Археология музейі 1973 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының археология институтының жанынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың бастамасымен республиканың археологиялық материалдарын сақтап, тұрақты түрде ғылыми зерттеу мақсатында ашылған. 2010 жылдың маусымынан бастап Археология музейі «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамына енді.
Археология  музейі ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап тікелей қазақстандық ғалымдардың бірнеше буындарының жұмысымен және отандық археологиялық ғылымның жалпы даму үрдісімен тығыз байланысты. Біздің ғалымдардың елдің барлық өңірлерінде жүргізген көпжылдық зерттеулері Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы ғажап безендірілген, бай әрі сирек мәліметтер жинауға мүмкіндік берді.
Музей археологиялық жәдігерлерді сақтау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Нүсіпбеков, К.А. Әкішев, Х.А. Алпысбаев, М.К.Қадырбаев, А.Г. Максимова, К.А. Байпақов сынды белгілі қазақстандық ғалымдардың қатысумен құрылды.
Музейде әлемдік тарихи және ғылыми маңызы бар сирек кездесетін жәдігерлер жиынтығы бар. Археология музейі осындай сипаттағы республикадағы жалғыз музей бола тұрып, қазақстандық музейтану жүйесінде ерекше орын алады. Музейдің бай қоры, ерекше экспонаттары бүкіл әлемдік ірі көрме алаңдарының назарын сан мәрте аудартты.
Археология музейі әлемнің барлық құрылықтарында теңдесі жоқ талай көрмелер ұйымдастырды және оның барлығы ең жоғары бағаға ие болды. Музей экспонаттарының көрмелері Дания – «On the Silk Road», Италия – «L’UOMO D’ORO», «Altyn Adam L’UOMO D’ORO», АҚШ – «Of Gold and Grass. Nomads of Kazakhstan», «Nomads of Eurasia», Австралия (Сидней қ.,) – «Bright Flowers», Германия – «Сақтардың патша қорымдары: алтын гриф белгісімен», Дижон, Ренн (1990 және 2001 жж.) – «Алтын адам Францияда» елдерінде өтті. Токио (Жапония), Стамбұл (Түркия), Тэгу (Оңтүстік Корея) және т.б. қалаларда Қазақстанның мәдениет күндері аясында мұражайдың құнды жәдігерлері таныстырылды. Қазір мұражай «Nomads and Networks: The Ancient Art and Culture of Kazakhstan» атты белгілі көрмеге, Вашингтондағы (АҚШ) Саклер және Флиер Смитсондық Университетінің ең беделді көрме галереясына қатысады.
Археология музейінің қызметкерлері үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде  шолу экскурсияларын өткізеді.

Қазақстан Республикасы, A26G7T5, Алматы қ., Шевченко к-сі, 28, 2 қабат