Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел – тұрағым!

«Кез-келген халықтың кемеліне келіп,

өркендеп өсуі үшін ең әуелі азаттық,

одан кейін білім қажет»

(Ш. Уәлиханов)

Тәуелсіздік… Осы бір айтар ауызға жеңіл, бірақ салмағы қазақ елінің сан ғасырлық жеңісі мен жеңілісіне, қуанышы мен қайғысына, шаттығы мен өкінішіне куәгер аса бір қастерлі ұғым. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.

Адамзат тарихы бастау алған кезден бастап, жер бетін талай халық, небір ұлттар мен ұлыстар мекендеп келеді. Сол уақыттан бері жер бетінде көптеген мемлекеттер мен ұлттар өсіп, өніп, өркендеп, замана көшіне ілесе алмай біразы тарих беттерінен  жойылып та кетті… Қазір сол өркендеудің шыңына жеткен атлантидалықтар, карфагендіктер, берісі Орта Азияда алып империя құруды көздеген өзіміздің бабаларымыз қас дұшпан болып, текетіресте өткен жоңғар және т.б. Бүгінде солардың бірінің сайда саны, құмда ізі жоқ.

Ал тамырын сонау біздің заманымызға дейін өмір сүрген сақ, ғұн тайпаларынан бастау алатын еліміз талай рет тарих бетінен жойылып та кете жаздағанын тарихи деректер дәлелдейді. Қазақ халқының тарих сахнасында сан ғасырлық қуғын-сүргінді, шапқыншылық пен ашаршылықты, ең сорақы бодандықты бастан кешірсе де замана көшінде бір ұлттан ілгері, бір ұлттан кейін өмір сүруінің басты себебі, ол қандай жағдай болмаса да бір жаратушы мен ертеңгі күніне деген сенімділік болса керек-ті… Басқа түскен қиындықты, ертеңіне сеніммен қараған жандар ғана көтере алмақ. Олай болмаса, сол сәтте сағы сынып, қайраты мұқалып, төзімі таусылмақ… Осы жерде қазақ ұлтының тағы бір ерекшелігі ол қан тазалығында жатқан тектілігі болса керек. Өйткені, тарих сахнасында тамырын тереңнен алмаған ел өзін ұлт ретінде сақтай алған емес…

Тектілік деген, адам баласына атаның бел күші, ананың сүтімен берілетін дүние екен-ау. Атам қазақ: «Ана сүтімен дарымаған, тана сүтімен дарымайды» – деп бекер айтпаған болар, сірә… Тектіліктің түбін қусаң, қазақ елі тарих сахнасына шықпай тұрып, ежелгі қазақ жерін мекендеген сақ-массагет тайпаларына барып тірелесің. Сол сақтарды атақты Тұмар атты патшайым билеген дейді көне көз қариялар. Бірде сақтардың басына үлкен зауал түсіп, жерлеріне парсылар көз алартады. Парсы патшасы Дарий І-нің жер қайысқан қолмен келе жатқанын естіген бейбіт ел болашағын ойлап, дағдарысқа түскен екен. Сол кезде Шырақ атты қарапайым бақташы араларынан суырылып шығып, сын сағатында елінің алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып жауға қарсы айласымен бөліседі. Алайда, елі өзің қаза боласың дегеніне қарамастан, қарсы келген ажалды қаймықпай қарсы алып, атағынан ат үркетін Дарий І-нің әскерінің тоз-тозын шығарып шөл далада адастырып жібереді. Ақыры өзі де парсы патшасының қылышынан қаза тауып, ғазиз жаны туған ел топырағында мәңгілікке дамылдапты… Міне, елге деген сүйіспеншіліктің, патриоттықтың шырқау шыңы осы шығар. Өз жанын келер ұрпақтың жарқын болашағына ойланбастан айырбастады. Сол сонау сақ тайпасы заманынан бастау алатын тектілер эстафетасы бүгінге дейін қазақ даласында үзілмей жалғасын табуда, тіпті ең соңғы тектілердің сынығын өзіміз де көріп жүрміз емес пе?

Иә, сол тектілердің ұрпағы тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы кешегі Қайрат ағамыз, Ләззат, Сабира әпкелеріміз осы бүгінгі сіз бен біздің тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында өмір сүруіміздің тікелей себепкерлері. Міне, сол кезеңнен бастап, еліміз де етек-жеңін жинап, бойын тіктеп замана көшіне еріп келе жатқанына 27 жылдың жүзі болыпты. Кешегі Қазақ хандығының мирасқоры бүгінгі тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастық алдында өзін дамушы жас мемлекет ретінде танытып үлгерді. Осының барлығы жоғарыдағы Шоқан бабамыз айтқандай әуелі, тәуелсіздіктің, одан кейін сол егемен ел ұландарының білімінің жемісі.

