2019 жылы 4 ақпанда ҚР ҒА академигі, полимерлер химиясы саласының ірі ғалымы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты және ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, химия ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Жұбановтың туғанына 90 жыл толып отыр.
Болат Ахметұлы Жұбанов 1929 жылы 4 ақпанда Ақтөбе облысы, Темір ауданындағы № 9 ауылында дүниеге келген. Ол жанұясында екінші бала болған. Үлкен әпкесі 1927 жылы дүниеге келген Ғазиза Ахметқызы Жұбанова кейіннен әлемге әйгілі композитор болды. Ал кіші інісі Қайыр Ахметұлы Жұбанов 1952 жылы Москва мұнай институтына оқуға түсіп, Химия, органикалық катализ және электрохимия институттарында, ҚазМУ-де қызмет істеді.
Білімге құмар, ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан осындай тұлғалар көрнекті ғалым, әйгілі сазгер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың отбасында дүниеге келген.
Болат Жұбанов Алматыдағы № 25 орта мектепті тәмамдағаннан кейін 1947 жылы Д.И.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтының (МХТИ) № 138 арнайы факультетінің студенті болды. Оқуды аяқтағаннан кейін аспирантураға түсуге ұсыныс жасалды. 1952-1955 жылдары болашақ ғалымның қалыптасуына академиктер В.В.Коршак, Н.М.Жаворонков, профессор Г.С.Колесников, Ю.А.Стрепихеев және т.б. ерекше ықпал етіп, біліммен байытты. В.В.Коршак кандидаттық жұмыстың тақырыбы ретінде сол жылдары мүлде зерттелмеген жоғары молекулалық қосылыстардың фосфорлы полимерлерді таңдауды ұсынды. 1955 жылы Б.А.Жұбанов кандидаттық, 1966 жылы докторлық дисертациясын қорғады.
1956 жылдан бастап Болат Жұбанов ҚазКСР ҒА-ның Химия ғылымдары институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істей бастады. Осы жылдары белгілі ғалымдар, ҚазКСР Ғылым академиясының ұйымдастырушыларымен тұспа-тұс қызмет етіп, араласып жүрген.
1968 жылы ол полимерлер синтезі лабораториясының меңгерушісі болып тағайындалды. 20 жыл бойы, яғни 1968 жылдан 1988 жылдар аралығында Б.Жұбанов Химия институтының директоры және химия-технология ғылымдары бөлімінің академик-хатшысы, 1972-1994 жж. Қазақстан ҒА Президиум мүшесі бола отырып, Ғылым академиясының президенттері – академиктері Ш.Е.Есенов, А.М.Қонаев, М.А.Айтқожин, Ө.М.Сұлтанғазин тарапынан қолдау көріп жүргенін ғалым өзінің естелігінде айтып өткен.
Б.Жұбанов институтқа жетекшілік еткен тұста институттың ғылыми және техникалық потенциалы арта түсті, бұл әрине мемлекетімізде химиялық өндірістің қарқынды дамуына да байланысты еді. Институтта қызметкерлер саны ұлғайып, жаңа лабораториялар ашылды.
Химия ғылымдары институты Болат Ахметұлы Жұбановтың директор болған тұсында химияны дамытудағы және ғылыми нәтижелерді тәжірибеге енгізудегі жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Болат Жұбанов Қазақстанда полимерлік ғылымның негізін салушы болып табылады. Ғалым полимерлер химиясы мен технологиясы саласы бойынша кадрларды даярлау ісіне ерекше үлес қосты. Ғылым ұйымдастырушысы ретіндегі ерекше талантының, сарқылмас күш-қуатының арқасында Болат Ахметұлы Қазақстанда жоғары молекулярлық қосылыстар химиясы саласындағы фундаменталді зерттеулерімен халықаралық дәрежеде танылған ғылыми мектеп ұйымдастыра білді.
1984 жылы ҚазКСР ҒА академигі Б.А.Жұбанов және химиялық ғылымдар докторы, профессор К.М.Гибов, А.В.Красников, Э.К.Кондрашов, С.К.Қасымбековке халықшаруашылығына қажетті отқа төзімді полимерлі материалдарды ойлап тапқаны үшін ғылым және техника саласында ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1968-1988 жж. Институт қызметкерлері 47 монография, 32 ғылыми мақалалар жинағын жариялап, 31 докторлық және 200-ден аса кандидаттық диссертация қорғады.
Болат Ахметовтың басшылығымен өткізілген ғылыми зерттеулердің ішінде ең маңыздысы – медициналық-биологиялық бағыттағы полимерлер. Бұл соңғы 15-20 жыл ішінде ғылымдардың тоғысында (полимерлер химиясы, медицина, биология, биотехнологияның және т.б.) пайда болып, әлемнің әйгілі полимерлік мектептерінің қызығушылығын туғызған зерттеу болды.
Ғалымның онкологиялық аурулар химиотерапиясы бойынша жаңа препараттарды жасауға бағытталған зерттеулері де ерекше орын алады.
Сонымен қатар, Болат Жұбанов ауыр індет аталған туберкулезді емдейтін ұзақ әсері бар препараттарды алу мақсатында зерттеулер жүргізді. Жасап шығарылған жаңа полимерлік препараттар туберкулезге қарсы жоғары белсенділік әрі ұзақ әсер көрсетті. Болат Жұбанов тәлімгерлерімен бірге гипотензиялық дәрі-дәрмектер, глаукома, катарактаны емдейтін көзге арналған тамшылар, суспензиялар әзірледі.
Академик Б.Жұбановтың бастамасымен полимерлер химиясының әр түрлі саласы бойынша өткен зерттеулердің нәтижесінде 11 монография жарыққа шықты. Ғалым қызметкерлерімен бірге 900-ден аса ғылыми мақала жариялады, 160 КСРО авторлық куәлігіне, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының патенттеріне ие болды. Ол Англия, Испания, Франция, Германия, Италия, Венгрия, Жапония, Финляндияда және т.б. шет мемлекеттерде өткен халықаралық ғылыми форумдарда полимерлік химияның өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасаған. Қазіргі заман полимерлік химиясының әр түрлі мәселелеріне қатысты көптеген симпозиумдар мен конференциялар Б.Жұбановтың жетекшілігімен өтті.
Болат Ахметұлы химия және полимерлер технологиясы саласында жоғары білікті мамандар даярлауға үлкен үлес қосты, оның ішінде 19 докторлық және 100 кандидаттық диссертация қорғалды.
Академиктің ғылыми, ұйымдастырушылық, педагогикалық және қоғамдық қызметі жоғары бағаланды. Ғылымды дамытудағы жеткен жетістіктері үшін Болат Ахметұлы Жұбанов Қазан Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдарымен марапатталып, ҚР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жаңа биоүйлесімді полимерлер саласындағы Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты атақтарын иеленді.
Дарынды ұйымдастырушы, ірі ғалым Болат Жұбанов өзімен бірге еңбек еткендерді шынайы интеллигенттілігі әрі жоғары мәдениеттілігімен, кең ой-өрісі және терең білімімен, адамдарға деген мейірімді әрі талапшыл қатынасымен, адамгершілігімен баурап алатын.
Барлық ынта-жігерін, күш-қуатын ғылыми жұмысқа арнаған ғалымның мемлекетіміздің химия саласын дамытудағы орны орасан зор.

 

Научный сотрудник музея истории казахстанской науки Даулбаева А.К.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Вестник КазГУ. Серия химическая. № 12 (4). – Алматы, 1998. – 140 с.
2. Материалы к биобиблиографии ученых Казахстана. Булат Ахметовия Жубанов. – Алматы, 1999. – 215 с.
3. Ордена Трудового Красного Знамени Институту химических наук им.А.Б.Бектурова 60 лет – истоки, этапы развития и достижения. – Алматы, 2005. – 335 с.