МАУЕРАННАҺРДАҒЫ АРАБ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ МЕКТЕБІ

ЖӘНЕ СОПЫЛЫҚ ӘДЕБИЕТ

(«ХАДИҚАТ АЛ-‘АРИФИН» НЕГІЗІНДЕ)

 

 

Түйіндеме

Мақалада Мауераннаһрдан (Трансоксания) шыққан араб тілі грамматикасын дамытқан белгілі лингвист ғалымдар туралы айтылады. Олардың еңбектеріне, Мауераннаһрлық ортағасырлардағы лингвистикалық мектеп белсенділігіне қысқа шолу жасалады. Мауераннаһрдағы араб лингвистикасының шағатай тіліндегі сопылық әдебиеттегі ізі, тілдік ерекшелігін қалыптастырудағы тигізген әсері Исхақ қожа ибн Исмағил ата әл-Қазығурти ат-Туркистанидің XIV ғ. соңғы ширегінде жазылған «Хадиқат ал-‘арифин» атты еңбегі негізінде қарастырылады.

Тірек сөздер: Араб тілі, араб грамматикасы, лингвистикалық мектеп, Шағатай тілі, Мауераннаһр, медресе.

Аннотация

В статье рассказывается об известных ученых-лингвистах, которые разработали арабскую грамматику в Мавреннахре (Трансоксания). Дается краткий обзор о их трудах и деятельности мавреннахрской лингвистической школы в средние века. Влияние арабской лингвистики в чагатайской суфийской литературе и выделение языкового особенности рассматривается в контексте «Хадикат ал-‘арифин», написанное Исхаком Ходжа ибн Исмаилом Ата ал-Казыгурти ат-Туркистани в XIV веке.

Ключевые слова: арабский язык, арабская грамматика, лингвистическая школа, Чагатайский язык, Мавераннахр, медресе.

Abstract

The article tells about famous linguists who developed Arabic grammar in Maverannahr (Transoxiana). A brief overview is given of their writings and the activities of the Mavrennahr linguistic school in the Middle Ages. The influence of Arabic linguistics in Chagatai sufi  literature and on the formation of a specific language is considered in the context of «Khadiqat al-‘arifin», written by Ishaq Khoja ibn Ismail Ata al-Qazygurti at-Turkistani in the end of XIV century.

Key words: Arabic language, Arabic grammar, linguistic school, Chagatai language, Maverannahr, madrasas.

 

 Öz

Makale, Mavrennakhra’da (Transoxania) Arapça dilbilgisi geliştiren ünlü dilbilimcileri anlatıyor. Yazıları ve Orta Çağ’da Mavrennahr dil okulunun faaliyetleri hakkında kısa bir genel bakış. Arapça dilbiliminin Çağatay edebiyatında ve bilimsel bir dilin oluşumu üzerindeki etkisi, XIV yüzyılda İshaq Hoca ibn İsmail Ata el-Kazıgurti at-Türkistani tarafından yazılmış «Hadikat el-‘arifin» bağlamında ele alınmıştır.

Anahtar kelimeler: Arapça, Arapça dilbilgisi, dil okulu, Çağatay dili, Maverannahr, medrese.

 

Араб грамматикасы ғылымының (илм ан-наху) дамуына Орталық Азияның ерте исламданған өңірі – Мауераннаһрдан шыққан бір топ ғалымдар өлшеусіз үлес қосты. Ислам дінінің әр өңірге таралуы нәтижесінде араб тілі әр халықтың тілдік ерекшелігіне қарай икемделе бастады. Егер араб тілі өзге тілдердің ықпал ына түссе Құран аттарын сауатты оқу, Пайғамбар хадисін қаз-қалпында жеткізу, терең мағыналы дінишығармалар жазу мүмкіндігі шектелетінін парсылық лингвист Ахмад ибн Фарис (941-1004), Ибн Джунни (941-1002), андалустық ғалым Ибн Хазм (994-1064), т.б. әр тараптағы ғалымдар еңбектерінде жарыса жаза бастады. Олар Ислам ғылымын дамыту үшін шариғат шығарушыларды, пайғамбар хадисін жинақтаушыларды, Құран тәпсіршілерін Инб Асуад (603–688), Халил әл-Фарахиди (718–786), Сибауейх (765–796) секілді ілкідегі ғалымдар негізін салып кеткен араб тілінің грамматикасын жетік меңгеруге, грамматикалық сауттылыққа көп көңіл бөлуге үгіттеді. Бұндай үндеулерге Мауераннаһр ғалымдары ерте белсене кіріскен еді. Олардың алғашқысы – Абу  Бакр  Ахмад  бин Мухаммад  бин  Мансур бин ал-Хаййат ан-Нахуи (Х ғ.) болды. Ол араб грамматикасын Шам елдерінде жүргенде үйреніп, сол салада «Китаб ан-наху әл-кабир» (Үлкен грамматика кітабы), «Ма’ани әл-Қуран» (Құран мағыналары) атты бірнеше кітап жазды. Оның ізін танымал «Муснад» атты хадис кітабының авторы Ахмад әл-Барқани (толық аты – Абу Бакр ал-Хафиз ал-имам Ахмад бин Мухаммад ин Ахмад әл-Хорезми, 948-1034) басты. Зерттеушілердің жазуынша, бұл екеуі де бағдаттық лингвистикалық мектеп өкілдері еді[1, 41].

Жоғарыда айтқан үндеулер мүддесінен шығу үшін Мауераннаһрлық бірнеше ғалым басралық мектептің ірі өкілі Сибауейхтің еңбектерін ашықтай бастады. Олардың алғашқысы  Сибауейхтің грамматикасын ашықтайтын «әл-Мадхал илә Сибауейх» атты кітап жазған Абу Хузайфа әл-Бухари [2, 621 б.] болды. Артынша Құран аяттарына тәпсір жазған белгілі философ, филолог Махмуд аз-Замахшари да (1075-1144) «Шарх әбйәт китаби Сибауейх» деген түсіндірме еңбек жазды. Замахшаридің куфалық лингвистика мектеп өкілі, нишапурлық әдебиетші Абу Мансур Са’алабидің (961–1038) шығармаларын ашықтаған бірнеше еңбегі бар. Филолог ғалым араб тілінің флексиясына (и‘раб) көп көңіл бөлді. «Бәрінен бұрын  и’рабты жақсы білу керек, сол арқылы басқа құбылыстарды түсіне аласың және түсіндіре аласың» деп жазған [3, 30 б.] Махмуд аз-Замахшаридің есімі мен шығармалары ислам әлемінде кең танылды. Оның өмір баяны, шығармалары жайлы танымал Ибн ал-Қифти (XIII ғ.), Иақут әл-Хамауи  (XIII  ғ.), Ибн  Халликан  (XIII  ғ.) сияқты ортағасырлық библиографтардың еңбегінде жиі көрсетілді. Зерттеушілер бүгінде Көнеүргенчте (Түркіменстан) жай тапқан бұл ғалымның қаламынан әр түрлі салада 70 аса шығарма туғанын анықтап отыр [4, 75 б.].

Орталық Азияда М.Замахшариден кейін араб грамматикасы бойынша өнімді еңбек жазғандар қатарында әл-Қасим әл-Хорезмиді (1160–1220) ерекше атауға болады. Ол «Китаб әл-‘аджа’иби ан-наху», «Китаб ар-риуая фи ан-наху», «Китаб сихри әл-и’раб»,  «Китаб  шархи  әл-әбнийа’»,  «аз-Зауайа  уа  әл-хабая  фи  ан-наху»,  «ал-Мухассал лил-маслахати фи әл-байан», «әл-Мухтасар», «Китаб әл-миджмара фи шархи әл-муфассал», «Китаб  ат-тахмир  фи  шархи  әл-муфассал», «Китаб  шархи  әл-умузадж»,  «Китаб  шархи  ал-ахаджий  лил-Джаруллах», т.б. 10 жуық шығарма жазды. Бәрі бірдей бүгінге жетпесе де, шығыстық шығармаларда оның еңбектері іргелі, сапалы жұмыс ретінде жоғары бағаланды.

Осылайша ірі ғалымдардың еңбегі мен шығармашылығы негізінде Х–ХІІ ғғ. Мауераннаһрлық лингвистика мектебі қалыптасады. Бұл мектеп өңірде ХVІІ ғ. өте белсенді болды. Ибн ал-Хаийат ан-Нахуидің «ан-Наху ал-кабир», М.Замахшаридің (1075-1144) «ал-Муфассал фи сан’ати ал-и’раб», «Мукаддамат әл-әдәб»,  «Әсәс  ал-балаға», Замахшари шәкірті Бурхан ад-дин ‘Али әл-Мутарризидің (1210 ж.қ.б.) «әл-Мисбах  фи  ан-наху», оған түсіндірме жазған Ахмад ибн Махмуд ал-Джандидің (1351 ж.қ.б.) «Шарх әл-Мисбах  фи  ан-наху», Шараф ад-дин ал-Джандидің (XIV ғ.)  «ал-Иклид», танымал jhnffpbzks0 калам ғылымының ірі өкілі Мас’уд ат-Тафтазанидің (1312–1389) «әл-Мутаууал», «Китаб сихри әл-и’раб» атты шығармалары мауераннхрлық мектептің араб тілі грамматикасы дамуына, сондай-ақ, ‘Илм  аль-ма‘ани (сөз мағынасын зерттейтін ғылым),  ‘Илм  әл-байан (баяндау ғылымы), ‘Илм аль-бади‘ (сөз өнері ғылымы) ‘Илм әл-балаға (шешендік өнер ғылымы) секілді филологиялық ғылыми салаларының қалыптасуына үлес қосқан, өзіндік орны бар еңбек ретінде Ислам әлемінде үлкен сұранысқа ие болды. Мауреннахрлық мектеп өкілдері көбіне Араб халифатында қалыптасқан басра, куфа, бағдат лингвистикалық мектептері өкілдерінің шығармаларына терең түсіндірме жазуыларымен ерекшеленді. Сол арқылы Х ғасырдың орта шенінде араб граматикасының жүйеленуіне көп әсер етті.

Орта Азия өңіріндегі лингвистикалық мектептің соңғы өкілі факих, әдебиетші, филолог ғалым Мухаммад бин Салих бин Мухаммад бин Абдуллах бин Ахмад ал-Газзи ат-Тимурташи (1626 ж.қ.б.) саналады. Ол «Назм алфийа фи ан-наху», «Шарх ар-рахбийа фи ал-фарa’из», «Рисала фи тафзили ал-инсан», секілді грамматикалық ғылым мен шариғат, әдебиет ғылымын бір арнаға тоғыстырған бірнеше еңбек жазды.

Жоғарыда айтқандай, ислам дінің ғылымы жайлы қалам тартқан барлық ғалым араб тілінің грамматикасын жетік меңгеруі тиіс деген үндеу Орта Азия ғалымдары арасында қызу қолдау тапты. Олардың жазған грамматикалық шығармаларына жер-жерлерде түсіндірме кітаптар жызылып, медреселерде кең оқытылды. Са’д ад-дин Мас’уд ат-Тафтазанидің «әл-Мутаууал» шығармасы араб тілі стилистикасын қалыптастырған оқулық ретінде ислам діні тараған әр тараптағы медреселерде кең оқытылды. Жалпы араб тілін медреселерде оқыту дәстүрі Селжұқ сүлтаны Низам ал-Мулк (1018–1092) Бағдадта 1066 жылы ашқан Низамийа медресесінде қалыптасқан болатын. Селжұқтар өңір өңірлерде медреселер ашып, Ислам ғылымының дамуына, кең тарауына үлкен ықпал жасағаны тарихтан мәлім. Шам, Мысыр, Рум елдерінде діни тәлім алған Мауераннаһрлық ғалымдар Орталық Азияда да араб тілінің медреселерде оқытылуына атсалысты. Араб тілінің грамматикасын меңгеру Мауераннаһрда да ортағасырларда ғалымдарға қойылатын басты талаптардың бірі болды. Өңірден шыққан танымал философ, математик, астроном ғалымдар, әсіресе, шариғат ғылымын дамытқан факих улемдер Хусам ад-дин ас-Сығнаки, Қиуам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби, Бурхан ад-дин әл-Марғинани, Мәуләнә Хусам ад-дин әл-Баршинканди, Абу Хафс  ан-Насафи, Абу Лайс ас-Самарқанди, т.б. шығармаларын араб тілінде жазды.

Ортағасырларда кітапты араб тілінде жазуға ұмтылыс мектепішілік, шағын белгілі бір ортаға арнап жазатын сопылық шығармашыл топтар арасында да байқалды. Олар араб тілінде толық шығарма жазбаса да, кейбір үзінділерді, негізгі теорияларды арабша беруге тырысқан. Өйткені, мәтін арабша жазылса ондағы ойлар, догмалар сенімді, әрі нанымды көрінетін болған. Авторлар араб тіліндегі Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін, шариғат үкімдерін терең түсінгенін арабша жазу және оны аудару, түсіндірме беру арқылы дәлелдей алған.

