Алия Каженова

ҚР БҒМ ҒМ РМК «Ғылым ордасы»

ғылыми архив бөлім басшысы

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның алдында тұрған келелі міндеттерді іс жүзіне асырып, Елбасының алға тартқан «Қазақстан-2050» стратегиялық жоспарды орындау үшін ең алдымен өскелең ұрпақтың ұлттық-тарихи санасын қалыптастыру қажет екені баршаға  аян. Бұл ретте Президент Н.Ә. Назарбаевтың өзінің жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін баянды етіп, жарқын болашаққа бастап  баратын басты күш- жас ұрпақ екендігіне баса назар аударғаны да кездейсоқтық емес. Жас ұрпақ тәуелсіздікті ұлттық құндылық ретінде  тану үшін кеңес дәуірінде саналы түрде бұрмаланған, сыңаржақты пікірлерге толы, ақтандақ беттері ашылмай келе жатқан төл тарихты түзеу, ой елегінен өткізу, терең зерделеу керек.

Кеңес билігі тұсында марксизм–ленинизм идеологиясы тұрғысынан өмірге келген жасанды тарих қазақ халқының дүниетанымы мен болмысына, ұлттық рухы мен санасына, жұрт өткен жолына қайшы болып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрден, әдеп-ғұрыптан, мәдениеттен тілден ада тұрған, кіріптар психологияны бойына сіңірген тұтастай ұрпақтың қалыптасуына алып келді. КСРО-ның құлдырауы нәтижесінде орнаған тәуелсіздік қазақ халық егеменді ел құру мүмкіндігін беріп қана қоймай, ұзақ уақыт бойы коммунистік идеологияның шырмауында қалып оның мақсат-мүддесін қорғауға қызмет еткен тарих ғылымын жат, керағар, ақиқатқа қайшы әдіс-тәсілдерден тазартуға да жол ашты. Тәуелсіздік кезеңде төл тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, көптеген ғылым-зерттеу жұмыстары жүргізілді, отандық ғалымдар тұжырымдары емін-еркін баспасөз беттерінде басылып, көптеген еңбектер жарияланды. Сонымен қатар, өткен дәуірде айтылуға қатаң тыйым  салынған қазақ халқының  шынайы тарихы айтылып, отандық тарих ғылымы ілгері дамуға мүмкіндік алды.

Отандық  тарих ғылымының өзекті мәселелерінің қатарына Қазақ КСР Ғылым академиясының тарихы жататыны айқын. Өйткені ХХ ғасырдың 40-шы жылдары қазақ жерінде Ғылым академиясының бой көтеруі және оның республикамыздың ғылым –ұйымдастырушылық өзегі мен орталығына айналуы, сол кезеңнің айтулы оқиғаларының бірі болғаны талассыз. Қазақстанда Ғылым академиясын құру идеясы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы  жүріп жатқан жылдары өмірге келді. Ұзаққа созылған қанды соғыс және Қазақстанның майдан арсеналына, шикізат көзіне айналуы республикадағы ғылымды жоғары деңгейде қайта ұйымдастыру қажеттілігін айқын білдіртті. Көрнекті ғалым Қ.И. Сәтбаев  Қазақ КСР  Ғылым академиясын ұйымдастыру ісін табанды түрде қолға алды. Ұлы Отан  соғысы жылдары КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының ғылым мекемелері көбейіп, оның құрылымы өзгерді, кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары өз нәтижелерін бере бастады.

1946 жылға қарай КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының құрамында 16 ғылыми зерттеу институты, 8 жеке сектор, 7 станция және 4 ботаникалық бақ қалыпты жұмыс жасап, онда мыңнан аса ғылыми қызметкер еңбек етті. Олардың ішінде 78 ғылым докторлары мен профессорлар, 200-ге тарта ғылым кандидаттары болғандығын жеке атап  өткен жөн. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары бүлінген халық шаруашылығы мен экономиканы қалпына келтіру елде ғылымды жаңа сапалық деңгейде құру қажеттілігін көтеріп қана қоймай, сол кездің өзінде-ақ Қазақ КСР Ғылым академиясының ашылуына алғышарттар толық кешенді қалыптасып үлгерді.

1945 жылы 31 мамырда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төралқасы және Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің «Қазақ КСР Ғылым академиясын құру» туралы біріккен қаулысы жарық көрді. 1946 жылдың 1 маусымында Қазақстанның жоғарғы ғылыми орталығының ресми ашылу салтанаты Абай атындағы опера және балет театры ғимаратында өтті. Қазақ КСР Ғылым академиясының алғаш президенті болып  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1946-1952,1955-1964жж.) тағайындалды. Сол жылдың күзінде Орта Азия ғалымдарының ішінен Қ. Сәтбаев тұңғыш  болып КСРО Ғылым академиясының толыққанды мүшесі атағына қол жеткізді. 1946 жылдың 3-6 маусымы аралығында өткен Қазақ КСР Ғылым академиясының бірінші сессиясында оның алдағы жұмысы мен Қазақстандағы ғылымды дамыту жолдары қарастырылды.

