15 қаңтар күні Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында болып, Кәсіпорынның Орталық ғылыми кітапханасы, ғылыми мұрағаты және музелерінің жұмысымен танысты. Министр мәдениет ошақтарымен танысу барысында, сонау ғасырлар қойнауынан сақталып келе жатқан, тарихы терең Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры, мұрағат және музей қорларының сақталу барысы, олардың бүгінгі таңда сандық қалыпқа түсірілу жұмыстарымен және зерттеліп, ғылыми айналымға енгізілу сияқты іс шаралардың барысымен кеңінен танысты. Кездесу барысында көптен бері қордаланып, шешуін таппай келе жатқан бірқатар мәселелер ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен жан-жақты қарастырылып, тарихымыз бен мәдениетіміз үшін аса құнды болып табылатын сирек кітаптар мен қолжазбаларды жылдамдатып сандық форматқа ауыстыру үшін қосымша арнайы өндірістік жылдам сканерлер алуға, тозығы жеткен құнды кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіру үшін реставрация жасайтын лаборатория ашуға, жалпы кітапхана, мұрағат және музей қорларының сақталуы үшін температуралық, ылғалдылық, өрт қауіпсіздігі және жәдігерлердің сақталуын қамтамасыз ету сияқты кешенді мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, осы жұмыстарды іске асыру барысында Министрлік тарапынан қолдау көрсететілетіндігін мәлімдеді.