Қазақ ғылымы, бұл – өре басы орта ғасырларда әл-Фараби бабаларымыздан бастап, беріде Шоқан Еуропаға есік ашып, Қаныш Сәтбаев қазығын қаққан берік негіз. Бүгінге дейін еліміздің небір ғалымдары өз еліміз былай тұрсын, Еуропа елдері, АҚШ, тіпті Жапонияға дейін барып, сонда лекциялар оқып жатқан жайы бар. Алайда шыны керек, 90-жылдардағы тоқырау салдарынан ел жаппай күнкөріс көзімен кетіп, ғылымға деген көңіл бәсеңсіп қалғаны рас. Енді экономикалық ахуалымыз түзелген шақта, ғылым-білімге қайта күн туды.Күні кеше, яғни ағымдағы жылдың 21 қарашасында еліміздің Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіп­орнында қайта жөндеуден өтіп, сондай-ақ экспонаттармен толықтырылған Архео­ло­гия, Қазақстан ғылымының тарихы, Та­би­ғат және Сирек кездесетін кітаптар мұра­жайлары ашылды. Бұл шараны мәдениет, әдебиет, ғылым өкілдері ерекше қуа­ныш­пен қабылдап, «біз үшін бүгін мереке» десті бірауыздан.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ, академик:
– Бүгінгі ғылым ордасында төрт бір­дей мұражайдың ашылуын мен қазақ ғылымының төрт құбыласының түгел­де­нуінің басы деп білемін. Қазақстан ғылымы деген бұл бүкіл кешегі кеңестік дәуірдің өзінде атақты ғылым орда­ла­рының бірі болатын, Мәскеу, Украина, сосын үшінші орында Қазақстан тұра­тын. Қазақстан ғалымдарының білім дәрежесі соған жеткен. Әсіресе біздің ғылымымыз Қаныш Сәтбаевтың тұсын­да дәуірлеп тұрды. Ол қазақ ғылы­мы­ның бір емес, сан саласын сондай биік дәрежеге жеткізіп кетті. Шапық Шөкин, Шахмардан Есеновтердің барлығы да сол Сәтбаев кезеңіндегі деңгейді түсір­меуге тырысты, сол жолда барын салды. Кейін келе қиын кезеңдер басталды, Тәуелсіздік келіп, бағыт-бағдар өзгерді де, біраз абдырап қалдық. Бірақ шүкір, қазір Елбасымыздан бастап ғылымға барынша жағдай туғызып, қаржыны аяп жатқан жоқ. Осы кезде енді қазіргі ұрпақ өткен тарихымызды білмей, бола­шаққа апарар мағлұматсыз қалуы мүмкін екенін түсінуі шарт. Ал енді бүгін мұражайлардың ашылуы көптеген мағ­лұматтар береді, адамдарды ғы­лым­ға жетелейді. Бүгін бәрі де ғылымсыз өмір­дің мәні жоқ екенін түсіне бастады. Экономикалық ахуалымыз да соған мүмкіндік беретін жағдайға жетті. 

Бұл мұражайларда Қазақстанның жа­нуар­лар әлемінен бастап, мәдениеті мен ғылымының әр кезеңдерінен сыр шертетін және бүгінгі күні аса құнды болып табы­ла­тын бірегей жәдігерлер жинақталған. Кей мұражайлар тарихы онжылдықтарды, мәселен, Табиғат мұражайы өткен жылы өзінің 50 жылдығын атап өтті. Ал архео­ло­гия мұражайы 1973 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Археология инс­ти­туты жанынан ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рын жүргізу мақсатында ашылған болатын. Палеолит дәуірінен бастап әйгілі, әлемдік маңызы бар қола дәуірі қорымдарының қазбаларынан алынған материалдар, сақтар мен үйсіндердің дәуіріне жататын коллекциялар, ортағасырлық Отырар, Тараз, Түркістан, Талғар қалаларында жүр­гі­зілген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған шыны ыдыстар мен тиындар жинақталса, сирек кездесетін кітаптар мен Қазақстан ғылымының тарихы мұ­ра­жайын­да еліміздің тарихы жайлы жазған сонау кездердегі шетел тарихшылары мен өз арыстарымыздың бүгінде жоқ кітаптары тұр. Олардың жалпы саны жайлы айтсақ, 500-ден астам сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар.

Көпжасар НӘРІБАЕВ, академик:
– Бүгін төрт мұражайдың ашылуы болып жатыр, осылардың ішінде Қазақ­стан ғылымы тарихының мұражайын ашу – бұл өте үлкен жаңалық. Бұрын-соңды болмаған, бірақ өте керек нәрсе. «Қазақта бұрын ғылым болмаған» деген қаңқу сөзді жоққа шығарып, бізде ғылым да, білім де, керемет ғұлама ғалымдардың да болғанын дәлелдейтін мұражай бұл. Кезінде көршілес өзбек елі «әл-Фараби біздікі» деген де дау шығарған. Ал біз айтысып-тартысып жатпай, еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орнына осы бабамыздың атын берген болатынбыз. Бүгін сол Фараби бабамыз, Ясауи, Мұхаммед Хайдар Дулати және Абай, Шоқан ата­ла­рымыз негізін салған қазақ ғы­лы­мының бар екенін паш ететін, жүйелі іс болары сөзсіз. 

Отырардың ортасымен…
Мұражайды аралап келе жатып, бір бұрышқа көзің еріксіз түседі. Күмбездері көз тартатын сәулетті көне шаһар орта­сын­да ақ сәлделі әл-Фараби бабамыз ойлы көзімен көкжиекті шолып тұр. Мәде­ниеті гүлденген сонау бір кезге сүңгіп кеткің келеді.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР, фото: Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ
Алаш айнасы республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газеті