Мұрат Әбенұлы Айтқожинның туғанына 80 жыл толуына орай
Мұрат Әбенұлы Айтқожин – ҚР ҰҒА академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР ҒА Молекулалық биология және биохимия институтын ұйымдастырушы және бірінші директоры, ҚР ҰҒА президенті, қоғам қайраткері. 2019 жылы маусым айында М.Айтқожинның туғанына 80 жыл толады.
Белгілі ғалым 1939 жылы 29 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында көп балалы отбасында дүниеге келген. Мұрат Айтқожин бала кезінен бастап биология саласына қызығушылық танытты. Оның мектептегі тәжірибе алаңында өсірген үлкен асқабағы кейін Петропавл қаласында өткен ауыл шаруашылық көрмесіне қойылды.
1962 жылы дарынды ғалым әрі ғылым ұйымдастырушысы Мұрат Айтқожин С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетін, ал 1965 жылы М.В.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірді. 1960 жылы ҚазМУ ректоры, ҚазКСР ҒА академигі Т.Б.Дарқанбаев Мұрат Айтқожинді ең үздік студенттердің бірі ретінде Мәскеуге тәжірибе өтуге жіберді. Оның «Рибонуклеаза перментінің диаминдермен ингибирленуі» деген тақырыпта жазған курстық жұмысы 1961 жылы Ашхабат қаласында өткен Орталық Азия мен Қазақстан студенттерінің ІV ғылыми конференциясында бірінші орынға ие болды. Мұрат Әбенұлы универсиетті бітірген соң Мәскеу мемлекеттік университетіне түсіп, КСРО-дағы молекулалық биологияның негізін салушылардың бірі А.С.Спириннің басшылығымен рибонуклеопротеидтер саласындағы зерттеулерін жалғастырды.
Аспирантурада оқыған тұста Мұрат Айтқожин «Жас тұлпар» атты Мәскеудегі қазақ студенттерінің бірлестігінің жұмысына да белсенді ат салысты. Ал аспирантураны бітіргеннен кейін ҚазКСР ҒА Ботаника институтына жұмысқа жолдама алып, онда ақуыз бен нуклеин қышқылдар лабораториясын ұйымдастырды. Осы лабораторияның құрылу уақытын қазақстандық молекулалық биологияның туған күні деп есептеуге болады. Қысқа ғана мерзім ішінде лаборатория америкалық ультрацентрифуга және радиоактивтілікті өлшейтін құрылғылармен жабдықталды. Сол кездері мұндай жабдықтар Мәскеудің өзінде тек бірнеше лабораторияларда ғана болатын. Бұл үлкен жетістік Мұрат Әбенұлының қажырлы еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты.
1976 жылы Мұрат Айтқожин Мәскеу мемлекеттік университетінде «Жоғары сатыдағы өсімдіктердің рибонуклеопротеидтік бөлшектері» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Дәл осы жылы рибонуклеопротеидтердің ерекше класы – информосомаларды ашқаны үшін М.Ә.Айтқожинге КСРО-ның ең жоғарғы марапаты Лениндік сыйлық берілді. Бұл қазақстандық молекулалық биологияның жетістіктерін бүкіл одақ көлемінде мойындау болып табылды.
1979 жылы М.Әбенұлы ҚазКСР ҒА-ның мүше-корреспонденті болып сайланды, сонымен қатар ҚазКСР ҒА Ботаника институтының директоры болып тағайындалды. Ал 1983 жылы Мұрат Әбенұлы Айтқожин ҚазКСР ҒА Молекулалық биология және биохимия институтының негізін қалады. 1984 жылы Алматыда бірқатар Нобель сыйлығының лауреаттарының қатысуымен «Биоорганикалық химия және молекулалық биологияның болашағы» атты халықаралық симпозиумы өтті. Бұл симпозиумның біздің мемлекетімізде өтуі қазақстандық молекулалық биологияның жетістіктерін әлемдік деңгейде мойындаудың үлгісі болды. Осы халықаралық симпозиумның пленарлық отырысында ғалым Мұрат Айтқожин көлемді баяндама жасады.
Мұрат Әбенұлы Айтқожин – республикамыздағы биотехнологиялық ғылымның негізін салушы. Оның бастамасымен алғаш рет генетикалық инженерия, өсімдіктердің жасушалық инженериясы лабораториялары және трансгеноз лабораториясы ұйымдастырылып, Қазақ ауылшаруашылық биотехнологиялық орталығы құрылды.
1986 жылы ол Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болып тағайындалды. Мұрат Әбенұлы Айтқожин бұл қызметте ұзақ болмағанымен, үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарып кетті. Ғылым академиясы басшылығының барлық ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі академиялық ғылымды таяу уақытта ғылыми-техникалық прогрестің алдыңғы шебіне шығаруды қамтамасыз етуге бағыттады. Осы мақсатта іргелі және қолданбалы зерттеулердің, сонымен қатар Қазақстан экономикасын дамытудың басым бағыттары анықталды. Ғылыми-өндірістік бірлестіктер мен инженерлік орталықтар құруға, республикалық академиялық мекемелерінің халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен бүкіл одақтық ғылыми-техникалық бағдарламаларға қатысуына ерекше назар аударылды. Президент М.Айтқожин академия жүйесін басқаруды қайта құруда бірінші әрі ең ірі қадамдар жасады.
Ол еліміздің инновациялық дамуының бастамасында тұруы керек болған іргелі ғылымдардың жасампаздық күшіне шексіз сенді. Ғылыми институттар мен Ғылым академиясына жетекшілік еткен тұста Мұрат Әбенұлы өзін талапшыл әрі беделді басшы ретінде танытты. Ол жауапсыздық пен тәртіпсіздік көріністерін мүлдем ұнатпайтын еді. Әсіресе ғылыми нәтижелердің дұрыстығына ерекше талаппен қарайтын. Ол өзінің көңілін толығымен ғылыми зерттеулерге арнап, ғылыммен айналысқан адам оған барынша қызмет ету керек деп есептейтін.
Мұрат Айтқожин молекулалық биология саласында ғылыми кадрларды тәрбиелеу мен даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Ол Киров атындағы ҚазМУ профессоры бола жүріп, жас мамандарға тәлім-тәрбие беруге көп көңіл бөлді.
Мұрат Әбенұлы Айтқожин талантты ғалым болуымен қатар, мейірімді адам, адал дос, ұлағатты ұстаз еді.
Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорында белгілі ғалымның жеке заттары, құжаттарының көшірмелері және фотосуреттері сақталған. Өскелең ұрпақ үшін бұл жәдігерлер Мұрат Әбенұлының қазақстан ғылымы, оның ішінде молекулалық ғылым саласындағы ерен еңбегін бағалауға мүмкіндік берері күмәнсіз.

Даулбаева Айнұр – Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері