Экономика ғылымдарының майталманы – Әзімхан Сатыбалдин

 Сатыбалдин Әзімхан Әбілқайырұлы – ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі. 1959 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Бүгінде оның жарық дүние есігін ашқанына 60 жыл толмақ.
1981 жылы Қазақ ауыл шаруашылық институтын «ауыл шаруашылығы өндірісін экономист-ұйымдастырушы» мамандығы бойынша үздік бітірген.
Институттан кейін Талас ауданы агроөнеркәсіптік бірлестігінің экономисі, Майтөбе кеңшарының бас экономисі, 1984-85 жылдары Қазақ агроөнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының аспиранты атанып, 1986-93 жылдары Қазақ қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институты кіші ғылыми қызметкері ретінде жұмыс жасап, Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкерден институт директорының орынбасарлығына дейінгі өсу жолынан өтті.
1993 жылы «Нарық жағдайында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын ұйымдастыру-экономикалық қайта құру» тақырыбында диссертация қорғап, 1994 жылы экономика ғылымдарының профессоры ғылыми атағы берілді.
1994-95 жылдары Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының Бас ғылыми хатшысы, Шымкент ғылыми-өндірістік бірлестігінің Бас директоры, 1995 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің экономикалық саясат бөлімі бастығының бірінші орынбасары, 1996 жылы ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.
1996 жылы қыркүйегінен Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының негізінде құрылған Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығының Бас директоры, 1996-99 жылы ҚР Ғылым министрлігі – Ғылым академиясының вице-президенті қызметін қоса атқарды.
1996 жылы Қазақ ауыл шаруашылық академиясының академигі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының коррекция мүшесі болып сайланды. Орталық Азиямен Кавказ өңірінің сегіз мемлекетінің ауыл шаруашылық зерттеу форумына жетекшілік етеді, Дүниежүзілік ауыл шаруашылық зерттеу ұйымы Президиумының мүшесі.
1997 жылы Ресей ауыл шаруашылық ғылым академиясының академигі, 2001 жылы Моңғолия ауыл шаруашылық ғылым академиясының шетелдік мүшесі (академигі) болып сайланды.
2003 жылдан республикалық саяси «Отан» партиясы төрағасының орынбасары.
2005-2007 жылдары Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті түркі тілдес елдердің ықпалдастық байланыстарын зерттеу институтының директоры. 2007-2013 жылдары Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Департамент директоры, Тәртіптік кеңес Төрағасы.       2014 жылғы 4 мамырда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен «КазАгроИнновация» АҚ Басқармасының Төрағасы болып сайланған [1].
1988 жылы Қазақстан комсомолы сыйлығына, 1994 жылы Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына, 1999 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына, «Парасат», «Құрмет» ордендеріне ие болған.
Ғалым ретінде мақсатты бағдарламалар, гранттық жобалар, мемлекеттік тапсырыстар мен халықаралық жобалар шеңберінде орындалатын бірқатар іргелі және қолданбалы зерттеулер әзірлеуге ғылыми жетекші және жауапты орындаушы ретінде қатыса отырып, белсенді жұмыс істейді. 200-ден астам ғылыми еңбектердің авторы, біліктілігі жоғары 10 ғылым докторы мен 30 ғылым кандидатын даярлаған өзіндік ғылыми мектебі бар.
Сатыбалдин Әзімхан Әбілқайырұлы мемлекеттік басқару, ауылшаруашылығын дамыту проблемалары мен экономикалық қауіпсіздік, интеграция және т.б. мәселелерді зерттеу саласында атақты ғалым-экономист, беделді маман болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Әзімхан Әбілқайырұлы Сатыбалдин https://alashainasy.kz/…/azmhan-ablkayyirulyi-satyibaldin-…/

Қазақстан ғылымының тарихы мұражайының кіші ғылыми қызметкері Сагнадина А.Т.