Сондай шағын иасауилік сопылық ортаға арнап жазған Исхақ қожа ибн Исмаил ата ал-Қазығұрти ат-Туркистани «Хадиқат ал-‘арифин» атты шағатай тіліндегі шығармасында мәселені баяндаудың өзіндік тәртібін қалыптастырған; алдымен арабша Құран Кәрімнен көтерген мәселе бойынша аят келтіріп, кейін пайғамбар хадисімен және сол тақырыпқа қатысты айтылған беделді ғалымдар мен шейхтар сөзімен ашықтап, артынша оларды шағатай тіліне аудара келіп, хикая, хикметтермен ой түйіндейді. Мысалы, мына бір ойын жеткізу үшін алдымен автор Құранның «Алланы көп еске алыңдар» (Әзхаб сүресі, 41-аят) деген аяты мен Мұхаммед пайғамбардың «Жүздеріңді көздің жасымен, тілдеріңді Жаратушының зікірімен, жүректеріңді Алланың қорқынышымен жуыңдар»[1] деген хадисін келтіреді. Артынша сахабалардың Мұхаммед пайғамбардан «әл-муфарридун» (ар.т. аудармасы – жүйріктер) деген кімдер?» деп сұраған хикаяны арапша баяндайды. Пайғамбардың: «кім Хақ Тағаланы көп зікір етсе, нәпсісін жеңсе, солар «әл-муфарридундер» деген жауабын аудара келіп: «кім көп зікір салғанымен, көкірегі кірден тазармаса, ол «әл-муфарридун» қатарында болмайды деп ойын шағатай тілінде түйіндейді [5. Б. 90а-б]. «Хадиқатта» әрбір теологиялық ілімдер мен ойлар осындай тәртіппен баяндалады. Бұл шағатай тіліндегі сопылық әдебиеттерде жергілікті филолог, факих-ғалымдардың шығармалары ықпалымен орныққан тәрітіп сияқты көрінеді.

Бұндай тәртіп тек «Хадиқат ал-‘арифинде» ғана емес, исауилік ортада жазылған «Мират ал-қулуб» (XV ғ.), «Манба’ әл-абхар фи риаз әл-абрар» (XVІ ғ.), «Джауаһир ал-абрар мин амуадж әл-бихар» (XVІ ғ.), «Риаз аз-закирин уа башарат ал-‘арифин» (XVIІ ғ.), «Бустан ал-мухиббин» (XVIІ ғ.), «Бахр ал-‘улум» (XVIІ ғ.), «Худжат әз-закирин ли-радди әл-мункирин» (XVIІ ғ.) сияқты басқа да жазба әдебиеттерде қалыптасқан. Аталған шығармалар арасында, мысалы, «Джауаһир ал-абрар мин амуадж әл-бихар» (авторы – Хазини есімімен танымал Махмуд бин Султан Хаджи әл-Мауераннаһри), «Бахр ал-‘улум» (авторы Шайх Худайдад ибн Таш-Мухаммад) шығармалары араб тілінде жазылған.

Жоғарыда көрсетілген шағатай тіліндегі шығармаларда араб тілі полемикалық мәселелерді апологетикалық тұрғыда баяндау кездерінде көп қолданылған. Бұл тұрғыдан қарағанда араб тілі шағатай әдебиеттерінде ғылыми стил қалыптастыруға, өзіндік тілдік, стилдік ерекшелік алуына негіз болған. Арабша мәтіндер шығарманың ауыр салмағын, бірқатар жүгін көтерген десек, шындықтын алыстай қоймайтын сияқтымыз.

Мауреннахрлық лингвистикалық мектеп тарихын, ірі өкілдерінің шығармасын В.М. Белкин [6], В.А. Звегинцев [7] секілді ғалымдар аз зерттеген жоқ, әсіресе, өзбекстандық ғалымдар тарапынан, атап айтсақ, И.Абдуллаев [8],  Б.А. Вахабова [9], Ш.С. Камалиддинов [10],  З.М. Исламов [11],  И.К. Элмуродов [12],  А.А. Яминов [13], т.б. көп зерттеді. Олардың зерттеулерінде көбіне библиографиялық мәліметтер, тарихи деректер қаралды, ал арап-парсы тілдерінің түркі тіліндегі шығармалардың стилін қалыптастырудағы ықпалы, орны жеткілікті деңгейде қарала қойған жоқ. Отандық ғылымда араб, парсы әдебиетінің түркі әдебиетіндегі рөлі, ықпалы кейінгі уақыттарда айтарлықтай зерделеніп келеді. Ортағасырлардағы түркі тіліндегі шығармалардың туу себептері, қалыптасуы, дамуы тақырыбында арабтанушы ұстаз Ұлбала Тұратпайқызының тәрбиесінен шыққан Қ.Е.Төрәлі [14], Ә.Ақжігіт [15] сияқты отандық жас ғалымдар біраз қалам тартты. Сондай-ақ, араб тілінің түркі тіліне және керісінше, түркі тілінің арап тіліне когнетивтік, танымдық ықпалы отандық лингвист-зерттеушілер тарапынан айтарлықтай ауқымда зерделенді. Бұндай зерттеулерде де шығыстану, әдебиеттану, деректану саласына ұзақ жылдар білікті шәкірт тәрбиелеген Ұлбала Тұратпайқызы ұстазымыздың үлесі қомақты болды.

 

Қолданылған әдебиеттер мен деректер:

  1. Мухаммад Тантауи. Наш’ат ан-наху уа тарих ашхури ан-нуххат. – Каир: Дар ал-ма’ариф, 1995. – 325 бет.
  2. Иақут әл-Хамауи ар-Руми. Му’джам әл-удәбә’: Иршад әл-әриб илә ма’рифат әл-әдиб / Құраст: Ихсан Аббас. Баспа І, –Т.2.(7 том) – Бейрут: «Дар әл-ғарб әл-ислами», 1995. –3541 бет.
  3. Мухаммад Замахшаридің. әл-Муфассал фи сан’ати ал-и’раб. – Каир, 1987.
  4. Халидов А. Б. аз-Замахшари // Ислам: энциклопедический словарь / отв. ред. С. М. Прозоров. – М.: Наука, ГРВЛ, 1991. – С. 74-75.
  5. Қолжазба. Исхақ қожа ибн Исмағил ата ал-Қазығурти. «Хадиқат әл-‘арифин» ӨзР ҒА Ә.Р.Бируни ат. Шығыс қолжазбалар орталығы, Фонд ІІІ, №2851.
  6. Белкин В.М. Арабская лексикология. – М., 1975.
  7. Звегинцев В.А. История арабского языкознания. – М., 1958.
  8. Абдуллаев И. Поэзия на арабском языке в Средней Азии и  Хорасана  X – нач. XII вв. – Тошкент: ФАН, 1984.
  9. Вахабова Б.А. Памятники арабоязычной библиографической литературы XII–XIII веков как источники для истории культуры Средней Азии.  Диссертация  на соиск. уч. звание  канд. филол. наук. – Ташкент, 1970.
  10. Камалиддинов Ш.С. Китаб ал-ансаб. – Тошкент: Фан, 1993.
  11. Исламов З.М. Махмуд Замахшарийнинг «Мукаддамату-л-адаб»  асаридаги туркий  феълларнинг тахлили. Филол.ғ.к. ғыл. дәреже алу үшін дайындалған диссертация. – Тошкент, 1993.
  12. Элмуродов И.К. Ёкут Хамавийнинг «Муъжам ал-удабо» асари X–XII асрлар  Хоразм илм-фани ва адабиёти тарихини урганишда мухим манба. Тарих ғыл.докторы ғыл. дәреже алу үшін дайындалған дисс. – Тошкент, 2002.
  13. Яминов А.А. Ибн Халликоннинг  «Вафайат ал–айан»  асарида  Мовароуннахрлик  ва Хуросонлик олимлар. Тарих ғыл. кандидаты ғыл. дәреже алу үшін дайындалған диссертация. – Тошкент, 2008.
  14. Төрәлі Қ.Е. Орта ғасырдағы Қазақ даласында ислами әдебиеттің тууы және қалыптасуы (ХІ–ХІІ ғғ.). Филолог. ғыл. кандидаты ғыл.дәр. алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2005.
  15. Ақжігіт Еділбайұлы. Мәмлүктер кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті (дамуы, әдеби өкілдері, өлең өлшемі). Филолог. ғыл. кандидаты ғыл. дәр. алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2005.

Тұяқбаев Өмір Оразұлы,

Досанов Нұрлан Асылбекұлы

«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейінің

 ғылыми қызметкерлері, Алматы