XIXвв. – Санкт-Петербург, 2005. – 301 б.
  2. Сергей Савчук-Курбанов, Газета “Зеркало XXI”.

http://www.e-samarkand.narod.ru/paper.htm

  1. Эльмира Гюль. Возрождая рукописную книгу. http://www.sanat.orexca.com/rus/archive/1-2000/elmira_gul.shtml

http://edu.e-history.kz/kz/publications/view/1220

Досанов Н.А.,

«Ғылым ордасы» РМК

Сирек кездесетін кітаптар музейі