Кеңес өкіметі құрыла бастаған тұста-ақ Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік салаларда қарқынды дамуына байланысты дербес өсімдік әлемі мен өсімдіктер биологиясы мәселелерін зерттейтін мекеме құру қажеттілігі туындады. 1926 жылы республиканың бұрынғы астанасы Қызылорда қаласында Жер халық коммисариатының (Наркомзем) Топырақ институты қарамағында Ботаника бөлімі құрылды. Бөлім құрамында Н.И.Рубцов, В.С.Корнилова, А.А.Дмитриева, Л.А.Смирнов, кейінірек – Н.В.Павлов қызмет істеді.
Қазақстанда ботаникалық зерттеулерді түбегейлі жүргізудің шешуші кезеңі 1932 жылы еді. Осы жылы 14 наурызда КСРО ҒА Президиумы КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасын құру туралы шешім қабылдады. Оның құрамында екі – зоологиялық және ботаникалық сектор болды. Сол жылы құрылған қазақстандық базаның Ботаникалық секторы ботаникалық зерттеулердің орталығына айналды. Секторды алғашында Б.К.Шишкин, 1936 жылы М.Г.Попов, ал 1937 жылдан бастап Н.В.Павлов сияқты көрнекті ғалымдар басқарды. Олардың басшылығымен флористикалық, геоботаникалық және ресурстану жұмыстары жүргізілді.
1943 жылы топырақтану және ботаника секторларының негізінде КСРО ҒА Қазақ филиалының Топырақтану және ботаника институты ұйымдастырылды. Осы жылдары ғылыми ізденіс пен зерттеулердің нәтижесінде «Геоботаническая карта Казахстана» , «Флора Центрального Казахстана», «Растительность полупустынь и пустынь СССР» еңбектері жарық көрді.


1946 жылы 1 маусымда КСРО ҒА Қазақ филиалы негізінде Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. ҚазКСР ҒА-ның толық мүшесі, академигі Н.В.Павлов басқарған Ботаника институты оның алғашқы мекемелерінің қатарында болды. Еліміздегі ботаника ғылымының негізін қалаушылардың бірі Н.В.Павлов Институтқа 16 жыл басшылық етті (1937 жылдан 1953 жылға дейін). Ол – ҚР ҰҒА-сын ұйымдастырушылардың бірі, Қ.И.Сәтбаевтың қызметтес досы, биология және медицина ғылымдары бөлімінің бірінші академик-хатшысы, Ботаника институтының алғашқы директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлықтың лауреаты, ботаник-географ, флоратанушы, өсімдіктер қорын зерттеуші, Қазақстанда ботаника ғылымының негізін құрушы көрнекті ғалымдардың бірі.
Николай Васильевич Павлов 23 мамыр 1893 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласында дүниеге келген.
1911-1917 жылдары Мәскеудің Ауылшаруашылық институтының (қазіргі К.А.Тимирязев атындағы Ауылшаруашылық академиясы) ауылшаруашылық бөлімінің студенті болды. Ол институт тәлімгері бола отырып, ботаника саласында талмай ізденістер жүргізді. КСРО-ның Еуропалық бөлігінде, Кавказда, Камчаткада, Забайкальедегі көптеген ботаникалық зерттеулерге қатысты.
Қазақстан өсімдіктер әлемін зерттеуді Николай Васильевич 1920 жылы бастады. Бұл кезде ол ревком өкілі Әліби Жангелдиннің өтініші бойынша ұйымдастырылған Жер халық комиссариатының Торғай суландыру экспедициясының ботаника бөлімін басқарды. Ботаник ғалым Торғай облысының Қостанай, Торғай, Қырғыз уездерінің, Ақмола облысының Атбасар, Ақмола уездерінің флорасы мен өсімдіктерін зерттеді. Осы зерттеулерінің нәтижесінде бірқатар мақалалары жарыққа шықты.
Мәскеу мемлекеттік университетінде қызмет етіп жүріп, жыл сайын жазда Қазақстанға келетін.
Қазақстанның көптеген аймақтарының флорасын зерттеп, өсімдіктер әлемін жетік білді. Осының нәтижесінде біржола Қазақстанға көшіп келіп, флористикалық зерттеулермен қатар жоғары оқу орындарында педагогтік жұмыс жүргізді. Республиканың флорасы мен өсімдіктерін сақтауды тиімді пайдаланып, оны қорғаудың ғылыми негіздерін жасады.
Қазақ КСР ҒА Қазақстандық филиалына келген тұста ғалым табиғи пайдалы өсімдіктерді зерттеу жұмысын жалғастырды. Ол Алматы облысы Қапал ауданы дәрілік өсімдіктерін, Оңтүстік Қазақстан, Шу-Іле таулары, Қордай, Қаратау, Машаттау, Талас Алатауы, Шу өзені алқабын зерттеді. Осы зерттеулердің нәтижесінде «Оңтүстік Қазақстанның өсімдік қорлары» монографиясын жазды.
Н.В.Павлов КСР Жеңіл өнеркәсіп министрлігінің тапсыруымен Қазақстанның әр аудандарында 13 экспедиция ұйымдастырып, илеуге пайдалы өсімдіктерді зерттеді, олардың құрамын, таралуын және қорын анықтады. Ғалымның басшылығымен жиналған мәліметтер ретке келтіріліп, тоғыз томдық «Қазақстан флорасы» атты ғылыми еңбек басылып шықты.
Көп жылдар бойы жүргізілген ізденістердің нәтижесінде «Қазақстан өсімдіктернің шикізаттары» атты анықтама кітабын шығарды. Бұл еңбекте Қазақстан өсімдіктерінің 1100 түрі қамтылып, олардың географиясы, химиялық құрамы, тұрмыста пайдалану жолдары көрсетілген. Ол 1948 жылы осы еңбегі үшін Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлықтың лауреаты атағын иеленді.
Николай Васильевич ҚазКСР Ботаникалық бағын құруға да белсенеді атсалысты. Ботаника әдебиеттерін жетік білуі оған маңызды жұмыстарды орындауға мүмкіндік берді. Ол көлемі 700 беттен асатын «КСРО Ботаника географиясы» атты үлкен еңбек басып шығарды.
Н.В.Павлов 180 аса ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде 20-ға жуық монография бар. Оның еңбектері ботаника ғылымының алтын қорына енген, осы сала мамандары үшін таптырмас құрал болып табылады.
Көрнекті ғалым, өсімдіктер әлемін зерттеуші және Қазақстан табиғатын қорғауды насихаттаушы Николай Васильевичтың есімі жиырмадан астам гүлді өсімдіктер мен саңырауқұлақтардың жаңа түрлеріне беріліп, мәңгілік бекітілді.
Николай Васильевичтың есімі ботаника ғылымының әйгілі ғалымдарының есімдерімен қатар тұрады. Академик Қазақстанның табиғатын зерттеуге елу жылдай уақытын арнап, ботаника ғылымының дамуына көп еңбек сіңірді. Бүгінгі күні Қазақстанның әр түрлі аймағында академик Н.В.Павловтың есімімен көшелер аталып, ғалымның еңбегі еленіп отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Биобиблиография ученых Казахстана. Николай Васильвич Павлов. – Алматы, 1996.
2. Очерки истории развития ботаники в Казахстане (1932-2017 гг.). – Алматы, 2017. – 160 с.
3. Ботаника және фитоинтродукция институты. – Алматы, 2007. – 132 с.

Даулбаева А.К. научный сотрудник РГП «Ғылым ордасы»