Қошанов Аманжол Қошанұлы – көрнекті экономист-ғалым

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Қошанұлы Қошанов биыл 85 жасқа толып отыр.
Аманжол Қошанов 1934 жылы 11 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Алқаағаш ауылында дүниеге келген. Орыс мектебінде білім алған бала жастайынан білімге құштар болды. Бұл тұста жер аударылып келген орыс интеллигенттерінің шәкірттеріне берген білімі ерекше екенін айта кету қажет.
Орта мектепті алтын белгімен бітірген жас бозбала М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында Аманжол Қошанов академиктер К.В.Островитянов, Е.И.Тарле мен Н.Г.Черепнин, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі А.И.Пашков, Я.А.Конрад, И.Г.Блюмин, С.К.Татур, М.Я.Полянский сияқты профессорлардан дәріс алып, білім нәрімен сусындады.
1959 жылдан бастап Қазақ КСР Ғылым академиясының Экономика институтында қызмет ете бастады. Болашақ ғалымның ғылым жолына түсіп, институтқа жұмысқа орналасуына жол сілтеген Е.А.Букетов болды. 1961 жылы Аманжол Қошанов аспирантураға түсіп, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ғ.Ш. Шолановтың жетекшілігімен «Қазақстанның ауыр өнеркәсібіндегі ұлғаймалы ұдайы өндіріс қарқыны және оның салалық құрылымын жетілдіру (1928-1965ж.ж.)» деген тақырыпта диссертация қорғайды.
Бұдан соң жас ғалымды көптеген жоғары оқу орындары жұмысқа шақыра бастады. Бірақ А.Қошановтың ғылым жолында тұрақтап қалуына сол кездегі Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті С.Бәйішев өте үлкен әсер етті. Осы жайт туралы Аманжол Қошановтың өзі естелегінде былай дейді: «…Кандидат болғаннан кейін бірер жыл өтті. Бір беделді жоғары оқу орны мені доценттік қызметке шақырды. Жалақының төмендігі, пәтердің тапшылығы – ол кездегі Алматыдағы жас отбасыларының көретін үйреншікті тірлігі. Келісімімді беріп, Сәкең алдына рұқсат сұрауға бардым. Ол кезде Академияның вице-президентінің бөлмесіне енудің өзі бір бақыт болатын. Сәкеңнің жауабы үзілді-кесілді: «Жоқ, босатпаймын, жұмысыңды істей бер» дегенге сайды. Бірер күннен кейін тағы бардым. Сәкең ашуға мінді. Жайшылықта ұстамды, мәдениетті қарым-қатынас иесі ашу шақырғанда қатулы екен: “Сен, Аманжол, неге келе бересің. Айтылды ғой, жібермеймін деп. Сен бұл жерде 5-6 жылда доктор боласың, ал ол жерде ұзақ жылдар доцент дәрежесінен аса алмайсың”. Салым суға кетті. Бірақ менің келешек тағдырымның Академиямен байланысты болуы, ғылымдағы еңбек жолым, өмірдегі жетістіктерім мен қиындықтарым осы бір шешуші мезетпен, Сәкеңнің: «Ешқайда ауыспайсың» деген кесімді шешіміне байланысты болды десем, артық кетпегенім болар…»
А.Қошанов өзіне артылған зор үмітті ақтап, 1979 жылы «Қазақстанның индустриялық дамуының заңдылықтары мен проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шықты. 1983 жылы КазКСР ҒА корреспондент-мүшесі, 1989 жылы ҚазКСР ҒА толық мүшесі болып сайланды. Аманжол Қошанұлының ғылымдағы жолы Экономика институтының кіші ғылыми қызметкерінен бастап институт директорына дейінгі қызметі оның ғылымға жан-тәнімен берілгендігін көрсетеді. Сонымен қоса, ол ҚР ҰҒА вице-президенті, Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар саласының академик-хатшысы, мелекеттік комиссиялардың мүшесі болған көрнекті экономист-ғалым.
Бар ғұмырын Қазақстан экономикасының өзекті проблемаларын зерттеуге арнаған Аманжол Қошанов еліміздің ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Академик Аманжол Қошанов 400-ден аса ғылыми жарияланымның, оның ішінде 36 монографиялық еңбектің авторы. Белгілі ғалым жоғары білікті экономика саласының мамандарын даярлау ісіне де ерекше ат салысып келеді. Оның жетекшілігімен бірқатар экономика ғылымдарының докторлары мен кандидаттары даярланды. Осындай тұғыры биік тұлға тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық дәрежеде танымал ғалым. Көптеген халықаралық ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда баяндама жасап, Англия, Жапония, Қытай, АҚШ-та ғылыми еңбектері жарық көрді. Сондай-ақ академик А.Қошановты ғылымдағы еңбегі үшін Халықаралық Кембридж өмірдерек орталығы (Англия) «ХХІ ғасырдың аса көрнекті зиягері» құрметті медалімен марапаттаса, Америка өмірдерек институты мен халықаралық зерттеулер орталығы (Нью-Йорк) халықаралық ынтымақтастықтағы ғалымның рөлі үшін «Жыл адамы.2004» құрметті атағын берді.
1995 жылы Аманжол Қошановқа ғылым мен қоғамдық қызметтегі орасан зор еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы берілді, 2004 жылы «Парасат» орденімен, «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Аманжол Қошанұлы Қошанов Қазақстан ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып, бойындағы бар күш-қуатын еліміздің экономика ғылымының өркендеуіне аянбай жұмсап келе жатқан жарқын тұлға.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қошанов Аманжол Қошанұлы: Библиографиялық көрсеткіш. – А.,2014. – 320 б.
2. Күрескер – ғалым, академик С.Ә.Бәйішевтің 100-жылдығына орай. – А., 2011. – 224 б.

Даулбаева Айнұр – ғылыми қызметкер