Тарих ғылымының негізі – дерек, ал дерек көзінің бір түрі – қолжазба. Қолжазбалар қашанда белгілі бір кезеңдегі халықтың, елдің тарихи-мәдени өмірінен мол мәлімет беретін бірден-бір құжат болып келеді. Мәдениеті мен тарихын іргелі зерттеулерге негіздеп, дәріптеуді дәстүрге айналдырған Қазақстан өз егемендігінің мәңгілігін, даму жолының айқындығын да жазба мұраларға нақыштап келеді. Сол себепті қазіргі таңда қазақ тарихына қатысты дерек көзін қамтитын қолжазба кітаптарды жинау алдыңғы орынға қойылып отыр. ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасы» РМК құрамындағы Ғылыми кітапханасы мен Сирек кездесетін кітаптар мұражайы жазба мұраларды жинақтап, зерттеуге үлкен ден қойды. Әдетте, кітапханалар мен мұражайлардың қызметіне кітаптарды сақтаумен қатар, оларды қорғау да кіретіні анық. Ғасырлар қойнауынан жеткен, уақыттың тегеуірінен өткен көне кітаптарды сақтау мен қорғаудың кешенді түрі – реставрация жасау.

Көпжылдық тәжірибе нәтижесінде ортағасырлық қолжазба кітаптарының түрлі компоненттеріне; пергаментіне, миниатюраларының бояулы қабатына, сиясына және түрлі кезеңдерде әр түрлі жолмен жасалған түптеулері мен мұқабаларына жасалатын реставрацияның әдістері анықталды. Сондай-ақ олардың тозуына себеп болатын негізгі шаң-тозаңдардың, зеңгірлердің анализін жасап анықтау жолдары мен тәсілдері құрылды. Қалалық жерлерде орналасқан кітапхана, мұражай қорларындағы кітаптардың тозуына бірінші себеп табиғи лас орта екені белгілі. Осы жайды ескере келіп, мақаламызда қалалық ортада жазба мұраларды сақтаудың бүгінгі заман талабына сай жолдарын қарастыруға тырысамыз.

Ортағасырлық қолжазба кітаптарының уақыты, жасалған орны мен конструктивті ерекшеліктеріне тәуелсіз, олардың уақыттан зардап шегіп тозуы және басқа да ерекшіліктері көп жағдайда төменгідей себептерге байланысты болып келеді:

1.Түптерінің ажырауы. Ортағасырлық қолжазба кітаптарының түптерінің бұзылуының алғашқы себебі – жіптерінің тозығы жетіп үзілуі. Нәтижесінде тігілген жіптер ажырап, парақтары шашылады, жоғалады.

2.Түптеудің былғары немесе мата қаптамасының зақымдануы. Оның басты себебі – табиғи көнеруі, ұзақ уақыт қолданыста болуы. Нәтижесінде қолжазбалардың түбінен бөлініп, парақтары блогынан ажырайды. Ашық қалған тігіс жіптері жылдам үгітіліп, үзіледі. Сол себепті, кейінгі түптеулерде (әсіресе XIX-XX ғғ.) кітапқа жөндеу жүргізген түптеушілер кітаптың үзілген тігіс жіптерін жаңа жіппен алмастырып, бөлініп қалған беттерін қайта бекітеді. Реставрация кезінде мұқабаның желінген былғарысын жаңа былғарымен, кейде матамен (барқыт, баршын, жібек және т.б.) ауыстырады.

3. Пергаменттің және қағаздың тозуы. Ұзақ уақыт қолданыста болған немесе қараусыз қалған пергамент немесе қағаз парақтары шаң басып, дақ түсіп ластанады. Әдетте кітаптың алғашқы немесе соңғы парақтары зақымданады; бұрыштары қайырылып,

жекелеген парақтары қиылады, мүжіледі. Сиямен жазылған мәтіндері де зақымданады, олардың өңі қашып, қырылады, ылғалдан түсі бұзылады.

Ортағасырлық қолжазба кітаптарды сақтауда реставрациялаудың маңызы зор. Реставрациялық жұмыс жасау кәсіби реставратор мамандарды қажет ететін жұмыс. Бұл елдегі көп кітапханаларда немесе мұрағаттарда жүргізілмейді. Оның бірнеше объективті себептері бар; реставрациялық шеберханалары жоқ, болса да арнайы заманауи техникамен, құралдармен жабдықталмайды. Сонымен қатар, реставрация жасайтын мамандар да тапшы.