Қазіргі ақпарат пен технологияның қарыштап дамыған заманында, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: еліміздің барлық саласына бәсекеге қабілетті, өз мамандығын жетік меңгерген, жан-жақты білімі бар жастардың ауадай қажет екендігі көзге ұрып тұр. Өйткені, жастар және олардың алып жатқан білімі, жинаған тәжірибесі, ол – еліміздің болашағына салынып жатқан инвестиция. Осы орайда, жастардың оқуына, білім алып жақсы азамат болып қалыптасуына мемлекет мүдделі, әрі болашағына үмітпен қарап отыр. Тарих сахнасында мәңгілік ел болып қалуымыздың бір тетігі, ол – білім алу, сол алған білімді тәжірибе жүзінде шыңдай отырып, халықтың игілігі үшін аянбай қызмет ету. Бірақ, бұл жерде бір ескеретін жайт, білімнің салихалы тәрбиенің негізінде алынуы. Оның бір дәлелін, данышпан әл-Фараби бабамыздың: «Адам баласына әуелі, білімнен бұрын тәрбие берілуі керек. Өйткені, тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы» – деген сөзінен байқаймыз. Иә, шындығында да, ғалымдардың бойындағы білім қаншалықты кемел болса да, тәрбиесінің жұтаңдығы сол білімін кейде жоққа шығарып жатады. Сондықтан, қазіргі жаһандану заманында азамат болып қалыптасу жолында әуелі, ұлттық тәрбиеге негізделген мықты бір білім қажет-ақ. Ал өз кезегінде, тәрбиелі, білімді азамат ол – мемлекеттің керегі, қызметкері болары хақ.

Мәңгілік ел болудың тағы бір маңызды тетігі, ол – қазақы ойлап, сол ойды қазақ тілінде жеткізе білу, яғни айта-айта жауыр болған баяғы – тіл мәселесі. Бұл да қазіргі заманда ақсап тұрған жағымыз бірі, егер іргесі берік, еңселі ел боламыз десек, бұны да ұмытпағанымыз жөн және бұл әр қазақтың, қала берді әрбір қазақстандықтың санасында болуы шарт. Өкінішке орай, Елбасымыз бастап: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» – деп талап қойып жатса да, әлі күнге дейін тіл мәселесі халықтық деңгейге көтеріле алмай келеді. Оны шешудің жалғыз-ақ жолы бар, ол – өзін қазақ санайтын әрбір азамат ел аумағында, мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекеттік тілде жауап беруді талап етуі тиіс, сонда ғана барып тіліміздің көсегесі көгереді.

Сөз соңында, тәуелсіздік бізге не берді? Мәңгілік ел болуы үшін біздер, яғни не жасаудамыз деген сұрақтар төңірегіне, аз кем тоқталсам. Тәуелсіздік бізге ой еркіндігін, сөз бостандығын, білім алып, алыс-жақын шетелдерден тәжірибеден өтіп, бәсекеге қабілетті маман етіп қалыптастырды. Біздер, жаңа ғасыр ұрпақтары жаңа, жасампаз ойда болып: «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не бере аламын?!» – деген өмір сүру керекпіз.

Мен өз елімнің гүлденуіне үлес қосуым үшін, әуелі өзім гүлденуім керек!

Қытай халқының ойшылы Конфуций былай деген екен: «Отбасы шағын мемлекет, ал мемлекет үлкен отбасы». Осы сөздің астарынан әр нәрсенің бастауы кішкентай құраушылардан тұратынын ұғынамыз. Әлемдегі кез келген қатты, алып заттардың өздері ұсақ атомдар мен молекуладан құралатынын, әрі сол атомдар арасындағы иондық байланыстардың мықтылығынан заттың беріктік қасиеті болатындығын біз физика курсынан білеміз.

Сол секілді, еліміз Қазақстанды алып қамал деп алсақ, сол алып ғимараттың беріктігі оны құраушы біз секілді ұсақ кірпіштерге байланысты екендігі даусыз. Осы орайда, сөзімді ұлтжанды азамат Бекболат Тілеухан ағамыздың:

Жанұя мықты болса — Әулет мықты,
Әулет мықты болса — Қауым мықты,
Қауым мықты болса — Ұлт мықты,

Ұлт мықты болса — Мемлекет мықты!–

деген сөзімен қорытындылағым келіп отыр. Сондықтан, тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз баянды болып, ел тізгінін ұстаған ағаларымыз аман болсын!

 

Жабықбай Жұлдыз