Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Бүкілодақтық География қоғамының толық мүшесі, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткері Әлкей Хақанұлы Марғұлан – археология, этнография, тарих және өнертану саласының көрнекті маманы. Қазақстан археология мектебінің негізін құрушы ғалымның туғанына биыл 115 жыл толып отыр.

Әлкей Марғұлан 1904 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ халық ертегілері мен аңыздарын, әндерін тыңдап өскен Әлкей Хақанұлы бес жасынан жазып, оқи білді, сондай-ақ «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сияқты халық дастарын жатқа білген.

Ол Ленинградтағы Шығыс институтының әдебиет факультеті және Мемлекеттік тарихи академияның Материалдық мәдениеті ғылыми орталығының аспирантурасын тәмамдаған соң, ұзақ жылдар бойы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімін басқарды.

Ленинградта Әлкей Марғұлан Орталық Азия тарихы мен археологиясы бойынша академик В.В.Бартольд, үнді фольклорынан академик С.Ф.Ольденбург, парсы поэзиясынан Е.Э.Бертельс, көне түркі тілдері бойынша С.Е.Малов, Орталық Азия халықтарының әдебиеті бойынша А.Н.Самойлович сияқты ірі ғалымдардан дәріс алды, шынайы ғылыми мектептен өтті.

Ғалым Оңтүстік Қазақстандағы Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орындарында жүргізілген археологиялық зерттеулердің негізінде «Ежелгі Қазақстандағы қалалар мен құрылыс өнерінің тарихынан» атты алғашқы монографиясын жазды.

Ә.Х.Марғұланның зерттеулерінің негізгі объектісі Орталық Қазақстан болды. Бұл зерттеулер нәтижесінің бірінші кезеңі «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» деген ұжымдық монографиясынан көрініс тапты. Нәтижесінде аталған еңбек Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Археологиялық зертеулермен қатар Әлкей Хақанұлы Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағын басып шығару жұмысына басшылық етті. Осы мақсатпен ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбор қалаларындағы Шоқанға байланысты материалдарды жинап, 1961-1965 жылдары Шоқан Уәлихановтың алғашқы бес томдық шығармалар жинағын дайындады.

Біздің заманымызға дейінгі ІІ – І мыңжылдықтың басындағы Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың тарихы мен мәдениетін сараптауға арналған «Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті» монографиясы академик Ә.Х.Марғұланның отыз жылдан астам еңбегінің нәтижесі болды.

Дереккөздердің ауқымды әрі алуан түрлі болуы автордың Орталық Қазақстан даласында өзіндік ерекше және айқын беғазы-дәндібай мәдениетінің болғандығын дәлелдеуіне мүмкіндік туғызды. Монографияда Беғазы және Дәндібай мәдениеті Қазақстанның ежелгі тарихының одан бұрынғы және одан кейінгі дәуірімен тығыз байланысты екендігі жайлы ой айтылады.

Кітапта барлық зерттелген қорымдар, мавзолейлер, беғазы-дәндібай мәдениетінің қоныс-мекендері туралы деректер алғаш рет жинақталып, ежелгі ескерткіштердің архитектуралық келбеті қайта жасалды, тасқа қашау өнері, металдарды көркемдік өңдеу мен сүйектердің керемет нұсқалары егжей-тегжейлі көрсетілді. Көптеп табылған алуан түрлі оюлы керамикаға анықтама жасауға баса назар аударылған.

Орталық Қазақстан ескерткіштерінің ерекшелігін зерттей отырып, автор сол кезеңдегі Орталық Азияның кең байтақ далалық аймағында орын алған этномәдени үдерістерді әлеуметтік үдерістермен өзара тығыз байланыста қарастырады. Ғалымдар Орталық Азия ескерткіштері мен Орталық Азия, Таяу Шығыс, Поволжья, Сібір, Моңғолия ескерткіштерін тарихи аспектіде салыстырмалы талдау бойынша өте үлкен жұмыс атқарды. Бұл монографияның маңызы соншалық, ол тіпті қазақ халқының мәдениет тарихы щеңберінен әлдеқайда алыс шығады. Беғазы-Дәндібай мәдениеті бойынша жан-жақты дәлелденген материалды ғылыми қолданысқа енгізу Орталық Қазақстанды КСРО территориясындағы ежелгі өндіріс және материалдық мәдениеттің даму орталығы ретінде көрсетті.

Беғазы некрополі, Бұғылы мавзолейі, Атасу қоныстары, көне темір өндірістерінің орындары, Сенгіру мен Дәндібай атты көне қабірлердің жерлену дәстүрлері, тастардағы қашалған суреттер Ә.Марғұланның тікелей басшылығымен мәлім болған ескеркіштер. Жалпы Орталық Қазақстанның көптеген ескерткіштерін жан-жақты зерттеген және оларға алғаш рет тарихи тұрғыда баға берген Әлкей Марғұлан болды.

300 астам ғылыми еңбектердің, сонымен қатар бірқатар монографиялардың, 100-ден аса энциклопедиялық мақалалардың авторы академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан ғылыми әлемде мақсатынан айнымайтын маман, жан-жақты, дарынды ғалым ретінде белгілі. Ғұлама ғалым археологтар мен тарихшылардың бірнеше буынын даярлап, одан көптеген шәкірттері тәлім-тәрбие, ғылыми сабақ алды.

Сонымен қатар біртуар ғалым қазақ халқының әдебиеті мен тарихын зерттеуге көп үлес қосты. Әлкей Марғұлан өмір бойы туған халқының рухани және материалдық мәдениетін танытуда ерен еңбек сіңірді. Бүкіл әлемге ата-бабамыздың рухани байлығын таныстыру мақсатында ғұмырының соңына дейін зерттеулерін тоқтатпады.

Қазақ даласының көне тарихы мен рухани мәдениетінің сырын ашқан, оны зерттеп барша әлемге танытқан талантты академик Әлкей Марғұлан біздің ұлттық мақтанышымыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстанның тарих ғылымы: Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 60-жылдығына арналады. – А., 2005. – 600 б.
  2. https://adebiportal.kz/kz/authors/view/1908

Даулбаева Айнұр – Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері