Қазақ тарихы ғылымындағы биік тұлға

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ұлтымыздың тарих беттерін қайта жаңғыртқан, тереңірек зерттеген, жаңаша деректерімен, тың көзқарасымен танылған көрнекті ғалым Манаш Қабашұлы туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Тарих ғылымының асқар шыңына айналған ғалымның мұрасы бүгінде өмірін тарих саласына арнаған әрбір жан үшін шамшырақ іспетті.
Манаш Қабашұлы қазақ тарихындағы қасіретті жылдардың бірі 1931 жылы 16 қарашада Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Тазкөл (Айдынкөл) ауылында, Қозыбай әулетінде дүниеге келген. Ахметқазы Шотаевтан, Алматы рабфагын бітірген ерлі-зайыпты Мұхаметқали Қазыбаев пен Нағима Ахметқызынан тәлім алғаннан кейін Манаш Қозыбаев, Меңдіқара ауданындағы педучилищеге оқуға түскен. Тарихи ғылымына бет бұруы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетінен бастау алады. Орыс бөлімінде білім алып, Әлкей Марғұлан, Ақай Нүсіпбеков, Сақтаған Бәйішев сияқты ғалым-ұстаздардан ілім үйренеді. Университеттің бірінші курсында жазған ғылыми жұмыстары ұстаздарының тарапынан оң бағаға ие болады, төртінші курста жазған ғылыми еңбегі үшін қалалық конкурстың жеңімпазы атанған 1, 10 б..
Оқуды тәмамдағаннан кейін, Қостанай оқытушылар институтында аға оқытушы болып қызмет атқара жүріп, туған өлке тарихын зерттеуге ден қояды. «Қостанай» этнонимінің шығу тегінен бастап, қаланың салынуы, ақпан, қазақ төңкерісі, шаруалардың көтерілісі сынды тарихи тақырыптар төңірегінде зерттеулер жүргізіп, Ыбырай Алтынсарин есімін Тобыл жағасындағы аудандардың біріне беру мәселесін көтерген. Ұлттық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамдарын жасаған жас ғалымның есімі сол кезден-ақ алыс-жақын аймақтарға таныла бастайды. Кейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы партия тарихы институтында директор қызметін атқарған ұстазы Серікбай Бейсембайұлының шақыртуымен тарих секторында аға ғылыми қызметкер болып орналасады. Осы қызмет кезеңінде, 1962 жылы «Қазақстан Компартиясының Ұлы Отан соғысы кезінде өнеркәсіп пен транспортқа басышылық жасаудағы тәжірибесі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1964 жылы осы тақырып аясында алғашқы көлемді монографиясын жарыққа шығарады 2, 8 б.. Монография ғалымды республика көлемінде танымал етті, көптеген халықаралық конференцияларға қатысты, халықаралық конгрессте баяндамалар оқыды. 1969 жылы Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясы көптеген ғалымдардың көңілінен шыққан болатын.
Алайда, ғалымның ғылыми жолында түрлі тосқауылдардың да болғаны жасырын емес. 1973 жылы Зоя Александровна Голиковамен бірге жазған «Золотой фонд партии» еңбегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұйырығымен айыпталып, отқа жағылды. Себебі – ғалымның ақиқат жолын ұстанып, сол кезеңдегі Қазақстандағы кадрларды даярлау, өсіру, қызметке тағайындау сынды проблемаларды ашық көрсетуі еді 3, 15 б.. Бұл өз кезегінде Манаш Қабашұлының тарих ғылымы саласындағы зерттеулерінің ғылыми аясын тарылтса да, ұлт тарихының жаңа деректерін ашуға кедергі бола алмады.
1979 жылы 48 жасында Ұлттық Ғылым академиясында мүше-корреспондент болып сайланған Манаш Қозыбаев 10 жылдан соң академик дәрежесіне қол жеткізеді. Осы он жылдағы төгілген тердің нәтижесінде Қазақ КСР жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атақтары берілген.
Қазақтың тұңғыш энциклопедиясының негізін қалаған Мұхаметжан Қаратаевтан кейін Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакторы болып 1980-1986 жылдары Манаш Қозыбаев қызмет атқарды. Екі тілді де жетік меңгерген, жоғары білімді, ерекше еңбекқор Манаш Қабашұлы энциклопедиялық білімін шыңдауда бұл қызмет тек оң пайда бергені сөзсіз.
Тарих ғылымының докторы, профессор, академик Манаш Қозыбаевтың ғылыми қызметінің жаңа кезеңі Тарих институтының құрамына енген шақ болатын. 1986 Қазақстанның тарихнамасы бөлімінің меңгерушісі болып, 2 жылдан соң институт директоры қызметіне көтерілді. Сол шақта тарихшы-ғалым Ресей академиясының тарих институтымен бірігіп, Орта Азия мен Қазақстанда күштеп ұжымдастыру саясатын зерттеуді қолға алады. Осы зерттеу негізінде тұңғыш рет Кеңес елінің тарихында Кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру кезіндегі саясаты этноцид деп бағаланған болатын 1, 49 б.. Манаш Қозыбаевтың осы кезеңдегі атқарған елеулі еңбегі қуғын-сүргінге ұшыраған млн-нан астам халықтардың ақталуына өз үлесін тигізді.
Егемендігімізді жарияланып, тәуелсіз ел болғаннан кейін өткенді қайта жаңғырту, тарихты қайта жазу үлкен жауапкершілікті іс болды. Осындай істің басы-қасында жүріп, тарихи сананы қайта қалыптастыру жолында терең зерттеулерін жүргізді. Негізгі бағыты Қазақстан тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеу, жаңа деректермен толықтыру, тарихтың «ақтаңдақ беттерін» ашу, ұлт тарихы мен мәдениетіндегі ұлы тұлғалалардың есімдерін қайта қалпына келтіру болды. Аталған мәселелер негізінде ғалымның «История и современность», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Жауды шаптым ту байлап», «Тарих зердесі» сынды монографиялары жарыққа шықты. Ғалымның жазу стиліндегі көпшілігі ерекше атап өтетін публицистикалық стильді ұтымды қолдана отырып жазған бұл еңбектер тарихи шындыққа, ғылыми ақпараттарға негізделген, ұлт тарихының өткір проблемаларын қозғаған болатын. Тәуелсіздіктің қасиетін терең түсінген Манаш Қабашұлы пікірінше: «Тәуелсіздікпен мақтану аз, оны жақтау жеткіліксіз, оны көздің қарашығындай сақтау парыз. Ел мүддесін, халық мүддесін қорғап, оны ақтау қарыз» 4.
Манаш Қозыбаевтың егемен күнде жазған еңбектері 1955-1985 жылдардағы зерттеулерінен мазмұны мен тақырыптық аясы жағынан үлкен ерекшелікке ие. Егер, тәуелсіздік жылдарына дейін қазақ жерін кеңестік биліктің шеңберінде зерттесе, тәуелсіздігіміз жарияланған жылдан бастап қазақ өркениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін, сондай-ақ Ресейдің отарына айналу процесін, алғышарттары мен салдарын жан-жақты қарастырған 1, 55 б.. Бүгінгі күнде отан тарихы мен тарихнамасын зерттеушілер бірауыздан академик М.К. Қозыбаев тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымының көшбасшысы болғанын мойындайды. Оның ғылымға, мемлекет құрылысына қосқан үлесін Елбасы, Үкімет, жалпы Қазақстан жұртшылығы жоғары бағалаған. Осындай еңбектері негізінде Манаш Қабашұлы Президенттің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты атанған болатын.
Манаш Қозыбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «ұлттық өнерді, білімді, ғылымды «нарық» деп жүріп құртып алмай, әлемдік дүниетанымда Қазақстан ғылымының өз деңгейінде даму қажеттілігін әрдайым еске сақтаған тұлға еді. Сонымен қатар, еліміздегі тарих ғылымының даму барысын үнемі бақылап, бағыт-бағдар беріп те отырған.
Бүгінде қазақ халқы академик Манаш Қозыбаев есімін үлкен құрметпен еске алады. Оның тарих ғылымына, оның ішінде қазақ халқының сан ғасырлық тарихына сіңірген еңбегі қазіргі күні баға жетпес мұрамыз. Ұлтымыздың тарихи санасын қайта жаңғыртқан тарихшы, қоғам қайраткері Манаш Қозыбаев 2002 жылы, 70 жасында дүниеден озған еді. Алайда, оның есімі тарих беттерінде мәңгі қалмақ. Оның бір дәлелі, Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қорында сақталған Манаш Қозыбаевтың еңбектері мен жеке фотосуреттері. Музей өзінің ғылыми-зерттеу қызметі негізінде тарих ғылымындағы асқар тауға айналған академиктің артынан қалдырған мол мұрасын сақтаумен, жан-жақты зерттеумен айналысады. Осылайша, бүгінгі буынның ендігі мақсаты – Отан тарихын қайта жаңғыртқан тұлғаның есімін қоғам ішінде жандандыру, өз деңгейінде насихаттау болып табылады.

Пайдаланған әдебиеттер:
1. Академик Манаш Қозыбаев. Мерейтойлық жинақ. – Алматы: Атамұра, 2001. – 240 б.
2. Манаш Қабашұлы Қозыбаев: Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясына материалдар / Құраст. С.Ә. Смағұлова, Л.Д. Әбенова. – Алматы, 2001. – 160 б.
3. Жұлдызы жанған ғұлама. Академик Манаш Қозыбаев туралы естелік кітап. – Алматы: Атамұра, 2003. – 288 б.
4. М.Қозыбаев. Киелі тәуелсіздік / Құраст. І.Қозыбаев. – Алматы: Баспалар үйі, 2009. – 448 б.

«Ғылым ордасы» РМК
Қазақстан ғылымының тарихы
музейінің ғылыми қызметкері
Райымбек А.А.