Қолжазбалар қорындағы Мәриям Хакімжанованың жазба мұралары

Кітапхана ежелден бүгінгі таңға дейінгі құнды жазбалардың арнайы қоймасы. Әлемдегі әрбір кітапхананың өзіндік тарихы бар. Соның бірі 80 жылдық тарихы бар «Ғылым ордасының» РМК Ғылыми кітапханасы.

Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бұйрығымен 1959 жылы 22 қаңтарда тарихи маңызы бар құнды халық мұрасын жинақтап сақтау үшін Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар бөлімі құрылды. Осы сирек кездесетін кітаптар қорының негізгі бөлімінің бірі – қолжазбалар қоры. Ғылыми кітапхананың қолжазба қорында 1929 жылға дейінгі араб графикасымен, 1929-1940 ж. латын алфавитімен жазылған 22000 аса қолжазбалар сақтаулы.

Қолжазба дегеніміз – ел аралаған экспедициялардың жыршылардан, айтушылардан жазып алғандары, ел ішінде ертеден естігендерін хатқа түсіріп сақтаған ұстаздардың, әдебиетті сүйетін адамдардың орындаушылардан жазып алып сақтаған қолжазбалары.

XIX ғасыр – XX ғасырдың бас кезінде жарық көрген жазба мұралары бірнеше саладан тұрады. Негізгі басым бөлігі қазақ ауыз әдебиетінің туындылары: эпостық жырлар, ертегі-аңыздар, айтыстар, қисса-дастандар болып келеді. Әрбір қолжазба халықтың рухани мұрасы. Қолжазбаны көшірушілер, жинаушылар қатарында сол еңбектің авторы, ғалымдар, арнайы мамандар және жалпы сауатты кісілер болған. Солардың ішінде қазақтың белгілі ақыны, Жазушылар одағының мүшесі – Мәриям Хакімжанова. Қазақ ауыз әдебиетінің баға жетпес мұраларын жинап, зерттеу ісіне қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Хакімжанова Мәриям 16 қарашада 1906 жылы бұрынғы Қостанай облысы, Обаған ауданындағы Мезгіл дейтін жерде (Балғожа бидің немересі Ы.Алтынсаринмен туыс) Хакімжан деген кедей шаруаның жанұясында дүниеге келген.

1934 ж. Абай атындағы ҚазПИ жанынан ашылған жұмысшылар факультетін бітірген. 1929-1932ж. «Әйел теңдігі» журналында әдеби қызметкер, жауапты хатшы. 1936-1937ж. Орынбор облысы, Адамовка ауданында «Екпінді»  газетінде бөлім меңгерушісі, 1938-1944ж. Қазақстан Жазушылар одағында халық ақындары бөлімінің меңгерушісі, 1945-1947ж. Тіл және әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер, 1947-1951ж. Республикалық кітап палатасында, 1951-1956ж. «Жаңа өмір» журналында, 1956-1958ж. Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында аға редактор қызметтерін атқарды.

Тұңғыш өлеңі «Женотдельге» 1929ж. «Әйелдер теңдігі» журналында жарияланды. Алғашқы жинағы «Жеңешем өлеңдері» 1935ж. жарық көрді. Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметованың өмірі мен Отан соғысындағы ерлігін жырлаған «Мәншүк» поэмасы (1945, орыс тілінде 1947), «Ана махаббаты» (1953), «Ана көктемі» (1963), «Гүл туралы аңыз» (1970) т.б.

30-ға тарта өлең, поэмалары, балаларға арналған жыр жинақтары басылды. Хакімжанова Мәриям өз жырларында Отан, өмір, бейбітшілік туралы үлкен азаматтық ой толғайды. Ол балалар жазушысы Т.Диктің «Отты бұлақ» повесін, қырғыз ақындары А.Тоқамбаевтың, Т.Сатылғановтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Қазақ халық ауыз әдебиетіне байланысты жинаған материалдары, 40-тан асатын қолжазбасы сақталған. Атап айтатын болсам, 1947 жылы Қостанай экспедициясынан жазылып алынған қолжазбалары:

  • Ыбырай Алтынсариннің баспаға шықпаған өлеңдері:
  1. Я, алла тілегімді бере көргін (1947 жылы Қостанай облысы, Затобол ауданының тұрғыны Абылай шалдан жазып алған) – 1 б.
  2. Кітапқа жазылған Ыбырайдың бір ауыз өлеңі (сол жерден Жүкей Кенжебайұлынан) – 2 б.
  3. Өсиет өлең (Сейітқали Төлегенұлынан жазып алынған) – 3-12 бб.
  4. Ыбырайдың Ақдәулетке айтқаны (Себепов Хасеннен жазып алған) – 18-19 б.
  5. Ыбырайдың Қылышбайға айтқаны – 19-20бб.
  6. Ыбырайдың Байқожаға айтқаны – 21 б.
  7. Аласы ағайынның алаңдатты (айтушы: Мәдіқара ауданы, Қарақоға ауыл советінің тұрғыны Ахмет Жарсақұлы) – 22-23 бб.
  8. Ыбырайдың Қорғамбекке айтқан құтты болсыны (Жанбақаұлы Ахметтен) – 29-30 бб.

Бұлардың бәрі де қара өлең үлгісінде жазылған, қысқа өлеңдер.

Нұржанның термелері, (1947ж., Қостанай экспедициясы), Наушабаев Нұржанның шығармалары, (1940ж., Қостанай облысы), Наушабаев Нұржанның назым өлеңдері мен айтыстары, (1904ж., Арықарағай болысы, Қазақ ССР Ғылым акад.қорына 1940 ж. түскен.).

Бейсенұлы Сейдахметтің өлеңдері, (1946 жылы жинаған Қостанай экспедициясы).

Күдері ақынның 1916 жылғы жазған өлеңі. (1964 жылы), Күдері ақынның өлердегі іштен айтқаны. (1946 ж. Қостанай экспедициясы).

Өске ақынның төрелерді жеңгені, (1947 жылы Қостанай экспедициясы), Өске ақынның төрелерді жеңгені, (1947 жылы Қостанай экспедициясы).

Қазұлы Қашқымбай өлеңдері, (1946 жылы Қостанай экспедициясы).

Тоқымбет поэмасы, 1947 жылы.

1942 ж. Алматы қаласынан жазылып алынған қолжазбалары:

Төлеу мен Әбдірахман айтысы. (1935 ж., Алматы қаласы) – 1-12 б.

Нәрік батыр. (1942 жылы. Алматы қаласы).

Мұрын жырлаған батырлар жыры, Тана (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласында жазылып алынған).

Мұрын жырлаған батырлар жыры, Тама (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласында жазылып алынған).

Мұрын жырлаған батырлар жыры, Көгіс-Төгіс (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласында жазылып алынған).

Мұрын жырлаған батырлар жыры, Ер-Бегіс (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» деп тіркелген. Алматы қаласында жазылып алынған).

«Батырлар жыры», Сүйініш батыр (1962 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласында жазылып алынған).

«Батырлар жыры», Жұбаныш (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласында жазылып алынған).

Нұрадын (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласынан жазылып алынған).

Мұсахан (1942 жылы Алматы қаласынан жазылып алынған).

Мұрын жырау жырлаған батырлар жыры, Жұбаныш (1942 ж., «Қарадөң батырдың ұрпақтары» делінген. Алматы қаласында жазылып алынған).

Мұрын жырау. 1942 жылы.

Шешендік, тапқырлық сөздер (1936 жылы, араб әрпімен жазылған).

Мұсаханның өмірі және поэманың қысқаша мазмұны. (1945жылы).

Жинаған жылдары белгісіз қолжазбалар:

Ағзамама хат ( Ж.б. «Сталин туы» газетінен жазып алып жөндеген) – 1-2 б.

Ақан серінің «Жаман қатын» деген өлеңі ( Ж.б. араб әрпімен жазылған).

Әмірғалидің Нұрсейітке жазған өлеңі. (Ж.б.)

Жапар ақынның қыпшақ Ыбырайға айтқаны. (Ж.б.)

Күдері қожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны. (Ж.б.)

Отан соғысы туралы түрлі жинақтар.

