Отандық химия саласын дамытушылардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі – Еділ Ерғожаұлы Ерғожин. «Ғылым маршаллы» атанып кеткен Еділ Ерғожаұлының химияға деген қызығушылығы мектеп жасынан оянған еді. Бұл жайында академиктің өзі: «8 класқа келгенде біздің өзіміздің аталас туысымыз Бекболсын Нұрқатов деген ағай, ауыл шаруашылығы институтының химия-агрономия факультетін бітіріп, біздің ауылға келіп мұғалім болды. Сондағы ол кісінің бір жасаған жақсылығы, біздің бəрімізді Текелідегі қорғасын, мырыш шығаратын кен байыту комбинаты бар ғой, соған апарып, сол зауыттың бас инженерімен бірге рудниктен бастап, оны қалай байытатынын, зауыттың ішін, оның процесін тақтаға сызып тұрып көрсетіп, сол жерде түсіндіріп, айтатын… Сөндірілмеген известі біздің туған ауылдан, Екпіндінің түбіндегі, əлі күнге дейін алады. Сол известі сөндірмей сол жерге қант заводына апарып, сөндіреді. Қызылшадан шыққан шырын бар ғой, оның ішінде бояғыш заттар көп, сап-сары болады, соған известі қосады. Қосқанда ішіндегі заттар бөлініп, известпен бірге шығып кетеді. Сосын қант таптаза кристалл түрінде қалады. Осыны біз көзімізбен көрдік. Сонда сөндірілмеген известь сөнеді, сөнгенде пайда болатын СаОН2 деген зат қызылшаның шырынындағы бояғыш заттар, органикалық заттарды комплекске түздіріп өзімен бірге алып кетеді де, қант бір бөлек қалады. Бізге, міне, тап-таза кристалл қалады деп көрсетті. Ал, енді, мұны прогрессивті жолға қою, жаңарту – химияның, болашақтың ісі. Сосын жаңағы известь шығаратын жерге барғанда, известі қалай сөндіреді, ол не процесс? Соны көргенде, мен ойладым «баратын оқу, оқитын оқу осы екен ғой» деп. 8 кластан бастап химия оқытыла бастайды ғой, химияны жаным сүйіп, бар ынтаммен оқыдым» — деп еске алады [1].
Бала арманын жүзеге асыру мақсатында 17 жасар Еділ С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универститетінің химия факультетіне оқуға түседі. Жас студенттің білімге деген ынтасы, ғылыммен айналысуға деген ұмтылысы факультет деканы, профессор Б.А. Беремжановтың назарына ілігеді. Осылайша, Еділ Ерғожин Қазақ КСР ҒА Химия ғылымдары институтының директорымен танысып, ғылыми жұмыстарды жүзеге асырумен айналысады. Сол кездің өзінде жас ғалым аймақтық және одақішілік ғылыми конференцияларда баяндамалар оқып, алғашқы ғылыми мақалаларын жариялай бастайды.
Жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзі қызмет етіп жүрген Қазақ КСР ҒА Химия ғылымдарының институтына аспирантураға түседі. Осылайша небәрі 24 жасында кандидаттық диссертациясын қорғаса, 33 жасынла Еділ Ерғожин химия ғылымдарының докторы дәрежесіне қол жеткізеді.
Еділ Ерғожаұлының химия саласындағы басты еңбегі химиядағы мембраналардың ион алмасуы мен электромембраналық технологиялармен байланысты болды. Зерттеу нәтижесінде алынған ион алмастыратын мембраналар негізінде өнеркәсіптік электродиализдік тұщыландыру қондырғылары мен станциялары жасалып, Алматы электромеханикалық зауыт өндірісіне енгізілді. Бұл жетістіктері үшін химик ғылым және техника саласы бойынша «Қазақ КСР Мемлекеттік премиясына» ие болды [2, 23 б.].
Еділ Ерғожин ҚазақКСР ҒА корреспондент мүшесі, академигі, Химия ғылымы институтының директоры қызметтерін атқарды.
Ғалымның химия саласының теориясы мен практикасына қосқан үлесі отандық ғалымдар арасында ғана емес, шет елдерде де мойындалған. Еділ Ерғожаұлы көптеген елдер мен жоғарғы оқу орындарында баяндама, дәрістер оқыған. Жалпы алғанда 2001 жылдан бастап шетелдік 55 әртүрлі симпозиум, конференция, съездерге қатысқан [3, 21-29 б.].
Еділ Ерғожин жоғарғы молекуляр қосылыстар мен ион алмасу химиясы саласында қызмет ететін, аты әлемге әйгілі болған қазақстандық химиктердің ғылыми мектебінің негізін қалады. Еділ Ерғожаұлының шәкірттерінің арасында химия ғылымдарының 13 докторы мен 80 кандидаты бар. Химик 20 монография, 5 оқу құралы, 1250-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Мақалалардың 300-і халықаралық журналдарда жарық көрген. Сонымен қатар, 300-ден астам авторлық құқық пен патентке ие  [4, 134 б.].
Академиктің аталған зерттеулерге сүйене отырып жазған «Высокопроницаемые иониты», «Полуфунециональные ионообменники», «Ионообменные и полупроницаемые мембраны» сияқты еңбектері қазіргі уақытта да қолданыста. Жоғарғы оқу орнында қызмет еткен жылдары Еділ Ерғожаұлы «Жоғарғы молекулалық қосылыстар» атты ғылыми оқулықты ана тілімізде жазып, шығарған болатын. Химия саласының жас мамандары Еділ Ерғожаұлының «Жоғары молекулалық қосылыстар» менн «ионалмастырғыш полимерлер» атты қазақ тіліндегі оқулықтарын бүгінгі күні кеңінен пайдаланады.