Көне кітаптарды реставрациялау кезінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – «көне қолжазбаның ескірген мұқабасын сақтау қаншлықты қажет?» деген сұрақ. Көп жағдайда көне қолжазбалардың мұқабасы біздің күнімізге дейін сақталмағанын байқаймыз. Сақталған күннің өзінде тозығы әбден жетіп келеді. Ал осындай жағдайларда көне қолжазбаның мұқабасына қайта жөндеу жүргізу ұзақ уақытты және көп шығынды талап етеді. Сондай-ақ, оған реставрация жасау кезінде ішкі парақтарына зиян тигізіп алмаған жөн. Көптеген реставрациялық тәжірибелерден дәлелденгендей, қайта өңдеуден өткен мұқаба қолжазбаның сырқы көрінісімен сәйкес келуі қажет. Мұндай талаптар әсіресе, ортағасырлық қолжазбаларға қойылады.

Орта Азиядағы түптеудің негізгі орталықтары Бұхара, Самарқанд, Қоқанд, Ташкент және Хиуа болды. XIX ғ. екінші жартысында үздік түптеушілер атына қоқандтықтар ие болды. Түптеушілерді саххаф немесе муқаууасаз деп атады. Кейде түптеу ісімен кітап сатушылар да айналысты. Көптеген түптеушілер өздерінің дүңгіршіктерін базарларға орналастырған.

XVIII ғ. Бастап Орта Азияда жасалған түптеулердегі пальметталар мен картуштарда түптеу жасаған шеберлердің «осындай түптеуші жасады» деген формада есімдері берілді. Мұсылмандық қолжазба кітаптың көлемі 8-12 парақты құрайтын дәптерлермен (курраса) есептелінді. [1, 190 бет].

Қолжазба кітаптардың мұқабасын сақтау өте қажет. Өйткені, Орта Азия халықтары арасында қолжазба кітаптар ұзақ ғасырлар бойы үлкен сұранысқа ие болған. Бұл «қоғамдық» үлкен сұраныс шебер түптеушілерді тудырған және кітап түптеу әулеттік кәсіпке айналғаны белгілі. Соның нәтижесінде Орталық Азияда кітап түптеудің, сыртқы мұқабасын безендірудің өзіндік ерекшеліктері қалыптасқан. Мысалы, раушан гүлі пішінінде мұқабаға турундж салу, сол турундждер ішіне шебердің атын жазу осы өңірдің өзіндік ерекшелігі ретінде бағалауға болады. Сирек кездесетін кітаптар мұражайына әкелінген бірнеше жеке қорлардағы кітаптардан осы дәстүр анық байқалады. Орта ғасырлардаға кітап түптеудің «саххаф» хас шеберлері тарихта аз зерттелді. Түркістан өңірінде өмір сүрген Мухаммед Ибраһим факир сынды саххаф шеберлердің дайындаған мұқабалары экспонат ретінде де, ғылыми дерек ретінде де қолжазба құнын арттырмақ. Әдетте, қолжазба кітаптың сыртқы безендірілуі мен түптелуі тұтынушылардың сұраныстарына байланысты болды. Бұл жағдайда түптеулер көбіне былғарыдан жасалды. Тәжірибе дәлелдегендей қолжазба кітап неғұрлым көп қолданылған болса, соғұрлым оның ғылыми-мұражайлық құндылығы артады. Сол себепті мұқабаға реставрация жасау, табиғи тозуының алдын алу өте маңызды.

Көне қолжазбаларда қолданылған сәндік бояулар мен сирек кездесетін мөрлердің әлі күнге дейін сыры ашылған жоқ. Дегенмен бұл саланың оқымыстылары осындай мәселелерді замануи технологияны пайдалана отырып шешудің жолдарын іздесдіруде. Әрине, көне қолжазбаларды бұрынғы өз қалпындағыдай етіп жасауға мүмкіншіліктер туып жатса, ол баршамызды қуантатын жайт болары анық. [2, 34 бет]. Тіпті жөндеуге келмейтін мұқабалардың муляжын жасауда соңғы технологиялардың мүмкіндігін пайдалану аса қажет.

