Сан қырлы ғалым – Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев

Белгілі экономист, қоғам және мемлекет қайраткері, Ұлы Отан соғысына қатысушы, ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, ҚазКСР ҒА вице-президенті, Экономика институтының директоры Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев 1909 жылы 1 қазанда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген.
1927 жылы Темірдегі жетіжылдық орыс-қазақ мектебін бітірген соң Қарсақбай қаласында жас пионерлер аудандық бюросының төрағасы болып қызмет етті. Одан кейін Арыс, Түркістан, Шымкент қалаларында жұмыс істеді. Осы қызметтерде жүрген тұста Сақтаған Бәйішев экономикалық зерттеулермен айналысып, Қазақстан экономикасының даму ерекшеліктерін анықтауға тырысты.
Журналистикаға деген қызығушылығы жас Сақтаған Бәйішевті «Лениншіл жас» республикалық газетіне алып келді. 1941 жылы мемлекет басына ауыр күн туған сәтте Сақтаған Бәйішев өз еркімен фронтқа аттанып, Отанына деген сүйіспеншілігін тағы да дәлелдеді. Кеңес Армиясы қатарында 100-ші атқыштар бригадасының комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының Саяси Басқармасы аппаратының жауапты қызметкері болды. Ол соғыстағы ерен ерлігі үшін 1-дәрежелі Отан орденімен және медальдармен мараппатталды.
Соғыстан соң С.Бәйішев ғылымға қайта оралып, тоғыз жыл бойы Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтының қазақстандық филиалының директоры болып қызмет атқарды. 1948 жылы кандидаттық дисертациясын абыроймен қорғап шықты. Осы институттың директоры болған тұста Сақтаған Бәйішев марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аудару және басып шығару ісінде үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарды. Оның бастамасымен арнайы аударма секторы құрылды.
1956 жылы Сақтаған Бәйішев академик және ҚазКСР Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланды. Осы уақыттан бастап оның бар ғұмыры республикамыздың академиялық ғылымының дамуымен тығыз байланысты болды.
Сақтаған Бәйішұлымен ұзақ жылдар бойы қызметтес болған академик Салық Зиманов өз естелігінде: «Академияда талай вице-президент болған, бірақ солардың ішінде ғылымдағы, адамгершілігі, азаматтығы, жауапкершілігі, іскерлігі жағынан оған тең келері жоқ дер едім. Канекең (Қаныш Сәтбаев) оны көргенде бір желпініп, мәз-майрам болып, «Сақа, Сақа!» дейтін. Әділеттілік тұрғысынан ол тазаның тазасы еді…» деп С.Бәйішевтің бойындағы асыл қасиеттері жөнінде ой қозғайды.
1961 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы беріліп, 1963 жылы саяси экономика профессоры, 1968 жылы Ғылым академиясының ең жоғары марапаты Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Сақтаған Бәйішев 300 астам ғылыми еңбектің, сонымен қатар 7 монографияның авторы. Сонымен бірге академик Сақтаған Бәйішев бүгінгі күнде өзектілігін жоғалтпаған бірқатар монографиялардың жауапты редакторы болды.
Сақтаған Бәйішұлы Бәйішевтің экономикалық ғылымның дамуы мен жас буын ғалымдарды дайындаудағы еңбегі орасан зор. Ғалым 12 жылдай ҚазКСР ҒА вице-президенті қызметінде және 5 жыл Экономика институтын басқарған тұста КСРО Ғылым академиясы жүйесіндегі қазақстандық қоғамтанушы ғалымдардың мәртебесін нығайтуға көп күш жұмсады. Осы жылдар Экономика институтының ғылыми потенциалының қарқынды өсуімен ерекшеленді.
Академик С.Бәйішев С.М.Киров атындағы ҚазМУ мен Алматы халық шаруашылығы институтында саяси экономика пәнінен дәріс оқып, жас экономистерді дайындау саласында көп еңбек етті. Экономист-ғалымдар мен тарихшылардың бір толқыны оның тікелей басшылығымен тәрбиеленіп, олардың 30-ы ғылым докторлары атанды.
Оның бойындағы жұмыс істеуге зор қабілеттілігі, мақсаттылығы, шиеленісті мәселелерді шешудегі табандылығы мен әділдігі кімді де болса тәнті ететін. Оған қоса ғалымның күнделікті өмірдегі қарапайымдылығы мен істеген ісіне барынша мұқияттылығы туралы да көптеген шәкірттері естеліктерінде айтып кетіпті. «Академик Бәйішевтен өмір сабағын алуыммен қатар, ол кісі менің докторлық диссертацияма ғылыми кеңесші бола тұра – оны жазу үстінде де бағыт беріп, қадағалап жетекшілік етті. Адамды көзіне мақтауға сараң болатын Сәкең. Бұл да атадан дарыған, күле-арбаудан аулақ, адамның азаматтық тұтастығын сақтауға бағытталған ұлы мирастың бірі ғой. Сәкең өзінің пікірін маржандай анық жазуымен қағазға түсіретін, редакциялық кемшіліктерді өз қолымен түзететін…» деп ҚР ҰҒА академигі А.Қошанов аяулы ұстазын еске алады.
Өз заманының адал перзенті Сақтаған Бәйішұлы Бәйішев Қазақстанның экономика ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Журналист-публицист, Отанын қорғаған ержүрек командир, экономист, аудармашы, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым бола білген, бойына осы қасиеттердің барлығын сыйдыра білген Сақтаған Бәйішевтің есімі ел есінде мәңгілік қалатыны сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Күрескер – ғалым, академик С.Ә.Бәйішевтің 100-жылдығына орай. – А., 2011. –224 б.
2. https://www.inform.kz/kz/bayishev-saktagan_a219898

Даулбаева Айнұр – ғылыми қызметкер