Сәл кейінірек, 1945 жылғы 26 қазанда КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің жарық көрген «Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастыру туралы», сондай-ақ 1946 жылғы 31 мамырдағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының, Қазақ  КСР Министрлер Кеңесінің «Қазақ» КСР Ғылым академиясын құру туралы қаулыларына сәйкес жаңадан құрылған Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы басшылық құрамы да бекітілді. Бұл құрамға академияның 14 академигі толық мүше ретінде, 16 академик мүше-корреспондент ретінде сайланды. Академияның толық және мүше – корреспонденті болып сайлануға жоғарғы дәрежелі ғылыми еңбектерімен ғылымның дамуына өз үлесін қосқан белді ғалымдар жіберілді. Толық және мүше-корреспонденттердің жалпы санын Қазақ КСР Ғылым академиясының ұсынымен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі бекітті.

Академияның алғашқы құрамына М.О. Әуезов, Ә.Б. Бектұров, И.Г. Галузо, М.И. Горяев, А. Қ. Жұбанов, Н.Г. Кассин, І.К. Кеңесбаев, Н.В. Павлов, М.П. Русаков, Қ.И. Сәтбаев, Н.Т.  Сауранбаев, Г. А. Тихов,  В.Г. Фесенков , С.В. Юшков сынды 14 академик  толық мүше ретінде  кірген болса , Х.К.  Авестиян,  Н.У. Базанова, А.И.  Безсонов, С.Н. Боголюбский, Қ.М.  Мыңбаев, А.П. Полосухин, В.И. Смирнов, А.Н. Сызғанов, Г.Н. Удинцев, М.И. Усанович сынды таныма ғалымдар академиясының мүше-корреспонденті  болып сайланды. Бүгінде осы «заңғар тұлғалардың»  жеке істері мен оларға қатысты  тарихи құжаттар «Ғылым ордасының» мұрағаты қорларында сақтаулы  және  өз құндылықтарын жоғалтқан жоқ.

Қазақ КСР Ғылым академиясының  заңды түрде құрылуы, оның ұйымдастырылуы, құжаттық негізде көрініс табуы бір жылдан астам уақытқа  созылған процесс  екенін жеке атап өткен жөн. Академияға құрылған 1946 жылдан кейінгі уақытта да оның құрылымы, желісі, құрамы, Жарлығы, аспирантура және докторантура бөлімдерінің  жағдайына қатысты жоғарғы кеңес органдарының тиісті қаулылары жарық көріп тұрды. 1946 жылдың 12 шілдесі мен 1947 жылдың 2 қаңтар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының тәртібі мен оның ғылыми мекемелері туралы қаулылар қабылданды.

Қазақ КСР Ғылым академиясы алғашқы жылдары республиканың қазба байлықтарын пайдалану, түсті және сирек кездесетін металдары игеру жұмыстары, химия, өсімдік ресурстары, ауру таралған табиғи аймақтарды зерттеу, аңдарды жерсіндіру, қойдың жаңа тұқымы – арқар – мериностың тұқымын шығару, ас қорыту және лактация физиологиясы сынды зерттеулерді жүргізді. Ал тарих, тіл білімі, заң ғылымы және еліміздің экономикасы саласындағы жүргізілген кешенді жұмыстар жаңа серпіліс алып келді.

Осылайша, еліміздегі ең ірі ғылыми –зерттеу орталығы  құрылып, өз жерінде кешенді жаңалықтар ашып, ғылымның дамуына өз үлесін  қосып, ғылымды дамыту мақсатында әр түрлі іс –шаралар ұйымдастырып, дамыған мемлекеттер қатарына қосылу қадамын жасады.

Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастырылуы, өркендеуі, өсуі республикада қазіргі заман талаптарына сай лабораториялық зерттеу  базасын құрып, ғылыми мамандарды қалыптастыруда, Қазақ КСР Ғылым академиясы КСРО Ғылым академиясының филиалы болып құрылған, 1938 жылдан бергі уақыт ағымындағы қызмет еткен ғалымдарының қосқан үлесі зор. Олар Қазақ КСР Ғылым академиясының  материалдық базасы мен ғылыми кадрларын даярлауда аянбай еңбек етіп, оның өркендеуіне өз ықпалдарын  тигізді. Өйткені құрылғаннан кейінгі  өзін-өзі алып кету мен даму барысы, ең сындарлы уақыт кезеңінен сүрінбей өтіп, кешенді ізденістері мен үздіксіз ашқан жаңалықтардың жандануы соның айғағы.