Құжаттардың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін түрлі физикалық қорғау әдістері бар. Қоршаған ортаны бақылау, сақтау қоймаларында сапалы контейнерлерді пайдалану қолжазба кітаптарының өмірін ұзартуға көмегін тигізеді. Кітаптарды қорғау мен сақтауға бағытталған қадамдар әр институтта әрқалай жүзеге асатыны анық. Қолжазбаны қорғаушының қолында қажетті жаңа техника болуы немесе болмауы мүмкін.

Ластанған ауа мен тозаңның қолжазбаға тигізетін әсеріне қайта оралсақ. Атмосфераның тозаңдануы мен ластануы кітапхана қорларының құртылу себебептерінің бірі екенін жоғарыда айттық. Кітапқа түскен тозаң оларды ластайды. Бұл жағдай олардың сыртқы келбетінің нашарлай түсуіне әкеп соқтырады. Сонымен қатар, тозаң ауадағы химиялық қоспаларды тартады. Мұның нәтижесінде құжат материалдарының қышқылдылығы артып, ескіру үдерісі жылдамдайды. Сондай-ақ тозаң зеңгірлер мен бактериялардың тасымалдаушысы және пайда болу көзі. Зеңгір спорларының ауада болуы адамдар үшін де қауіпті. Қағазды зақымдайтын зеңгірлердің ішіндегі 20-дан астам түрі адамның қышыма дертіне шалдығуына әкеліп соқтырады. Адамдардың дертке шалдығуы жұтқыншақ және тері беті арқылы іске асады. Зеңгірлер аллергия, сондай-ақ тері, өкпе, көз ауруларына алып келуі мүмкін. Сондықтан бөлмелер мен құжаттарды тозаңнан тазартудың кітапханалар қызметкерлері мен келушілерінің денсаулықтарын сақтауда маңызы зор. Жоғары ылғалдылық жағдайында микроорганизмдер тез дами бастайды, ал тозаң олардың азықтанатын ортасына айналады. [3, 24 бет].

Көмірқышқыл газдарының кітаптарды зақымдауы ғылыми дәлелденген. Алматы қаласының табиғатты қорғау прокуратурасының 2011 жылғы мәліметтері бойынша машиналардан шыққан түтін, пайдаланылған газдар барлық ластаушы заттардың 80 пайызын құрайды [4].

Көмірқышқыл газдарының бір түрі – сера диоксиді. Сера диоксиді – сераны қамтитын жанармайды (бірінші кезекте көмір және мұнайдың ауыр фракциялары) жаққанда атмосфераға тарайды. Сера диоксидінің басты көзі – электр станциялары, бу жіберетін қазандықтар және металлургия өнеркәсіптері болып табылады. [5]. Сера қышқылы майда тамшылардан тұратын жеңіл тұман түрінде ауа құрамында болады [6]. Сол себепті сирек кітаптар мен қолжазбалар қоймасын сырттан келетін түрлі зиянды газ қалдықтарынан қорғайтын арнайы фильтрациялық және вентиляциялық техникамен жабдықталған қоймаларда сақтау қажет.

Бұл замана ағымында болған кері әсерді тоқтату мүмкін емес. Сондықтан қолжазба кітаптарды сақтау мақсатында олардың көшірмелерін жасау сас орынды. Қолжазба кітаптарының ішіндегі мол мәліметті сақтаудың бірден-бір жолы – көшірме жасау десек артық айтқандық емес. Осыған қатысты Әзірбайжан ҰҒА-ның М. Физули атындағы Қолжазбалар институтының аға ғылыми қызметкері Сабина Нейматзаде заманауи техникаларды пайдалана отырып, көшірме жасаудың маңыздылығын: «Келешек ұрпаққа ғасырлар бойы сақталып келе жатқан мәдени мұраны қалдыру керемет болар еді. Соған сәйкес оцифровка сандық технологиясы бұл іске көмек тигізеді деп үміттенеміз. Сонымен қатар, оцифровка, бізге аса раритетті және бірегей экспонаттарды күллі әлемге тарту ету мүмкіндігін береді» – деп көрсетеді. Сондай-ақ, «… Зерафшан, Халкари, Зерендерзер секілді тазхиб үлгілерімен көркем безендірілген қолжазбалар оцифровка кезінде де реставрация және консервация кезіндегідей ерекше сақтық пен мұқияттылықты талап етеді. Қолжазбалармен қалай жұмыс істеу керектігін түсіну үшін маман олардың әрқайсысының жасалу техникасын білуі тиіс» деп, қолжазбаның сандық нұсқасын жасау кезінде де ұқыптылықты, біліктілікті қажет ететінін атап өтеді [7, 8 бет].