«Химический журнал Казахстана» ғылыми журналының алғаш негізін қалап, бас редакторы болған да Еділ Ерғожаұлы болатын. Бұл туралы химик өзінің «Ғылымғұмыр» сұхбатында: «Республикамызда іргелі және қолдаңбалы химия саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін әлем елдеріне уақтылы жеткізіп отыру маңызы зор істің бірі. Соңғы жылдары ғылыми мақалаларды қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде жазып тарату үшін халықаралық талаптарға сай келетін ғылыми-ақпараттық басылымның қажеттілігі туындады» — деп баяндайды [5, 178 б.]. Аталған журнал қазіргі уақытта да басылып шығарылуда және онда химия ғылымдарының жетістіктері мен жаңалықтары жарияланады. Жарияланған материалдар дүние жүзіне таралып, оқырмандары жылдан-жылға көбеюде.
Сонымен қатар, Еділ Ерғожин тек қана химия саласының майталманы болып қана қоймай, қоғамдық қызметтерді де қатар алып жүрді. Тау тұлғамыз депутат және ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесінің ғылым және техника бойынша тұрақты комиссияның төрағасы, жоғарғы оқу орнының проректоры, ректоры, Білім және ғылым вице-министрі сияқты жауапты қызметтерді де атқарды. Еліміздің химия саласын дамытуға қосқан үлесі үшін алған марапаттары саны да аз емес. Тіпті, шет ел ғалымдары да Еділ Ерғожаұлының дарындылығын, өз саласының маманы екенін мойындаған. Бұны академик ғалымның С.И. Вавилов атындағы медальмен, әл-Хорезми VIII Халықаралық ғылым фестивалінің алтын медалі және дипломымен, Франциядағы Өнеркәсіпті ілгерілету қауымдастығының алтын медалімен, Ресей академиясының «Ғылым саласы мен ғылыми серіктестікке қосқан үлесі үшін» алтын медалімен, Францияның ғылым Маршалы құрметті атағы мен Өнеркәсіпті ілгерілету қауымдастығының Наполеон медалімен мараптталуы және АҚШ-тың Нью-Йорк ғылым академиясының академигі атануы дәлелдейді.
Биыл Еділ Ерғожаұлы 80 жылдық мерейтойын атап өтер еді… Өкінішке орай, аса дарынды тұлға 2020 жылдың шілде айының 9-жұлдызында 79 жасында өмірден озды. Бұл күллі отандық ғылым саласы үшін ауыр соққы болды.
Еділ Ерғожинның ғылыми жаңалықтары қазіргі уақытта әлемдік химия ғылымында алдыңғы қатарлардан орын алған. ҚР ҒА академигі ойлап тапқан мембраналық технологиялар сумен қамту мәселесі бар аймақтарда кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, жоғары айтылған ион алмасу және мембраналы технология химиясының негізін қалаушы ретінде ғалым селективті сорбенттерді синтездеу бойынша жаңа ғылыми бағыт ойлап тапты.
Бүгінгі күні Еділ Ерғожиннің мұрасымен Қазақстан ғылымының тарихы музейінде таныса аласызда. Музейіміздің қорында химиктің жазған еңбектері: «Сагид Рауфович Рафиков – выдающийся ученый, организатор науки», «ИХН им. А.Б.Бектурова» Композиционные полимеры многофункционального назначения на основе термоэластопластов», «Органоминеральные сорбенты и полифункциональные системы на основе природного алюмосиликатного и угольно-минерального сырья», «Квантово-химические аспекты синтеза амино- и пиридинсодержащих ионитов на основе эпоксидных соединений», «Полиэлектролиты и комплексоны», «Окислительно-восстановительные гомо- и сополимеры на основе винилового эфира моноэтаноламина и аллиламина», «Ордена Трудового Красного Знамени Институт химических наук им. А.Б.Бектурова – истоки, этапы развития и достижения. 60 лет» Е.Ерғожин редакциядвқ еткен «Химический журнал Казахстана. Специальный выпуск» журналы, «Полимерлердің физикасы мен химиясы» оқулығы, Еділ Ерғожаұлы басқарған Химия ғылымы институты қызметкерлерінің фотосуреттері сақталған.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп дана халқымыз айтқандай, Еділ Ерғожиннің ғылыми еңбектері, отандық химия саласына сіңірген еңбектері ешқашан да ұмытылмайды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  • Менің ғылымдағы өмірім. Ғалымдармен 21 сұхбат / Мәмбет Қойгелдиев, Б.О. Жангуттин, Ш.Б Тілеубаев, З.Б. Мырзатаева, М.Ш. Қалыбекова, Л.А. Бисембаева, С.Г. Белоус, Ə. Болатхан / Мен ызғарлы көктемнің перзенті едім
  • Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академисының академигі Е.Е. Ерғожин 70 жаста. Құттықтаулар. – Алматы, 2011. – 161 б.
  • Биболов С. Жизнь, посвященаая науке // Огни Алатау, №127(16487) – 12 ноября 2011 г.
  • Ергожин Едил Ергожаевич: Материалы к библиографии академика НАН РК, доктора химических наук, профессора. Бас ред. – Б.А. Жұбанов. – Алматы, 2011. – 343 с.
  • Жанділдин Ж. Ғылымғұмыр: роман-диалог. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2011. Т.2. – 296 б.
  • «Ғылым ордасы» РМК
    Қазақстан ғылымы тарихы музейінің
    ғылыми қызметкері
    Смагулова Жанар