Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен көпшілік жақсы таныс. Оның мақсаты ғылымды, техникалық прогресті дамытуға, ғылыми жетістіктерді өмірге енгізуге ықпал ету. Мұнда ұлттық тарихи-мәдени және ғылыми мұраларды сақтап, көбейтуге, оларды одан әрі зерттеп, жан-жақты насихаттауға көңіл бөлінеді.  «Ғылым ордасындағы» бір ерекшелік – осында Қазақстан ғылымының тарихы, Сирек кездесетін кітаптар, Археология, Табиғат мұражайы деген төрт мұражай орын тепкен.
Археология мұражайының ашылуы ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап, қазақстандық ғалымдардың бірнеше ұрпақтарының жұ­мысымен, отандық археология ғылымының даму барысымен тікелей байланысты. Ғалым­дардың еліміздің барлық аймақтарында жүргізген көпжылдық зерттеулері Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихын суреттейтін бай және бірегей материалдарды жинауға мүмкін­дік берді. Көп жылдық археологиялық экспедициялар барысында табылған жәдігерлер, ғылыми тұрғыда зерттеліп, қазіргі таңда көпшілік қауым­ның назарына ұсыну үшін Археология мұражайы­ның көрмелеріне қойылды. Қазақстандық архео­логияның маңызды жәдігерлерінің бірі – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» осы мұражайда зерттелді. Зерттеулердің негізінде В.Садомсков «Алтын адамның» ең алғашқы көшірмесін құрастырды. «Алтын адам» Қазақстан ғылымының жетістіктерін, даму кезеңдерін паш етті, мұражайдың маңызды экспонаттары тізіміне енді.
Қазіргі таңда Археология мұражайы «Ғылым ордасы» РМК құрамында жұмыс істей отырып, еліміздің барлық аймақтарындағы археологтардан қазба материалдарын қабылдап, қор жинақтау жұмыстарын жүргізіп отыр. Мұражай қорындағы және жаңадан қабылданған материалдар негізінде тас ғасырынан бастап, орта ғасырларға дейінгі Қазақстанның ежелгі тарихының барлық кезеңдерін бейнелейтін жаңа ғылыми экспозиция құрылды. Экспозицияда бірегей, әлемдік маңызы бар, қола дәуірінің қазбаларынан алынған материалдар, сақтар мен үйсін­дер дәуіріне жататын коллекциялар, ортағасырлық Отырар, Тараз, Түркістан, Талғар қалаларында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған керамикадан, шыныдан жасалған заттар және тиындар қойылған.
Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы – Қазақстан ғылымының тағдыры жайлы сыр шертеді, ғылым мен өркениет тарихына арналған. Отандық ғылымның бастауындағы Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ортағасырлық әлемдік ғұлама бабаларымыздың еңбектері мұражай экспозициясында орын алған.
Келесі экспозиция Орта Азия мен Қазақ­стан­ды зерттеген ресейлік тарихшыларға, яғни Қа­зақстан ғылымының дамуына терең із қалдырған ірі ғалымдарға арналған. Олардың қатарын­да Н.Я.Бичурин, Г.И.Спасский, А.И.Левшин, В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Григорьев және басқалар бар. Бұл ғалымдардың еңбектерінде қа­зақ халқының тарихы мен мәдениеті туралы мағ­лұматтар жүйеленген. Ш.Уәлиханов пен Ы.Ал­тынсарин еңбектеріне де кең орын берілген.
Мұражайда КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалына арналып жеке экспозиция ұйымдастырылды. Тағы бір экспозиция ҚазКСР Ғылым академиясының бірінші президенті, аты әлемге танымал ғалым Қ.И.Сәтбаевқа арналған. Сонымен қатар залда ҚазКСР Ғылым академиясының бірінші құрамына кірген 14 академик пен ҚазКСР Ғылым академиясының 16 корреспондент-мүшесі туралы деректер берілген.
Ал, Сирек кездесетін кітаптар мұражайы­ның негізгі міндеті – Қазақстанда және шетелдерде сақталған ел тарихына, мәдениетіне, ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптарды бір орталыққа жинақтау, сақтау, зерттеу және дәріптеу; әртүрлі мәдени-тарихи жағдайлардағы олардың әлеуметтік рөлін, көне ғасырдан бері қалыптасқан отандық жазба мәдениетін жан-жақты көрсету. Мұражай қоры Орталық ғылыми кітапхананың көне қолжазба­лар мен сирек кітаптар қоры негізінде жасақтал­ды. Мұражай қорындағы XІII–XX ғғ. аралығын­дағы жазба мұралар таңдап алынып, «Ғасырлар қойнауындағы асыл мұралар» атты экспозиция жасақталды.
Қолжазбалар қашанда елдің сан ғасырлық рухани, саяси өмірінен, мәдениеті мен тарихынан мол мәлімет беретін құнды жәдігер, ұлт мұрасы ретінде есептелген. Сондай құнды жәдігерлер қатарында мұражай экспозициясынан атақты шығыс шайырларының қазақ тілінде жырланған шығармаларын, Хакім Абайдың өлеңдер жинағын (М.Бікеұлының қолжазбасы), халық мұрасын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің этнографиялық материалдарын қолжазба күйінде көруге болады. Шағатай тілінде жазылған «Хандар шежіресі» (XVIII ғ.), Түркістан шеберлерінің «насталик», «насх» жазу үлгілерінде жазған қолжазба Құрандары мұ­ражай көрмесінен лайықты орнын алды. Жаяу Мұсаның 1911-1918 жылдары жазған күнделігі, Кенен Әзірбаевтың өз қолжазбасы, Шәкәрім шы­ғармаларының (ұлы Ахат Құдайбердиевтің) қол­жазбасы және Құнанбайдың Омбы кадет корпусында оқып жүрген ұлы Халиоллаға 1885 жылы жазған хаты мұражайдың құнды жәдігерлері.
Табиғат мұражайы ҚР БҒМ Зоология институтының жетекші ғалымдарының бастамасымен және ҚР ҰҒА бірінші президенті, академик Қ.И.Сәтбаевтың тікелей қолдауымен ашылды.
Елу жыл бойы мұражай өзінің ғылым- білім беру және табиғат қорғау бағыттарының арқасында тек республикада ғана емес елімізден тыс жерлерде кең танымал болды. Мұражайға қойылған экспонаттардың құндылығына баға жетпейді. Экспозицияда ұсынылған жәдігер­лер біздің қоғамымыздың мәдениетін және әлеуе­тін көтеруде үлкен мәні бар біздің ұлттық байлы­ғымыздың ажырамас бөлігі болып табылады.
Мұражайдың негізгі мақсаты – ежелгі гео­логиялық дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қа­зақстанның жануарлар әлемінің бай алуан түр­лілігін көрсету. Сирек кездесетін жәдігерлердің қатарында қазіргі Батыс Қазақстан аумағында, шамамен 130-140 млн. жыл бұрын теңіз кеңісті­гін­де тіршілік еткен теңіз алыбы плиозиозавр­дың омыртқалары, тарбазавр қаңқасының көшір­месі, алып мүйізтұмсық – индрикотери қаңқасы, Торғай ойпатынан табылған олигоцен кезеңінің энтолодон қаңқасы; Ертіс өңірінен табылған алып мастодонттың тоқпан жілігі мен жақ сүйегі және тағы да басқа көптеген жәдігерлер бар.
Бір сөзбен айтқанда, «Ғылым ордасының» мұражайлары жәдігерлерге бай. Сондықтан да болар мұнда келушілердің қарасы еш үзілген емес.

Алтынай Әубәкірова,
«Ғылым ордасы» Сирек кездесетін
кітаптар мұражайының қызметкері