Қор сақтаушы қолжазбаны зерттеу құқығына, оның репродукциясы мен экспозициялануына қалай кедергі жасамауға болатынын анықтап алып, оның жақсы сақталуын қамтамасыз ету де арнай тоқтап өтуге лайықты мәселе. Бұл мәселені шешудің

бір жолы – қолжазбаның түпнұсқасын сапасы жоғары көшірмесімен ауыстыру. Ол өз кезегінде түпкілікті немесе көп жағдайда тұтынушының сұранысын қанағаттандыра алады. Сондай-ақ, жазба деректің нақты көшірмесі жақсы сапада жасалса, оның ғылыми сенімділігі түпнұсқадан еш кем болмайтынын ескерсек, көшірме жасаудың маңыздылығын тарқатып жату да артық болар.

Қазіргі таңда «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына», «Тарих толқынындағы халық» сияқты Мемлекеттік бағдарламалар аясында шетелдік қорлардан алынған осы секілді түрлі көшірмелер бар. Біреулері өте көп уақыттан бері белгілі болса, енді бірі соңғы онжылдықтарда танылды. Түпнұсқа қолжазбаларды көп жағдайда ауыстыра алатын көшірмелердің үшеуін атап өтейік. Олар баспа факсимильді басылымдар, электронды факсимильді басылымдар және қолжазбалық құжаттардың электронды модельдері. Көшірмені алғаннан соң оны түпнұсқаның қасына орналастыру қажет. Себебі мұражайға немесе кітапханаға келушілер сол қолжазба кітаптың ішіндегі құнды мәтінмен танысумен қатар оның шынайы келбетін тамашалағанды қалайды. Яғни, қолжазба кітабы нашар сақталған болса да оны көрерменге экспонат ретінде таныстыруымыз керек.

Ресей ұлттық кітапханасы қолжазба бөлімінің меңгерушісі Е.А. Елагина микрофильм жасаудың кері әсерін былай деп түсіндіреді: «… Микрофильм жасау үдерісі кезінде құжаттар өзіне негативті ықпал ететін физикалық әсерге тап болады. Одан алынған көшірме зерттеушілерді қанағаттандыра алмайды. [8].

Осы күнге дейін жеткен Орта Азиялық және Шығыс Түркістандық кейінгі ортағасырларға тиесілі араб графикасындағы қолжазбалар қағазға жазылған. Қағазды көрсету үшін «қағаз» (қағид) деген сөз қолданылды. VIII ғасырдан бастап Орта Азиядағы қағаз жасайтын басты жер Самарқанд болды. [1, 181 бет]. Самарқанд Орта Шығыстағы су диірмені көмегі арқылы қолмен дайындалатын қағаз жасайтын алғашқы орын болғандығы мәлім. Кейінірек, арабтар мен ислам әлемі мәдениетінің арқасында оның дайындалу технологиясы Батысқа тарады – Таяу Шығыстан (ХІ ғ.) Испанияға дейін (ХІІ ғ.), онан соң Еуропаның барлық жеріне тарады. [9]. Қағаз өндіретін басқа да ірі орталықтар қатарында Бұхара, содан кейін өзбек хандықтары кезеңінен бері Қоқанд қаласы, нақтырақ айтсақ Қоқанд қаласына жақын маңда орналасқан Қоғозғар және Шорқұ мекендері де бар. Ірі орталықтарда қағаз шығаруда әдетте су диірмендері қолданылды. [1, 186 бет]. Самарқандтық қағазды жасау технологиясын меңгеріп, ортағасырлық қолжазба өнерін жаңғырту арқылы ғасырлар мұрасын сақтап қалуға болады.

Жазу қағазының бірнеше сорты өндірілді. Ең көп тараған түрі кағаз-и нимкатани. Қағаз жасаудың негізгі шикі заты – кендір талшығы. Қағаз жасау үдерісі қиын болды, әрі көп уақыт пен күшті талап етті. Қолжазбаларға арналған қағаздар түрлі түстерге боялды. Қағазды бояудың рецепті әртүрлі және күрделі. Алайда, түрлі-түсті қағаз көркем безендірілетін қолжазбалар үшін қолданылды. Қарапайым қолжазбалар сұрғылт қағазға жазылды.

Қолжазба жазу үшін арнайы сия дайындап, каллиграфия өнерін меңгерді. Орта Азияның жазу шеберлері мен әдебиетшілері әдетте тушьпен және сиямен жазған. Тушь күйеден және шие камедиясынан, ал сия квасцовтан және сия жаңғақтарынан жасалды. Каллиграфия үшін арнайы қара және түрлі-түсті сия дайындау айтарлықтай қиын және өз құрамында көптеген компоненттерді қамтыды, мәселен, күйе, гуммиарабика ерітіндісі, сия жаңғағы, күйдірілген күкірт, сұйық қына, сұйық басма, шашыратқы арағы, қанттың біршама көлемі және т.б. [1, 182 бет].

Ортағасырлық Шығыс мәдениеті тарихында қолжазба кітабы маңызды орын алды. Оған деген қарым-қатынас мінажат жаратылыс ретінде Құранның діни құндылықтар жүйесіндегі басты рөлімен айқындалды. Оқу, философиялық және құдайтанулық трактаттар, тарихи хроникалар және поэтикалық жинақтары ислам мәдениетінің гуманистік және а,артушылық құндылықтарын жария ете отырып, билеушілер мен

меценаттардың, медреселер мен азаматтық мекемелердің кітапханаларын толтырды. Қолжазба кітабы өзіне каллиграф пен суретші-миниатюристтің шеберлігін алып, нағыз өнер туындысы атанды. Каллиграфия мен миниатюралық көркем сурет мұсылмандық Шығыстың алдыңғы қатарлы өнер түрлеріне айналды. Қаләмды – қауырсын – дәстүрлі түрде Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар атрибуттарының біріне жатқызған және соған сәйкес барлық билеушілер каллиграфия өнерін меңгеруді өздерінің парызы деп есептеді. [10].

Қорыта айтқанда кешегі тарихымыз бен мәдениетімізді келешек ұрпаққа мұра қылып қалдыру мақсатында әрбір азамат сирек қолжазба кітаптарды сақтау және қорғауға өзіндік үлесін қосса, отандық ғылымның алға жылжуына себепші болмақ. Елдің мәдениеті жазба ескерткішімен өлшенеді. Сондықтан, жазба мұраларға қырын қарау, олардың сақталуына салқын қарау келер ұрпаққа қиянат деп ұққанымыз абзал.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Т. И. Султанов. Зерцало минувших столетий. Историческая книга в культуре Средней Азии XV-XIX вв. – Санкт-Петербург, 2005. – 301 б.

2. И.П. Мокрецова. Средневековая рукописная книга, ее сохранность и реставрация. – 52 б.

3. Лапшина Н. С. Режим хранения документов в библиотеках. Обеспечение сохранности документов в библиотеках. Сборник методических и практических материалов. – Челябинск, 2006. – 69 б. 4. Анна Ли. Дышать – опасно для здоровья. http://www.caravan.kz/article/37949

5. Аноним. Влияние вредных примесей в атмосферном воздухе на здоровье человека. http://www.meteo.md/ru/zdorovie.htm

6.Савкова Ольга . Диоксид серы в продуктах переработки плодов и овощей. – Курск, 2010. – 45 б.

7. Сабина Нейматзаде. Оцифровка художественно оформленных и раритетных рукописей в целях сохранности культурного наследия. http://cultural-heritage-conf.ru/publications/nematzade.html

8. Н.А. Елагина. Новые технологии и проблемы сохранности рукописных коллекций. http://www.nlr.ru/tus/121103/elagina.htm?print=1

9. Сергей Савчук-Курбанов, Газета “Зеркало XXI”. http://www.e-samarkand.narod.ru/paper.htm

10. Эльмира Гюль. Возрождая рукописную книгу. http://www.sanat.orexca.com/rus/archive/1-2000/elmira_gul.shtml

Резюме

На сегодняшний день часть современной мировой науки занимается изучением средневековых рукописей, что является духовным достоянием средневекового востока. С целью хранения и защиты отечественных рукописных книг, проводятся ряд комплексных работ. В данной статье рассматриваются проблемы сохранности редких рукописных книг, причины дефекта, а также способы их защиты.

Summary

Today some of the modern world science deals with the study of medieval manuscripts, which is the spiritual heritage of the medieval east. Nowadays number of complex operations are

being carried out in order to store and protect native manuscripts. This article discusses the problem of preservation of rare manuscripts, because of the defect, as well as ways to protect them.

Досанов Нұрлан Асылбекұлы,

«Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайының кіші ғылыми қызметкері.

(Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы)