Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сыздықова Рабиға Ғалиқызы 1924 жылы 17 тамызда Ақтөбе облысы Ойыл ауданында дүниеге келген. Бүгінде оның туғанына 95 жыл толып отыр.
Р.Ғ. Сыздықова 1940 жылы Ақтөбедегі педагогикалық училищені, 1947 жылы Абай атындағы педагогикалық институтын (қазіргі ҚазҰПУ), ал 1951 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.
1940-1994 жылдар аралығында мектеп мұғалімі, педучилищеде оқытушы, «Мектеп» (қазіргі «Рауан)» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің және тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі лауазымдарын абыроймен атқарған. Ұстаздық қызметінде көптеген шәкірттерін дана жолға тәрбиелеп, биікке самғатқан. Ал 1994 жылдан бастап құрметті демалыста.
Рабиға Ғалиқызы өмірінің он төрт жылында шоқтығы биік, ұлы ақын Абай шығармаларының тілін зерттеуге ден қойған. 1972 жылы «Абай шығармаларының тілі» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғап, өзінің ғылым жолын қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтикалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV–XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арнаған [1].
Р.Ғ. Сыздықова 1979 жылы ҚазақКСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланған. Ол тіл білімі саласында қызмет еткен алғашқы қазақ әйелі болған. Ғалымның өзіндік басты ерекшелігі – тіл білімі мен әдебиет саласын бір-бірімен ұштастыра отырып зерттеуі.
Р.Сыздықова қазақ прозасы мен поэзиясындағы бұрынғы, кейінгі, орта буын, жас буын қаламгерлердің қай қайсысын да назардан тыс қалдырмай, жақсылықтарын көрсете білетін жан. Оның еңбектеріне таңданбау мүмкін емес. Ғылым жолында аянбай еңбек еткен Рабиға Ғалиқызының қоржыны жыл сайын бір еңбекке толығып отырған. Оның ғылыми еңбегінің орнын ешкім баса алмайды. Ғалымның негізгі еңбектеріне қысқаша тоқталатын болсақ, олар: 1.«Қазақ тілі методикасының негізгі мәселелері» (1954 ж.);
2. «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш» (1959 ж.);
3. «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі (соавтор, 1960 ж.);
4. «Абай шығармаларының тілі» (1968 ж.);
5. «Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы» (1971 ж.);
6. «Сөздер сөйлейді» (1980 ж.);
7. «Сөз сазы» (1983 ж.);
8. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1984 ж.);
9. «Жаңа сөздер мен тіркестер» (соавтар, 1984 ж.) және т.б.
Осы еңбектердің ішінде «Сөздер сөйлейді» атты туындының орны ерекше. Бұл еңбекте ақын-жыраулар тілінде кездесетін әртүрлі тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналары ашылып, олардың семантикалық өзгерістері талданған. Сол себепті де еңбекке сұраныс өте жоғары. Ғалым бұл еңбекті жазу үшін аянбай еңбек еткен.
Р.Сәттіғалиқызының «Тілдік норма және оның қалыптасуы» (2001) атты монографиясы-норма мәселесі теориялық тұрғыдан сөз болатын күрделі еңбектер қатарына жатады. Ғалымның қазақ орфографиясына қосқан үлесі де мол. Ол қазақ тілінің орфографиялық сөздігін түзісуге 1960 жылдан бері үзбей қалам тартып келеді. Оның тікелей басшылығымен қазақ орфографиясындағы негізгі ережелердің жаңа нұсқасы жасалды. Р.Сыздықова қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерін баспасөзде үзбей жазып, теледидар,радиодан үздіксіз насихаттап келе жатқан сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғамдық мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты мәселенің бәрінде өз үнін,өз пікірін ашық та анық айтып отыратын тіл сыншысы [2].
Рабиға Ғалиқызы ғылымға «ауызша әдеби тіл»деген жаңа ұғым мен тың терминді ендіріп, мүлдем жаңа бағыт ұсынды. Ол – түркітану іліміне де өзіндік жолы бар зерттеуші. Бұл ретте оның «Язык Жами, ат-тауарих Жалаири» (1989) деген монографиясын ерекше атауға болады.
Қазақ тіл білімінің 1950 жылдардан бергі жарты ғасырдан астам тарихында Р.Сыздықова зерттемеген саласын табу қиын.
Р.Сыздықова қазақ тіл біліміне осындай көп еңбек сіңірді. Бірнеше аспиранттар диссертацияларына ғылыми жетекшілік жасады, көптеген диссертацияларға оппонент болды. Осы өнімді, жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген грамоталармен мадақталды. Профессор Р.Сыздықова еңбектері үкімет тарапынан да әлденеше рет жоғары бағаланды.
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» монографиясы үшін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы (1995), Абайдың шығармалық мұрасын зерттеген еңбектер топтамасы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын (1996) алған. «Парасат» (2004) ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған [1].
Тіл жанашыры Рабиға Ғалиқызы еліміздегі латын әрпіне көшу үрдісінде назардан тыс қалдырмаған және бұл үрдісті қолдайтындығын айтқан. Сондай-ақ ана тілін ерекше қолдап, өскелең ұрпақтың санасына ең алдымен ана тілі қазақ тілін ендіру қажет екендігін үнемі айтуда. Осындай ел жанашыры, ұлы ғұлама ғалымдар бар кезде еліміз тек өркендеп, көркейе түспек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық. Электрондық қор:https://kk.wikipedia.org/wiki/
2. Рәбиға Сыздықова. Электрондық қор: https://adebiportal.kz/kz/authors/view/2265

Қазақстан ғылымының тарихы мұражайының кіші ғылыми қызметкері Сагнадина А.Т.