1899-1948ж. қолжазбалар:

Албан Жұпар ханым. Француз халқының ертегісінен алып жазылған поэма-роман. (1946 жылы жыл ақынның айтуынан қағазға түсірген, араб әрпімен жазылған).

Байғанин Нұрпейістің өлеңдері. (1941-1944ж. араб әрпімен жазылған)

Қанапияның әні-«Ақ серкеш». (1947 жылы араб әрпімен жазылған)

Басығараұлы Қанапияның өлеңдері.

/Қобылан ақын/ өлеңі –«Қонақжай». (1947 ж.,араб әрпімен жазылған)

/Қобылан ақынның / нақыл өлеңдері.

Қобыланның қартайғандағы өлеңі.

Өтеғалиева Халиманың өлеңдері. 1948 жылы.

Ақайша мен Қара Сарттың өлеңі. 1946 жылы.

Ақындар жинағы. 1936 жылы.

Әлмағамбет ақынның шығармалары. 1938 жылы.

Баталар туралы материалдар. 1948 жылы.

Досбол бидің әңгімелері мен шешендік сөздері. 1935-1948 ж.

Қазақ ақындарының шығармалары. 1936 жылы.

Қазақ билерінің сөздері. 1927-1949 ж.

Қазақ жеңістің дабылын. 1941-1945 ж.

Тәттіқара ақынның бір сөзі. 1947 жылы.

Төлеу мен Әбдірахман айтысы. 1935 жылы.

Шекті Сары жыраудың сөзі. 1936 жылы.

Шоқанұлы Әбубәкір ақынның шығармалары 1899-1948ж. Ауыз толтырып айтуға болатын қолжазбалар көптеп кездеседі. Хакімжанова Мәриям бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының рухани қазынасы үшін өлшеусіз үлес қосты.

Атақты ақын, ҚР-ның Халық жазушысы, Еңбек Қызыл Ту, 2рет «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған Хакімжанова Мариям 1995 жылы Алматы қаласында өмірден өтеді. Бірақ артында қалған үлкен мұрасы өмірін тоқтатқан жоқ. Бір кезде жинаған материалдар зерттеуге қажет еңбек болып есептелсе, бүгінде оның ғылыми еңбектері зерттеу нысанасы болып отыр.

Қорыта айтқанда, колжазба мұраларын жинақтаудың негізгі дереккөздері, Ғылыми кітапханамыздың Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар қоры болып табылады.

Ата тарихымызды танып – білуде мұндай жазба мұралардың мәні зор. Сол себепті әрқандай рухани – жазба мұраларымызға мұқият қарап, жоғары деңгейде мән берілгені жөн. Сонау есте жоқ ескі замандардан бізге әрең жеткен кез келген жазба мұрамызды көненің көзіндей көріп, көздің қарашығындай сақтай білейік.

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1. «История Казахстана. Дореволюционный период: Аннотированный библиографический указатель казахских, русских  книг и рукописей, хранящихся в фондах ЦНБ/ РК.МОН.ЦНБ; Сост. Галиев В.З.,Бримжарова Р.Т.; Егеубаева Г.К., Абикова Г.М.; Гл. ред. Абугалиева К.К. – Алматы: Типография Комплекс, 2007. –Т.1. – 452с.; Т.2. – 544с.

2. Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды сақтаудың өзекті мәселелері, ғылыми зерттеудегі өзара ықпалдастық және жаңа технологияларды енгізу. ҚР БҒМ ОҒК ғылыми – практикалық конференциясының (Алматы, 18-қыркүйек 2002 ж.) материалдары Алматы, 2004ж.

3. Қазақ ССР ҒА М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы. 1–8 том. Қазақ ССР-ның «ҒЫЛЫМ» баспасы Алматы, 1975ж.

Резюме

Данная статья о жизни и деятельности Мариям Хакимжановой – великой поэтессе казахского народа.

В работе использованы ценные рукописи, монографии и первоисточники, хранящиеся в отделе редких книг, рукописей и национальной литературы.

 

Бегімбаева Ақмарал

«Ғылым ордасы» РМК

 Ғылыми кітапхананың

жетекші кітапханашысы